Той көйлегі талғамға сай ма?

Адам өмірінде бір ақ рет тойланатын бақытты шақ – үйлену тойының басты кейіпкері қалыңдыққа барша жұрт тамсана қарайтыны сөзсіз. Әсіресе қалыңдық көйлегіне. Аққудай боп той көйлегі жарасып тұрса айтар әңгіме жоқ. Алайда жасырары жоқ бүгінгі той көйлектерінің дені еуропалықтарға тән үлгімен тігіледі. Иық та жалаңаш, қол да жалаңаш, арқа да жалаңаш. Тойшыл қауымның бәрі жастар болмайтыны белгілі. Кеше түскен келіннің жастың да, жасамыстың да алдында жартылай жалаңаш тұрғаны жарасымды ма? Жоқ, дерсіз бірден. «Алаш айнасы» тілшісі осы мәселені көпшілік талқысына салады.
Расында мәселе қалыңдықта емес, той көйлегінде болып тұр. Бүгінгі қалыңдық бүкіл қаланы аралап шықса да иығы жабық той көйлегін таба алмас. Кеудеден төмен түсіп кетердей болып тұратын көйлектер кез-келген дүкенде толып тұр. Оны сатып алғаннан кейін киюге ұялған кейбіреулері иығын жабатындай етіп қайта тіктіруіне тура келеді. Расында той салондары көп болғанымен, талғамға сай көйлек табу қиынның қиыны. Ал көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы көйлектерді киюге келгенде көбінің кежегесі кейін тартары анық. Бірі бағасының қымбаттығын айтып құтылғысы келсе, енді бірі «ауылбайскиий» болып көрінгісі келмейтінін ашық айтады...(олар үшін ұлттық қазақы киім ескіліктің сарқыншағы-мыс). Адалдықтың белгісі саналатын ақ көйлектiң қалай сәнге айналғандығының бiрнеше нұсқасы бар. Қайта өрлеу дәуірінде шіркеуде некесін қидырған Мария Стюарт ең алғаш болып ақ көйлек киген деседі. Екінші нұсқа бойынша, XX ғасырда Виктория ханшайым, одан кейін Анна Австрийская енгiзген деген болжамдар да бар. Содан бері нешетүрлі түрленіп, сәні өзгерген той көйлектеріне тапсырыс азайған кезі жоқ. Бірақ адалдықтың, пәктіктің белгісі саналатын аппақ той көйлегі төңірегінде түйткіл көп.
Бір күндік көйлектің бағасы қандай?
Қазіргі қалыңдық көйлектеріне қарап қарның ашатыны рас. Ұлттық болмысымызға сай емес, жартылай жалаңаш көйлектерді амалсыздан киетіндер бар. Еуропалық стильдегі көйлектердің дені тән сұлулығын паш етіп тұратыны айқын. Оны бойы ұзын, аққу мойын, құмырсқа бел қыздар кисе жарасады. Ал қазақ қыздарының бәрі бойшаң деп кім айтты? Ал қытайдан әкелінетін көйлектер олардың өз ерекшеліктеріне қарап тігілген, тым қысқа болып келеді. Әрі тура қона қалатындай өлшемдісін табу да қиын. Соңғы кездері олар да қулыққа көшкен. Әлемнің жартысын киім кешекпен қамтып, жыртығын жамап отырған қытайлықтар той көйлектерінің сән үлгілері өткен елден дәл сол көйлектердің көшірмесін жасап сатылымға шығарып отыр. Әрі размер шіркінді де үлкейте бастады. Аспан асты елінен келген көйлектердің бір артықшылығы бағасында ғана. Арзан. Сосын қытайда өндірілген бе деген сұраққа сатушылар «таза пекиндік» деп жауап береді. Қысықкөзілердің астанасын білмейтіндерге ұтқыр жауап осы... Бүгінгі брендтік той көйлектерін тігетіндер классикалық үлгіні де, модернді де ұстанады. Сәнгерлер бүгінгі қалыңдық көйлегінің сәні алпыншақ-салпыншақтың мол болуында емес, матаның сапасында, ықшам пішімінде деп санайды. Қалтасы қалың қалыңдықтардың бүгінде PierreCardinSposa, RadiosaVeste L’amourSposa, JasmineCollection кутюрларының көйлектеріне сұраныстары көп көрінеді. Бұл брендтік көйлектер сваров тасымен және алтын жіппен әдіптелген. Элиталық той көйлектері қайталанбайтын дизайнымен ерекшеленеді. Ол сонысымен де қымбат. 10 мыңнан бастап, 30-50 мың АҚШ доллары тұратындары да бар. Ал орта деңгейлілерге арналғандарының бағасы 50-80 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Той көйлектерінің тым қымбаттығынан бүгінде көбісі жалға алады. Оның ақысы да арзан емес. 25 мың теңгеден басталып, 150 мың теңгеге дейін барады.
Ұлттық киім ұмытылып бара ма?
Ал қазақы ұлттық той көйлектерінің тарихы да сонау көне замандардан сыр шертеді. «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің қалыңдық көйлегі қандай! Сәукелесінің өзі неге тұрады? Ақ желеңі жер сызған сондай салтанаты жарасқан сәукелені нағыз ісмер адамдарға тіккізген. Кезінде сәукеле қалыңдықтың сәні ғана емес, тұрмыс дәулетінің көрсеткіші де болған. Бағалы тастармен безендіріліп, әспеттелген сәукелелерді бір үйір жылқыға бағалаған. «Әгугай» атты халық әнінде «Орамалы тұрады 500 жорға әгугай, әгугай» деген өлең жолдары есіңізде ме? Бұл жердегі айтып отырғаны орамалы осы сәукеле. Тек қалыңдық көйлегі ғана емес, күйеу көйлегін де әспеттеп тіккен бұрындары. Тым батысшылданып кеткеніміздің салдарынан ұлттық киімдеріміз есіктен сығалауға мәжбүр болып қалған кездер де болған. Ұлттық киіміміз бұрындары тұсаулы аттай, ауыл-аймақты төңіректеп жүруші еді, бүгінде шоқырақтап желетін ыңғай танытып жүр. Бүгінде шүкір ұлттық той көйлектері жоқ деп жылануға жарамас. Осы нақыштағы киімдерді тігетін ательлелеріміз де, сән үйлеріміз де көбейіп келеді. Барына бар-ау. Бірақ көңілден шыға ма? Бар мәселе осында. Сәукелені шошайтып, тым ебедейсіз етіп тігеді. Ал көйлектің етегі кең, астына сым өткізіп, желпетек қылып тіккенімен әлгісі жүрген сайын жоғарыға көтеріліп ерсі көрінеді. Қалыңдықтың аяғы жалтырап келе жатады. Ал тіпті кейбіреулерін жеңсіз етіп тіге салады. Оның қандай сәнге жататынын білмедік. Тек әйтеуір қошқар мүйіз оюын салсақ қазақша көйлек болып шыға келеді дей ме, түсініксіз. Еуропалық элементтер мен ұлттық нақышты араластырып «ассорти» жасайтындар көп. Онысы жарасып тұрса айтарға әңгіме жоқ. Дизайнерлеріміздің, ісмерлеріміздің қазақы нақышта ойлай алмауынан десек, жағамыздан ала қоймас ешкім... Ал тек сәукеле тігумен ғана айналысатындар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бірі Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы¬ дизайнер ісі факультетінің студенті, қолөнер шебері Мөлдір Әбуованың қолынан шыққан сәукелелері үлкен сұранысқа ие. Қолынан шыққан әр туындысына ерекше мән беретін ол қай қайсысының да бірін бірі қайталамауына үлкен мән береді. Қолөнершілікті жастайынан жанына серік еткен ол бүгінде осы өнердің қыр сырын үйреніп нағыз хас шеберге айналған. Эксклюзивті яғни, ешкімдікіне ұқсамайтын сәукелені де осы жас та хас шеберден ғана табасыз. Сәукелеге тапсырыс берушілердің дені өнер майталмандары мен қалыңдықтар екен. Осындай жастарымыздың асыл ғұрпымызға тигізіп отырған тамшыдай болса да үлесін көргенде ұлттық құндылықтарымыз ұмытылып барады деп жоқтауға болмас... Тым батысшыл бүгінгі дизайнерлеріміз ұлттық нақыш пен бүгінгі сән стилін өзектестіре отырып тамаша дүниелер жасаса деген тілек қана біздікі. Сонда жақсысы сұрыпталып, жаманы күресінде өз өзінен қалып қоятыны сөзсіз.
Айман Белесова, «Ару» той салонының сатушысы:
– Салонымызда еуропалық та, ұлттық нақыштағы да той көйлектері бар. Бүгінде әсіресе оңтүстікте қыздың ұзату тойында сәукелесімен қазақша көйлек киіп, ал күйеу жігіт жағындағы тойда кәдімгі еуропалық үлгідегі көйлек кию үрдіске айналып келеді. Негізі көйлектерді Түркиядан, Италиядан алдырамыз. Басқа да еуропалық елдерден тасымалдау тым қымбатқа түседі. Сосын оны өзімізде қойып сату бағасын тіптен шарықтатап жібереді.. Расында көйлектердің басым бөлігінің иығы жалаңаш болып келеді. Өзге дизайндағысын алуға ниетіміз бар. Бірақ көйлектердің көпшілігі осылай тігілгесін амал жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста