Жетісіне жеті рет тойға барудан жалықпайтын халықпыз ғой. Тойдан қалу бізге жұмыстан қалғанан да қиын. Жылына қанша тойға баратынымызды санасақ, санынан жаңылысамыз. Ең қызығы, туған-туыс-дос-жаранның тойларына барған сайын той жасаудың күннен-күнге қымбаттап бара жатқанын байқайсың. «Алаш айнасы» осыған дейін бірнеше рет тойдың бюджетін есептеуге тырысқан болатын. Алайда той шығыны есебіне жеткізер емес.
Жақында бір досым қызының 1 жасқа толған тойын жасады. Тұрмысы орташа саналатын, жасы 35-тегі досымның мейрамханада жасаған тойына 200 қонақ жиылды. Дастархан жаюға кеткен шығыннан бөлек тойдың ұсақ-түйегіне кеткен шығынды ойша санап едім, жыпырлаған сандардан әбден жаңылыстым. Қандай ұсақ-түйек дейсіз ғой? Біріншіден, мейрамхананың ішін әсемдеу, шар мен гүлдің түр-түрі. Әлгі Айару атты кішкене қыздың есімін тіпті қол сүртетін майлықтарға дейін жаздырыпты, тойда таратылған сыйлықтар – қалтафон, жұмсақ ойыншықтар, ыдыстар, кәдесыйлар. Тойбастардың табағы ірі-ірі ойыншық машиналармен алмастырылған, іші толған қымбат-қымбат тәттілер. Тағы бір тойға барып қол сүртетін майлықтардың жиегін қымбат сваровский тастармен көмкерілгенін де көз көрді. Тойға бара берсең көре береді екенсің. Көрмегеніміз болса, естігеніміз жетеді. Естуімізше, Шымкенттің бір тойында қалыңдық мейрамханаға тікұшақпен жеткізіліпті. Жақында сол Шымқалада 9 қабатты қонақ үй салынып, ең жоғарғы қабаты тойхана болады, тойхананың бір жағы тікұшақ қонатын алаңқайға айналмақ...
Ал мына бір сурет Фейсбук парақшасындағы той туралы қызу талқылауларға себеп болған еді.
Мықтыбек Оразтайұлы – Тойда жүргенімде ағын-төгін дастарханды көріп адамдар "бізді құртатын осы той ғой, тойға шығынды аздау шығарсақ қазақтан бай халық болмас еді" деп жататын. "Той - құдайдың қазынасы, кең болсаң кем болмайсың" деп енді біреулер оған қарсы уәж айтады. Қалай десек те, беталды ысырапты өз басым қаламаймын. Тойларымыз той емес, бәсекеге айналып кеткелі қашан...
Қарызданбай той жасайтын шаңырақ кем де-кем. Қарызды мойнына іліп алады да, банк атаулыны сықпырта боқтап жүреді. "Соншама шығын шығарып нем бар еді, өзіме де обал жоқ" деп ойлай ма екен? "Қатты жерге қақ тұрар..." Шығыншыл халықпыз. Мойындаймын. (facebook.com парақшасынан)
Qaji A. Ayubi – Мен Данияда тұратын қазақпын. Дания халқы қарыз алмай 300-500 адамға той жасай алады, бірақ тойларында 50 шақты ғана адам болады. Ойланып қарасам даниялық пен қазақтың арасында айырмашылық бар. 1) Қазақ басқалардың көзқарасын көп қажет етеді, ал даниялықтар өз көзқарасымен жүреді. 2) Қазақ асыра мақтаншақ жəне мақтағанды жақсы көреді, ал даниялықтарды аса мақтасаң, сені дос ретінде көрмейді. 3) Қарап тұрсаңыз дамыған елдін адамдары мақтаншақ болмайды, ал дамымаған елдің адамдарды көп мақтаншақ болады. Қазақтың тойға жəне басқада нәрселерге жарысы осы 3 факторге байланысы бар деп ойлаймен (facebook.com парақшасынан).
Осыдан бірақ уақыт бұрын Дәулет Тұрлыхановтың қызы той көйлегін 50 мың долларға алыпты деп БАҚ беттерінде ақпараттар жарияланған болатын. Сонда бір үйдің құнына парапар көйлек киюге де болады екен ғой таңғалып едік... Сөйтсек, қазір біздің қалталылардың қыздары жарты миллион доллардың киімін де киеді екен.