Қайсыбір жылы Қаратау бөктеріндегі Таукентке жолым түсе қалды. Мектебіне бас сұқтық. Оқу ісінің меңгерушісі сымбатты, ашық-жарқын келіншек екен. Мектепті аралатып, жетістіктерімен таныстырды. Таукент түкпірде орналасса да расымен-ақ, оқу ордасы Алматы мектептерінен еш кем емес. Лингофондық және мультимедиалық кабинеттері жап-жаңа. Француздар жасақтап беріпті. Таныстыру барысында әлгі келіншек маған жалт бұрыла қарап, ақсия күлімсіреді. Таныс та бейтаныс жанар. Бірақ жөн сұрасып тұратын уақыт жоқ. Көп аялдаған жоқпыз. Арнайы біз үшін жайылған дастарханға қарамастан, уран тотығын өңдейтін зауыттарға тартып кеттік. Негізгі тапсырмамыз да осы еді.
- Төлеген Момбековтың “Салтанат” күйін білесіз бе? – деді бізге жол көрсетіп жүрген серігіміз. – Әлгі келіншек сол Салтанат қой!
Әп-сәтте мен үшін аспан айналып жерге түсті! Көз алдыма шашы қиылған, жүзінен жылы күлкі кетпейтін ақ сары қыз келе қалды. Ол кезде мен 9-сыныпта оқитынмын. Жаз болса түп нағашыларымның ауылы – Қозмолдаққа тартып кетуші едім. Ермахан көкемнің үйі – Төлеген күйшімен иықтас отыр. Күн сайын кешкілік сол маңайдың жастары жиылып, ойын ойнаймыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Жанына құрбысын ертіп, Салтанат та келіп тұрады. Сырттай білуімше, Салтанаттың әкесі белгілі күйші. Анасы Салтанатқа толғақ үстінде дүниеден өтіпті. Төлеген күйші “Салтанат” күйін жан-дүниесі күйзелген тұста дүниеге әкеліпті. Шығарманың өне бойы лапылдаған сезім, өзекті өртер өкініш, тығырықта қылаң берген үміттен тұрады. Тыңдарманның алпыс екі тамырын иітіп, жанарға еріксіз жас үйіреді.
Күйші бұл қайғыға да мойымады. Басын тік көтеріп, жастай жетім қалған балаларын жетілдіруге ұмтылды. Кейіннен, бір әйелге үйленді. Одан 2-3 баласы бар екенін естігем. Тіпті, көріп те жүрдім.
Бірте-бірте Салтанат екеуіміздің сөзіміз жараса бастады. Күн еңкейсе болғаны, Ғани екеуіміз Салтанаттың есігінің алдына жетеміз. Одан ары Райгүлді ертіп алып, қараңғы түскенде екі-екіден бөлініп кетеміз. Жүректе бұлқынған балалық сезім аузымды буады. Көп ешнәрсе айта қоймаймыз. Ол кезде бұйығы едік. Менің байқағаным – Салтанаттың жанары өте сыршыл. Іштегі сезімін мөлдіреген көздері жасыра алмайды. Сол көзден ұққан сезімді ғана қанағат тұтамын. Ал сөйлеген кезде тек анасы жайлы толғанады. Жетімсіреген көңіл жұбаныш іздейді. Мен үнсіз тыңдаймын. Жаздың қысқа түні тамылжып тұр. Қаратаудан ескен салқын самал іштегі алай-түлей сезіммен қосылып денені мұздатып салады. Кеміп, жарығы семіп бара жатқан айдың өлімсіреген сәулесі Салтанаттың бетіндегі құбылған сезімді жасыра алмайды. Шегірткенің шырылы, қорадағы қойдың күйсеген дыбысы, анда-санда әуп ете қалатын маң төбет түнектегі өлі тыныштыққа жарасымды жан бітіреді.
- Мені іздеп қалды, – дейтін Салтанат, үй жағына абдырай қарап. – Көкем менсіз көз ілмейді…
Есік алдына келгесін тағы да біраз үнсіз тұрамыз. Әлден соң, Салтанаттың жанары жарқ етіп, бетіме қарайды да, тістері ақсиған күйі үйіне жүгіре жөнеледі…
Бұл тағдырдың шеберлігін айтсаңшы! Араға біраз жыл салып, қияндағы ауданнан қыз алдым. Салтанат та дәл сол ауылға келін болып түсіпті. Бірақ жолығудың сәті түспеді. Бірнеше жыл өткесін, Салтанаттың Ресейге Камаз айдап кеткен күйеуінің із-түзсіз жоғалғаны жайлы жайсыз хабар жетті. “Кебенек киген келеді” деген үмітпен, Салтанат 5-6 жыл тағы күтті. Соңында атасы мен енесі келіннен обал болмасын деп, батасын беріп, шығарып салыпты. “Салтанат төркініне көшіп кетті” деп тағы бір естігем. “Анасының құрсағынан аза тұтып туған қыздың тағдыры тағы да тәлкекке түсті-ау” деп бір күйіндім. Аяныш тудартын сезім емес. Жәй, күйік қана…
“Салтанат күйін білесіз бе?” дегенде селк еткенім де содан еді. Менің көз алдымда екі Салтанат тұрды: оның бірі балғын да бейкүнә бойжеткен болса, екіншісі сымбаты келіскен мүлдем өзге келіншек еді.
Ал жастық шақтың оралмас күндері 32 жыл бұрын зу ете шыққан. Енді қайтадан Салтанатпен кездесермін деп кім ойлаған? Ақсиған қыздың көңілдегі бейнесі әлдеқашан көмескіленіп кетіпті. Ал оның мені танығаны ақиқат…
Facebook-тегі парақшасынан