Қазақ әдебиеті тағы бір қабырғалы қаламгерінен айырылды. 10 желтоқсан күні 75 жасқа қараған шағында ұлт әдебиетінің белді өкілдерінің бірі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Сәкен ИМАНАСОВ ауыр науқастан көз жұмды.
Ел басына күн туған аласапыран уақытта дүниеге келіп, бойындағы Алла берген талантын еңбекпен ұштастыра білген ақын, әдебиетке өткен ғасырдың 60-жылдары дүркіреп келген тегеурінді де талғамды буынның ойы таза, сөзі түзу бір мүшесі бола білді. Кешегі Қасым, Тоқаш, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Төлеужандардың ізін ала келген қазақтың Қадыры мен Тұманбайларының қаламдас, қанаттас, сырласы болған Сәкең төл әдебиетімізге таза да адал тер төгіп, ұлт руханиятының көркейе түсуіне барынша қызмет етті. Ақынның әсіресе балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан. Кішкентай оқырманның санасына лайық, «жүрегіне жылы, тіліне жеңіл» болып келетін ақынның балаларға арнап жазған өрнекті өлеңдері бірнеше кітапқа арқау болып, орта мектеп оқулықтары мен арнайы танымдық жинақтарға да енгізілген. Қашанда ел жайлы толғанып, елдің руханиятына алаңдап жүретін ақын, баспасөз беттерінде де ақындық, азаматтық ойларын ортаға салып, үнемі қоғамдық пікірге өткір үнін қосып жүретін. Жылдар жылжыған сайын қаламдас достарының қатары сирей бастаған ақын, соңғы кездері жиын-тойлар, алқа-қотан отырыстар мен дүрмектерден бойын аулақтап, басылым беттерінен де жиі көріне бермеді. Ақынның тірісінде оның жүрек түкпірінде сақтаған нендей ой, нендей құпия жатқанын айналасы ұғынып-түйсіне бермесі аян еді. Өлеңді өмірім деп ұққан қаламгердің кітаптарын ақтарып отырып мына бір өлең жолдарына көзіміз түсті:
Атымыз қырда қалар, жырда қалар,
Қалың ел түбі келіп бір бағалар.
Алдында ақтарды деп барымызды,
Алдымен зарымызды тыңдап алар.
Алатын әр сөзіңді мыңға балап,
Біздің ел бар деуші еді жырда қанат,
... Ендігі мұңымыз да, шынымыз да –
Ілескен артымыздан ұлға аманат.
Тоқкөңіл тыныс та бар, ырыс та бар,
Заман да бірте-бірте дұрысталар.
...Түбі кеп күллі қазақ айта жүрер
Біздің де соңымызда бір іс қалар!
Ішкі сыры мен мұңын іркілмей ақтарыла сөйлеген ақын жалғанның жалған екенін әлдеқашан ұққандай-ақ. Шынында да, ақын қай тақырыпқа қалам тербесе де, сонша бір егіліп, езіле бермейді. Сөз астарында әлдебір асқақтық сезілетіндей. Ертеңгі күнге сеніммен қарау, келешектен үміт үзбеу, өмір шындығын боямасыз беріп, өлеңнің әрбір жолын ойға тез жатталып қалатындай етіп жазу – Сәкеңнің шынайы ақын ретіндегі шеберлігі болса керек.
Сәкен Иманасов 1938 жылы 2 мамырда Алматы облысы Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. Қазіргі Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін теміржол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Аудандық, кейін «Лениншіл жас» газеттерінде, облыстық партия комитетінде, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған. «Балдырған» журналында, «Қазақ мемлекеті» газетінде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс істеген. Ұзақ жылдар «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор қызметтерін атқарған. Алматы облыстық әкімшілігінде жауапты қызметте болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Алғашқы өлеңі – 1956 жылы, содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Алтын аймақ», «Ғашықпын саған», «Бел-белес», «Адырна», «Жебе», орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. 1998 жылы бір томдық таңдамалысы, 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Қаламдастарым мен замандастарым» атты эсселер, пайымдамалар, арнау өлеңдер кітабы шыққан. 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы он шақты жыл ішінде жазылған өлеңдері – «Өткірдің жүзі», естеліктері «Жазушы» баспасынан «Қалам мен заман» деген атпен жарық көрді. «Жазушы» баспасынан 2007 жылы шығармаларының екі томдығы, 2008 жылы таңдамалы шығармаларының 5 томдығы, балаларға арналған «Жәнібек пен атасы» атты кітабы шықты.
Көркем аударма саласында оның тәржімесімен шығыс шайыры Жалаладдин Руми, орыс ақындары А.Кольцов, В. Маяковский, ангола ақыны А.Нетто, саха М.Ефимов, қырғыз А.Рысқұлов, С.Жусуевтердің кітаптары басылып шықты.
Ақынның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының Құрметті азаматы деген атақтары бар.
«Барлығын,
барлығын да тастап енді,
ақының жайламақшы басқа белді», бұл – ақындық тағдырына мойынсынған қалам иесінің осыдан төрт-бес жыл бұрын жазған шумақтары. Маңдайға жазылғаны да сол: ақын, шынымен, барлығын да тастап, басқа белді – мәңгілік мекенді жайламақ.
Ақынмен қоштасу рәсімі бүгін сағат 10.00-де Алматыдағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Кеңсай қорымына жерленеді.
Өлеңін қалың қазақ оқырмандарына мұраға қалдырып бара жатқан ақын ағамыздың жатқан жері жайлы болсын!
«Алаш айнасы»