Әйгілі композитор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат” орденінің иегері Төлеген Мұхамеджанов – бүгінде еліне сыйлы әрі бақытты азамат. Десе де композитордың өмірінде қиын күндер көп болған екен. Бірінші жұбайымен ажырасқаннан кейін құр алақан қалып, өмірін қайта бастауға тура келіпті.
Бұл туралы сазгер «The Эфир» жобасында берген сұхбатында айтып берді.
Белгілі композитор – бүгінде опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның күйеуі. Композитордың алғашқы некесіндегі бақыты ұзаққа созылмай, ажырасқан екен. Түн жарымында үйінен кетіп қалған Мұхамеджановқа өмірін қайта бастауға тура келіпті.
«Ажырасқанда далаға портфельмен кеттім. Бір қасық алған жоқпын. Балаларымның басқа мектепке ауысып, басқа аулада ойнағанын қаламадым. Балаларымды ешқашан тастаған емеспін. Олар әрқашан менің жүрегімде. Пәтерден кеткеннен кейін қонатым жерім болмады. Баратын жерім жоқ. Қайда барарымды білмедім. «Дом отдыхаға» бардым. Онда жарты ай жаттым. Мұнан соң «Шығармашылық үйіне» барып тұрдым. Одан соң пәтер іздедім. Мен қырықтамын. Үлкен бастық болған, театрда директорлық қызмет атқарған адаммын. Дуся тәтей, Люся тәтейдің пәтерлерін жалдап тұдым. Бәрін басынан бастауыма тура келді. Өкінбеймін. Сол кезде өзімнің еркектігімді көрсеттім», – дейді композитор.
Барар жер, басар тауы қалмаса да пәтерде жүріп күнелткен композитор еш мойымаған екен. Тіпті, өткені үшін өкінбейді де. Ал бүгінгі күн бұрынғы жары, балаларымен түсінісіп, бірін-бірі кешіріпті.
«Кейін жұбайым барлығын кешірді. Біраз уақыттан соң Нұржамал Үсенбаевамен отбасын құрғаннан кейін, балаларыммен бірге Ыстықкөлде демалуға рұқсатын берді. Балаларыммен қарым-қатынасым үзілген жоқ. Қолымнан келгенше көмектестім. Нұржамал екеуіміз ұлыммен бірге тұрамыз. Төрт немереміз бар. Он күн бұрын төртінші немерем дүниеге келді», – деп қуанышымен бөлісті Төлеген Мұхамеджанов.