Қоңыр даусымен әнсүйер қауымға жаққан, қарапайымдылығынан бір танбайтын әнші-композитор Заттыбек Көпбосынұлына қазіргі қалың тыңдарман «Тойдың королі» деген құрметті атақты қиған. Ес тоқтатқан жасында «Ақ маржанымен» ән әлемінің есігін ашқан дарын үлкен сахнада да өзіндік орнын тапқанына енді ешкім дауласпайды.
Бұл күнде Заттыбектің 50-ге тарта әні бар. Оның ішінде «Ақ маржаннан» бөлек, «Немерем», «Жаным», «Саған гүлім», «Балапан бақыт» әні кең таралды. Дегенмен, бастапқыда әншінің өзі емес «Ақ маржаны» танылды. Той-томалақта делебе қоздырған өзге халықтардың әндерін қуып шығып, тойшыл қауымды шыр айналдырған «Ақ маржан» әнін шығарған да, орындайтын да қарапайым ғана қазақ жігіті Көпбосынұлы екені көп ұзамай мәлім болды.
Әрбір әнін жүрекке жеткізіп айтатын Заттыбек бастапқыда терме жанрында көріне бастағанын көпшілік біле бермес. Бұл туралы өнер тақырыбын қаузап жүрген әріптесіміз Сәкен Сыбанбай: «Шын мәнінде, егер аталған әнші-композитордың шығармашылығымен жете таныс болсаңыз, Заттыбек әндерінің бәрінің тойға ғана арналмағанын, оның репертуарында ойлы һәм мұңды шығармалардың да жеткілікті екенін аңғарған болар едіңіз. Домбырамен орындайтын термелері де аз емес. Тіпті, әу баста ол Оңтүстікте термеші ретінде танылған. Бірақ, байқасаңыз, көпшілік бәрібір оның ырғақты әндерін жақсы көреді. Сондықтан да, елдің бәрі оны тойға шақырғыш. Ал тойда қайсыңыз терме немесе баяу ән тыңдап отырғыңыз келеді? Керісінше, селкілдеп билеуге дайын тұрмайсыз ба? Ал сол талабымызды орындап, соның үдесінен шығып жатқаны үшін Заттыбекті «тым тойшыл», «барлық әні тойға арналған», «аса байыпты композитор дей алмаймын» және т.б. деп сөз қылу орынды ма? Әрі-беріден соң тойда қазақты қазақ әнімен билетіп жатқандар – осы Заттыбек, Еркін, Қайраттар», дейді. Рас айтады.
Осы тұрғыдан алғанда әнші-композитор да той стилінде жазылған әндердің көп екенін де жасырмайды. Өзінің айтуынша, тойға арнап жазып беріңіз деп өтініш айтатындар көп. Біразы тойдың қызметіне жарап та жатады. «Лирикалық, тақырыптық әндерім де бар. Бірақ көбіне тойға арналған әндерімнің тыңдармандары басымырақ. Әрі осы сарындағы әндерім тез танымал болып кетеді… Әркімнің пікірі, талғамы әртүрлі. Өзімді жұлдызбын деп есептемеймін де. Ол туралы халық айтсын. Қанша өзіңді жақсымын деп санасаң да, біреуге жақпай қаласың. Көптің көңілін табу, бәрінің жүрегінен орын алу мүмкін емес. Бірақ, қолымнан келгенше қарапайым болуға тырысамын», дейді Заттыбек.
Әу баста «Көгершін болып кеткенмін» деп жазылған бұл әннің сөзін жазған ақын Баян Бекетова. Осы кезге дейін ақынның алты кітабы жарық көріпті. Он сегіз өлеңі әнге айналған.
«1990 жылы Есенбай Дүйсенбайұлының редакторлығымен «Үмітім» атты кітабым шықты. Осы кітапқа «Ақ маржан» аталып жүрген өлеңнің мәтіні де кірді. Алғашында екі өлең еді. Кейін ән авторы бір өлеңді шумағы, енді бірін қайырмасы етіп алып, біріктіріпті. Бұл өлеңді кезінде студенттер жақсы көріп, жаттап жүретін. Өлеңім арада жиырма жылға жуық уақыт өткенде қайта туғандай болды. Заттыбек ол кітапты ағасының үйінен тауып алыпты. Сөз танитын жігіт қой. Өлеңді бірден ұнатып, ән дүниеге келді. Заттыбектің өзі мені танымайды. Мені бұрынырақ өткен ақындардың бірі деп ойлапты. Ол кітапта суретім де басылмаған. Заттыбектің орындауында халыққа бірден тарап кетті. Арада екі жыл өтіп, «Ақ маржан» алдымен Оңтүстікте хитқа айналды. Бір күні Шымкенттен Нұрлан Кенжебаев деген майор досым хабарласып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде мені кінәлап жазған материалдың бар екенін айтты. Сөйтсем, газет тілшісі Заттыбектен сұхбат алып, өлеңнің авторын сұрайды. Мені Заттыбек таппағанын, ал ақынның хабарласпағанын айтады, олар мені неге хабарласпайды деп кінәлайды. Қыста Заттыбек хабарласып, кітабымнан алған төрт өлеңіме ән жазғанын айтып, Шымкентте өтетін кешке шақырды. Заттыбек билетті біреу арқылы беріп жіберді. Аяз болғанымен де, жас әншіге қолдау көрсетпек, жігер бермек ниетпен Шымкентке бардым. Адам көп жиналыпты. Залға кіргеннен кейін, құттықтау сөзім бар екенін айттым. Сол кезде әншімен алғаш рет таныстым. Одан кейін де композитор «Кімсің сен?» деген өлеңіме ән жазып хабарласты», дейді ақын.
– Баянның «Үмітім» кітабы қолыма 2004 жылы түсті. 2006 жылы мамыр айында ән жарыққа шықты да бірден таралып кетті. Бірақ, ол кезде мен орындаушы ретінде танымал емес едім. Өнердегі алғашқы төлқұжатым болған «Ақ маржанды» 2007 жылы жаңа жыл қарсаңында «Шаншар» әзіл-оспақ театрының концертінде шырқап, осы кезде өзім де көріне бастадым. Сол жылы «Жебе» студиясында әнге шағын ғана кішкентай клип түсірілді. Клип бірден теледидарлардан тарап кетті, – дейді әнші.
Заттыбек әндері жұртшылық жүрегіне тез жетеді. Оның концерттерінде халық сахна алдында, қатарлар арасында жапа-тармағай билеп те кетеді. Ал тойларда не болатынын өзіңіз шамалай беріңіз. Мұның бір сыры әндерінің әуеніндегі әсерлілікте, ойнақы ырғақта десек, негізгі сыры адам жанындағы ең сәулелі сезімдерді оңай жатталатын сөзбен-ақ, тез есте қалатын сөзбен-ақ бейнелей білуінде дер едік. Мысалы, кім болса да немересін жақсы көреді, немересінен ештеңе аямайды, содан да Заттыбекке ыңылдай қосылып отырады:
Саған терді төгер ем,
Бар нәрсемді берер ем.
Оның бәрін аз десең
Жан беруге көнер ем.
Сен аман бол, немерем.
Мұндай ән хит болмағанда қайтеді енді?..
«Ақмаржан» әнін газет сайтындағы мақала тіркелімінен тыңдап, мәтінді оқи аласыздар.
"Тойдың королі" немесе Заттыбектің төлқұжаты – "Ақ маржан"
Последние статьи автора