Осы уақыт аралығына дейін тілге қатысты біраз мәселе көтерілді. Соның ішінде балаға өз ана тілін жастайынан үйрету қажеттігі сөз болды. Енді бізді алаңдатқан жәйт, бүгінде бесік жырын айту жеткілікті дәрежеде орындалып жүрген жоқ. Оның бір мәнісін мынадан іздеген жөн. Жекелеген дәрігерлердің айтуынша, баланы бірнеше сағат бойы бесікте ұстау қан айналымы қызметін нашарлатып, «оның толық өсіп-жетілуіне кедергі жасайды» екен.
Егер, расымен осылай болса, бесікте жатып, тәрбиеленген халық жазушысы Шерхан аға Мұртаза туралы Baq.kz-те (09 желтоқсан 2011, сұхбат. Шерхан Мұртаза, Халық жазушысы: «Менімен бірге туған ұрпақ қырылып қалмағанда, бүгін 30-40 миллионға жетер ме едік...) жарияланған мына сұхбатқа назар салыңыз. Онда белгілі қаламгер былай дейді: «Мен әкемнің жалғызымын. Менен бұрын үшеуі, бірінен соң бірі, қарашешектен қайтыс болып кеткен. Шешек шығады, өле береді, тірі қалмайды. Менімен бірге туған балалардың қырылғаны – бәрі тірі болғанда, біз бүгінгі заманда, 30-40 миллионға жетер ме едік?! Қырылып қалған! Қынадай қырылған, қарашешектен! Мен аман қалғам! Неге, аман қалғам? Сөйтсем, менің бесігім арша ағашынан екен. Әжем – Күнекей, жарықтық, байдың қызы. Сол әжемнің бесігі болған. Оны «Аршабесік» дейді. Талас Алатауында өсетін арша, содан бесік жасаған. Аршабесікке құрт-құмырсқа, «шорт-морт», бит, анау-мынау, жыбырлағандар жоламайды, қырылып қалады. Маған да шыққан, қарашешек. Құдай сақтап, сол аршабесіктің арқасында аман қалғам. Әкем жарықтық ол кезде жас, мен бесікте жатқанда: «Мынау да адам болмайтын болды ғой» деп теріс қарап, күдер үзіп қалған екен. Құдайдың құдіреті, бір кезде мен әйтеуір, тіріліп, қатарға қосылыппын. Аман қалуыма, сол аршабесік себеп болды. Шешек ауруының, дертінің уытын өзінің бойына сіңірген дүние. Қасиетті арша ағашы бар – Талас Тәңіртауында. Сол жерлерде өседі. Көп жерлерде жоқ, қасиетті арша. Ол кез келген жерде өсе бермейді».
Шерхан ағамыздың ойы өзгеден ерек екенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан баланы бесікте ұстау зиян деген пікір қисынға келмейді. Қорыта келгенде, дәл қазіргі кезде қалада жаңа туған нәрестені бесікке бөлеп жүргендер ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ал анығы, әжелерінен бесік жырын тыңдап өскен балалардың дені қазақша сөйлейді.Осы орайда, «баламызды кереуетте ұстап, бесік жырын айтпай, тілімізді жөргектен «тұншықтырып» жатқан өзіміз емес пе? деген сұрақ еріксіз туындайды.
abai.kz сайтынан алынған