Қарақалпақтар
Қарақалпақтар – туыстығы жағынан қазақтарға ең жақын халықтардың бірі. Тілі мен салт-дәстүрі, діні мен дүниетанымы, Жиен жыраудан (XVIII ғасыр) бастау алатын ауыз әдебиеті мен ондағы кейіпкерлерге дейін қазақтардікімен бірдей немесе өте ұқсас келеді.
Белгілі қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов «Қарақалпақтар – қарапайым, қанағатшыл, төзімді халық. Кеңпейілді, дарқан, дәл менің қазағым секілді» деп жазады.
XVI-XVIII ғасырларға дейін қарақалпақтарды жеке ұлт ретінде көрсеткен бірде-бір жазба дерек кездеспейді. Есесіне, батыс, орыс немесе араб тарихшыларының жазбаларында олардың қазақ халқының құрамындағы белді бір тайпа екендігі айтылған.
1924 жылы Қазақстанның құрамында Қарақалпақ автономиялы облысы құрылып, 1932 жылы оған автономиялы Республика мәртебесі беріледі. Алайда 1936 жылы Қарақалпақ автономиясы Өзбекстан Республикасының құрамына өтіп кеткен!
1940 жылдан бері кирилл әліппесін қолданып келеді. Латын графикасына қайта өту мәселесі қарастырылып жатыр.
Республика құрамында 15 аудан, 12 қала, 16 кент, 112 ауыл бар. Қарақалпақстан Республикасы өз Конституциясын қабылдауға және қорғауға құқылы, өзінің әкімшілік-аймақтық бөліну жүйесін өзі шешеді. Конституцияға сәйкес, Қарақалпақстан автономиялы Республикасы жалпыхалықтық референдумның негізінде Өзбекстан Республикасының құрамынан шыға да алады.
Кейінгі кезде қарақалпақ зиялыларының арасында да бұл әңгіме жиі қозғалып, өзбек билігінің жылдан-жылға агрессивті сипат алып бара жатқаны айтылып жүр.
Статистика бойынша туу деңгейі жақсы болғанымен, басқа Орта Азия мемлекеттерімен салыстырғанда сәбилердің шетінеу оқиғасы жиі тіркеледі. Бұл Қарақалпақстан территориясының экологиялық апатты аймаққа жататындығынан болса керек. Қазақстан тарапынан бауырлас қарақалпақ елінің білім беру ісі мен денсаулық сақтау саласына жыл сайын қайтарымсыз көмек беру мәселесі жолға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қарақалпақ тілі Қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай тармағына жатады. Қазақстан, Түрікменстан, Ресей, Ауғанстанда қарақалпақ ұлтының өкілдері бар.«Бір атқа екі қамыт сыймас»
Қазақ нақылы
Түбі бір түркі жұрты
Последние статьи автора