Тойдың да естісі бар, есері бар

Тойдың да естісі бар, есері бар

 Асабаларша айтсақ, қырда қой баққан, жүйрік жаратып, қымызға бие байлатқан, дәм-тұзды ақтай білген достықты сақтай білген қазақ халқын тойсыз елестету мүмкін емес. Тәтті-дәмдісін бала-шағасының аузынан жырып қонағының алдына тосатын халқымыз тойды қазынасына балайды. Тіпті ішерге асы болмай қиналған кешегі ашаршылық заманында да кішкентай қуанышының өзін көршісін шақырып бөліскен қазақ қазіргі заманда даладай дастахан жайып, бір отбасы кемінде жылына бір той, тіпті кейбіреулері екі той жасайтын дәрежеге жетті. Тәңірім қазақты тойдан айырмасын, әрине, бірақ бізге той жасау мәдениетін қалыптастыратын, тойжарыстардан арылатын уақыт жеткен секілді. «Алаш айнасы» бұған дейін той жасау дәстүірінің реформасы жөнінде жазған болатын. Енді осы тақырыпқа тағы бір қырынан ой қозғап көрсек....

Әлемде той өткізуден жарысқа түспей-ақ бас бәйгені алатын халқымыздың түсінігінде жиған-жергенін тойға шашу қалыпты жағдай. Алайда қазіргі таңда той жасаудың жөні осы екен деп қыз ұзату, үйлену, мерейтойлар былай тұрсын, кішкене баласы мектептен мақтау қағазын алса да дүркіретіп той жасай беретін болдық. Шілдехана, бесік тойы, тілашар, сүндет той секілді етжақын ағайын-туыстың арасында, өз шаңырағымызда шағын ортада атап өтуге болатын қуаныштың бәрін мейрамханаларда тойлау үрдіс алып кетті. Мейрамханаларға кемінде 100 адам шақырып, алып, қонақтардың жартысын өзіміз танымай жүретінімізді қайтесің...

Дархан СҮЛЕЙМЕНОВ, кәсіпкер:

– Меніңше, жағдайы келсе, 200, 300 адам шақырып той жасаймын дегендер жасай берсін. Онда тұрған не бар? Өз басым, той жасап одан кедейленіп қалған адамды көрген емеспін. Той жасауға тұрарлық қуаныш болса, неге елмен бөліспеске? «Шақырған жерден қалма, шақыруға зар боларсың» демекші, өзімізді құрметтеп шақырған тойларға барамыз. Ағайын-туыстың, дос-жаранның тойына баратын болғандықтан, өзіміздің де қуанышымыға жиналатын жұрттың саны көп болады. Тамыр-таныс, дос-жаран, туған-туыс қаладағы үйге сыймай жатқан соң мейрамханаға бәрінің басын қосып той жасағанның әбестігі жоқ деп ойлаймын. Қайта той жасамасақ, сол шығын бәрібір басқа жаққа шығып кетеді. Осы халықтың тойларының арқасында барлық әнші-бишілер табыс тауып, қайта халықтың тойының арқасында сайрандап жүрген жоқ па?

Ия, табыс демекші, қазіргі қазақ тойларында орта есеппен бір отбасының бір жылдық күнкөрісіне жетерлік қаражат бір тойда шығындалады екен. Ауылды жерлерде 200 адамдық тойға 400 мың теңгені жеткізуге болса, қалалық жерлерде 200 адамға кемінде 2 миллион теңге қаржыңыз кетеді. Ал асабаны 5-8 мың долларға, әр әншіні кемінде 3 мың долларға жалдап, адам басына 300 долларлық мейрамханада той өткізетін қалталылардың той шығынының есебіне жетіп бермейсің. Той жасау үшін саналы түрде несие алатын, қарызданатын халқымызды көрші елдердегідей заңмен шектемесе асқандыққа тосқан болу мүмкін емес дейді біреулер. Көршілес Тәжікстан, Қырғызстан секілді елдер той қонақтарының санын заңға сәйкес150-ге дейін шектегені мәлім. Алайда тойдың шығыны әркімнің өз бас ауруы ғой, ең бастысы бүгінде қазақ тойларының қазақы қалыптан таймауы, ұлттық дәстүрмен өтуі маңыздырақ секілді.

Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ:

– Егер кез келген тойдың өнегелік, тәрбиелік мәні, ұлттық нақышы болмаса, ол әшейін дақбырт, дабыра. Жиналып алып ішіп-жеп, әркім өзін көрсету үшін жиылатын той – дарақылық. Қазір біз қайтсек ел боламыз деп отырған жайымыз бар. Әлі күнге дейін ұлт ретінде біздің ешбір бет-келбетіміз қалыптасқан жоқ. Қазіргі таңда тойға барсаң, ондағы қарықсыздыққа, жолсыздыққа тойып қайтасың. Керек емес дүниелер кеңірдегіңнен шығып, ренжіп қайтасың. Өзім тойға барғаннан бармағанды жөн көремін. Ет-жақын туысқандардың тойына амал жоқ, төбе көрсетеміз. Меніңше, тойдың жақсы, жаман болуы асабалардың деңгейіне байланысты. Асаба – тойдың қамшысы. Дейтұрғанмен қазіргі біздің асабаларымыздың деңгейлерінің төмендігі сол, той үстінде жұртты соншалықты арзан сөздермен қытықтап күлдіріп, сыңармүйіз әңгімелер айтады. Келіні мен баласы, қызы мен әкесі қатар отыратын тойларда дөрекі қалжыңды естіп, бетіңнен отың шығады. Асыра сілтейтін асабалар құдаларды төс қағыстыртып қана қоймай, сүйістіріп, соңынан түйістіріп есті шығарады. Тойда жастарға үлгі-өнеге болудың орнына біздің қатарымызды, пайғамбар жасына жетіп қалған үлкен буынды қара басып отыр. Жастарды отырғызып қойып, ұзын сонар тілек айтып, лауазымымызбен мақтанып, оларды әбден мезі қылдық. Ақ жаулықты апа, ақсақалды ата болуға жарап қалған азаматтарымыз араққа тойып алып, құданы сүйейін, құдағиды құшақтайын дейтінді шығарды. Жастар бізге қарап ұялатын болды. Жақында бір танысымыз «тойды қалай өткіземіз» деп ақыл шәйға шақырды. Сондағы той иесі әйелдің айтқаны мынау. «Ең бастысы, сонау Ақтөбедегі ағам тойдың бір жағын көтеріп алды, ол үш жүз бөтелке арақ әкелетін болды» дейді. Аузына арақ тиіп, күлі шашылып, етегі ашылып жатқан әйел кімге үлгі? Қазақтың тойы басынан аяғына дейін өзіне сай салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен өтуі керек. Арақ – ата-бабамыздан қалған ас емес. Арақтан арылудың біден-бір жолы – парасатты той. Өйткені қазір бізде тойдан басқа ештеңе қалмады. Тойдан басқа көпшілік жиылатын, үлгі-өнеге алатын қандай орта, қандай мектеп бар бізде?..

Тостсыз той өткізу мүмкін бе?

Той туралы сөз қозғалғанда көбіне жұрт тойлардағы қайталау тілектер мен даңғаза музыканы сынға алып жатады. Халық арасында «қазақтың тойы – жиналыс, өзбектің тойы – би жарыс, орыстың тойы – құй да іш» деген мәтелде осындайда айтылған ғой. Бірақ осы қазақтың тойын тілексіз елестету мүмкін бе?

Құрбымның әңгімесінен...

– Айгүл, кешегі той қалай өтті?

– Онша емес.

– Неге?

– Көңілсіз өтті. Үйленіп жатқан жастардың өзіне қызық болған шығар, бірақ қонақтар әбден жалығып кетті.

– Асаба нашар ма?

– Тойды Нұрлан Еспанов жүргізді. Тойдың жаңа әдісі ме, әйтеуір қонақтардың ешқайсысына сөз берген жоқ. Тек тойға шақырылған әншілер концерт қойды.

– Жақсы емес пе, ұзын-сонар тілектен қонақтар жалықпасын деген шығар.

– Жоқ, асаба бір топ қонақтын атын тізіп шығады да, осы қонақтардың құрметіне пәленше ән салады дейді, жастар биледі, жас жұбайлар ойын ойнады. Қалған 200 адам соларға қарап шаршап отырды. Тойға небір профессор, зиялы адамдар шақырылған екен, біреусі шыдамай кетіп, жұлқынба тост сөйледі.

– Сонда мүлде ешкім сөйлемеді ме?

– Жастар күндіз серуенге шыққанда достарының тілегін камераға жазып алыпты. Сол бейнежазбаларды тойханадағы экраннан беріп отырды.

Менің түсінгенім, біздің менталитетіміз әлі мұндай тойға дайын емес екен. Егер жастар осындай тойды қаласа, ата-анасы артық қонақ шақырмай-ақ қоюы керек еді....

Болат БОПАЙҰЛЫ, этнограф:

– Бүгінде заман өзгерді, адам өзгерді, дүниенің бәрі өзгерді. Заманға байланысты адамдар тойды біздің айтқанымыздай атқара қоюы екіталай. Дегенмен, «жауға барсаң, қолыңда қамшың, тақымыңда шоқпарың болсын, ұрмасаң да» демекші әрине, қазақ тойлары ұлтымызға тән салт-дәстүрмен, жөн-жоралғымен өткеніне не жетсін. Қазіргі экономикалық, әлеуметтік жағдайға байланысты қаладан далаға, даладан қалаға, үйден мейрамханаларға көшкен тойлар туралы айту оңай. Алайда тойшы қауымға жөн сілтеу қиын. Қазақта өзгермейтін ежелден ата-бабамыз ұстанып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпы бар. Шапанның жаға-жеңі немес түймесінің бірі түсіп қалса сәні келмейтіні секілді қазақтың әр тойына қатысты дәстүрлердің өзіндік орны бар. Бүгінгі таңда қазақ тойларында көп сөзден гөрі ұмытылған ұлттық дәстүрлеріміз ұрпаққа үгіттеліп, насихатталғаны жөн болар еді. Ұлтты ұлт ретінде танытатын әдет-ғұрпы, тілі. Ата-бабамыз кезінде «бата түбі – май, қарғыс түбі қан» деп ақ тілек айтуды алғашқы орынға қойған. Қазіргі тойларда қысқа да нұсқа, көпшілікке өнеге боларлық ақ тілектер айтуға машықтанғанымыз жөн деп санаймын.

Қарапайым халық қайтсем тойым жақсы өтеді, қонақтарым өкпелемей кетеді деп жанталасады. Тіпті кейде сонша асып-төгілдіріп жасаған тойдан кіші-гірім, ұқыпты ұйымдастырылған, мәдениетті тойлар тартымды, қызықты өтеді. Кейінгі жылдары халық біртіндеп тойды мәдениетті өткізуді үйреніп келе жатқан секілді. Той заманға лайық сипат алып келеді. Жастардың арасында арақ ішу азайып, парасатты асабалар көбейіп келе жатқанын да көріп жүрміз. Дегенмен той өткізуде әлі де түзетер кемшіліктеріміз жоқ емес.

Тойымыз жақсы өтсін десек, әрқайсымыз өзімізді сыйласақ, тойға кешікпеуді, орнымен сөйлеуді, мәдениеттілікті үйренгеніміз артықтық етпейді.

Той – ағайынның басын қосатын, бауырмалдықты нығайтатын, әр отбасының қуанышын паш ететін салтанат. Ауылда, аудан орталығында немесе қалада өтсін мейлі, әрбір той халықтың мәдениеті мен бірлігін, мәрттігін, «бір жағадан бас, бір қолдан жең» шығара білетін ұйымшылдығын, дәулетін көрсетіп, той иесінің мәртебесін көтере түседі. Алайда мәрт боламыз деп тыраштанып, бәсекелесіп, жөн-жосықсыз шашылудың қажеті аз. Артық рәсуә мен ысырапшылық шариғатымызға да қарсы. Жиған-тергенімізді тойға ретімен жұмсап, жиған қорымызды ұрпақтарымыздың оқуы мен тоқуына, баспаналы болуына жұмсағанымыз абзал. Егер дәл қазіргідей тойға жүздеген адам емес, мыңдаған адам шақырып, атой салдыратын болсақ, Тұрсынбек Қабатов айтқандай, 2020 жылы бір тойға он мың адам жиналып, асаба тойды машинамен басқарып, тікұшақпен шашу шашатын күнге де жетуіміз ғажап емес.


Айнұр Сенбаева
on.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста