Ұлттық арнаның таңғы бағдарламасына келіп, өзіне қарыз адамнан ақшасын талап еткен Тұрсынбек Қабатовтың әйелі масқара болды. "Qazaqstan" арнасының таңғы ақпараттық бағдарламасынан мұндай олқылықты көрген журналист Айнұр Қалдарбекова әріптестеріне ұсақталмау керектігін айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Таңғы бағдарлама кезінде Мөлдір Мұқанова танымал біреуден ақшасын ала алмай жүргенін айтқан. Тіпті, тікелей эфирді пайдаланып, егер ол адам қарызын қайтармаса, атын айтып, жұртқа әшкерелейтінін де жеткізген.
"Жұлдызды жаңалықтар айдары болса керек, журналист соңғы жаңалықтардан хабар беріп жатыр. Гүлнұрдың бауырсақ пісіргені және оның "Тың" идея екенін айтып келіп, әңгімені Тұрсынбектің Мөлдірімен өрбітті. Шай дайындап жүріп, бас жағын естімей қалыппын (қап!), қысқаша былай: "... өте танымал адам ауыз толтырып айтатындай қомақты ақша алды да, сонысын мойындамай жүр.... керек болса, алдағы уақытта аты-жөнін толық айтамын сіздерге", - деді.
Оразымбетованың тікелей эфирге тікелей қатысы барын білгендіктен, оның "бауырсағын жеп қойдық". Ал, мынау не? Қашаннан бері біреудің біреуге аласы-бересі, қарызы мемлекеттік маңызды мәселеге айналған? Елдің ішкі не сыртқы қарызы ма еді ол? Әлде телеарна арқылы көрсеткен дөң-айбаты ма?", - деп жазды жуналист өзінің Facebook-парақшасында.
Сондай-ақ Қалдарбекова ұлттық арнаны жеке бас мәселесін қозғайтын коммерциялық арнаға айналдырмауды өтініп, арна басшылығынан ендігіде эфирді қадағалауды сұрады.