Қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Төреғали Төреәлі өзін "Сүгірдің термесін" өзгертіп, жарнамасына қолданғаны үшін сынаған маңғыстаулық бауырларына жауап берді. Әнші дауға ұласып кеткен жағдайға қатысты өз ойын білдірген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өнер иесі әйгілі Сүгірдің термесін" заңсыз қолданды деп сөккендерге Instagram желісінде жауап беріп, бұл мәселе жайлы өз көзқарасын білдірді. Төреғали өзінің бұл қылығына ренжігендерден кешірім сұрады.
"Жақында тәуекел деп нарыққа "TÓRESH" шәйінің шыққанын білесіздер. Соның жарнамалық ролигине ардақты ата-анамды, аяулы жарымды Сүгір атамның әйгілі терме-мақамымен жарыққа шығарған едім.Соған еліміздің Батыс өңіріндегі ағайындар аздап кейістік білдіріпті. Өте дұрыс қабылдадым. Ғасырлап келе жатқан атамыздың ол шығармасының тұнығының шайқалмауын мен де қалаймын, оған мүдделімін!
Жалпы менің мектеп жасынан бастап айтысқа шыққанда тіліме орала кететін осы мақам болатын,сонымен айтысты бастадым,берекесін көрдім, тойға барып осы шығармамен талай топтың батасын алып,абыройлы болдым. Қолыма домбыра түссе орындай кететін екі-үш шығармамның бірі болғандықтан,өзім іштей жақсылыққа балап алғаш бастап жатқан аз-маз бизнесімнің де ролигіне кішкене үзігін пайдаланғаным рас.
Осыдан аз уақыт бұрын "Домбыра" деген атпен, құтысын да соған ұқсатып арақ шығарып, мойнына әнұран іліп қойғанын да шыққыр көзіміз көрді! "Асанәлі" деген коньяк, "Бибігүл"деген вино шыққанда да сабыр еттік. Ендеше шәйдің осындай кішкене дүниесі үшін маған ашуланған кісілерден керек болса кешірім сұраймын, мүмкін қайта жасармыз, бірақ жерден жеті қоян тапқандай табалай кетуден аулақ болайық! Мен сіздердің ақ тілек, баталарыңызбен дүрдиіп жүрген адаммын ғой,аман болыңыздар, ардақтыларым" , - деп жазған әнші.
Айта кетейік, бұған дейін маңғыстаулықтар Төреғали Төреәліні шайының жарнамасына сүгір термесін заңсыз қолданғаны үшін шүйліккенін жазған болатынбыз.