«Алаш қаласының тарихы», «Город Алаш», «Гонимые голодом», «Сибирь и Казахстан». Дәл осы төрт кітап жақында семейлік оқырмандар назарына ұсынылды.
Аталмыш кітаптарды дайындаған – Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіндегі Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы. Таяуда ғана орталықта төрт кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен бірге қазақстандық алаштанушы ғалымдардың қатысуымен «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға тарих ғылымының докторлары Әзімбай Ғали, Есенғазы Қуандық, Қайырболат Нұрбаев, Тұрсын Хазіреталы сынды еліміздің бірқатар ғалымдары арнайы келіп қатысты.
Жарыққа шыққан кітаптардың әрқайсысының ойып алар орны бар, әсіресе тарих саласы үшін аса құнды дүниелер екені ешкімге дау тудырмасы анық. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, тарих ғылымының докторы Ерлан Сыдықовтың «Алаш қаласының тарихы» атты кітабы Алашорда үкіметіне қатысты тың деректер, нақты мұрағат материалдары негізінде жазылған. Соған қоса мұнда бірқатар Алаш қайраткерлерінің белгісіз өмір деректері, Семей облыстық қазақ комитеті, облыстық және уездік земство басқармалары, Алашорда үкіметі кеңселері, Алашорда соты мен әскері (милиция), «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы редакциялары, «Алашорда» баспаханасы т.б. мекемелер орналасқан ғимараттар тарихы алғаш рет жан-жақты айтылады.
Ал тек құжаттар жиынтығынан тұратын «Город Алаш» және «Гонимые голодом» кітаптарының алғашқысында 1873 жылдың қазанынан 1927 жылдың қазаны аралығындағы 156 құжаттың көшірмесі берілген. Ол құжаттар Алаш саяси партиясы жұмысының сан қырын, Алаш зиялылары, Семейдің сол жағалау бөлігіндегі Заречная Слобода елді мекенінің Алаш қаласына айналуы және Алаш атқару комитетінің қызметі жөнінен хабардар етеді. Ал екінші кітапта 30-жылдардың басында аштықтың қыспағынан қашып құтылу үшін Сібірге кетуге мәжбүр болған он мыңдаған қазақтың тағдыры жөніндегі құжаттар жинақталған. Бұл екі кітаптағы құжаттарды жинақтаушы Ерлан Бәтташұлы болса, келесі «Сибирь и Казахстан» кітабын ол өзінің шәкірті М.Малышевамен бірлесіп жазыпты.
Өз сөзінде Ерлан Бәтташұлы: «Алаш қозғалысы тарихын ғылыми тұрғыда салмақтап, саралап, Тәуелсіз еліміздің өр мінезді жастарының рухани игілігіне жаратуымыз керек. Алаш қозғалысы әлі де ғылыми түрде кешенді зерттелуі керек. Өйткені кешегі кеңес өкіметі кезінде Алаш тарихына қатысты материалдардың басым бөлігі құртылып, жойылды. Ал «Алашорда», «алашордашылар» деген сөздер айыптау ұғымына, терминіне айналып, қоғамға теріс түсіндірілді. Осы жерде айта кетейін, негізінен, бұл кітаптардың жарық көруі – Алаш қозғалысының 100 жылдығына дайындығымыз. Осыдан он шақты жыл бұрын Шәкәрімтану ғылыми орталығы ашылған болатын. Сол кезде біз, жігіттер, ойланып, тойдың бәрін қашанғы асығыстықпен өткізе береміз, мұндай мерейтой тек тойды өткізіп, жоғарыға есеп беруден ғана тұрмау керек. Тойға алдын ала ғылыми әзірлік болу керек деген едік», – деді.
Алаш қозғалысының 100 жылдығына Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы Алаш зиялыларының еңбектері мен зерттеулерін жүз томдық етіп шығаруды жоспарлап отыр.