Тереңнен тартқан талғампаз

Әлемдік деңгейге көте­ріл­ген ұлттық сөз өнері­міз­дің қадір-қасиетін, тарихы мен табиғатын, мәдени-рухани мәнін ашып, саралайтын әдебиет­тану ғылымы да арыдан тамыр тартып, кемелдік кезеңге жетіп отыр. Осы салада өнімді еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым – ҚР Жоғарғы мектебі Ұлттық Ғылым академиясының, Халық­аралық Айтматов акаде­мия­сының академигі, фило­логия ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Қазақ прозасын зерделеу
Сонау 1985 жылы КазГУ-де өзі оқыған ка­федрада кандидаттық диссертациясын қорғаған соң білім-ғылым саласына бүтін­дей ат басын бұрды. Осы тұстан бастап-ақ әде­би-сын мақалалары мен зерттеулері рес­публикалық басылымдарда, әдеби жи­нақтарда жиі жариялана бастады.
Қазақ әдебиетінің түрлі жанрдағы шы­ғар­малары мен ұлттық құндылықтарын ұл­ықтап, оның келелі мәселелерін талдап, ба­ғалауда ғалым қажырлы еңбек етіп келе­ді. Оның қаламынан туған «Кейіпкер және тартыс», «Ел мен жер тағдыры», «Та­рих және тағдыр», «Әдебиет және өнер», «Т.Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы», «Жазушы және заман шындығы» (сын мақалалары), «Таным көкжиегі», «Семсер» т.б. зерттеу-сын кітаптары бар. Бұлардан басқа да көп­те­ген әдеби-сын мақалалар жазған. Мұ­ның бәрі ғалымның тынымсыз еңбегі мен қа­лам қарымын, талғам-танымының кең­ді­гін көрсетсе керек.
Қазақ әдебиетінің даму тарихында ХХ ғасырдың екінші жартысы, яғни 1960-1980 жылдар аса мәнді кезең болғаны мә­лім. Өйткені бұл кезеңде қазақ әдебиеті­нің нәрлене-құнарлана дамуына үлес қос­қан талантты жазушылар шоғыры әде­биет­ке келген-ді. Солардың бірі сындарлы суреткер Т.Әлімқұлов болатын. Оның шы­ғармалары өз кезінде әдеби-сын мақала­ларда қарастырылған, жақсы бағаланған. Бірақ жазушы шығармаларын тұтастай қамтып, терең зерделеген алғашқы еңбек – профессор Қансейіт Әбдезұлының «Т.Әл­ім­құлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы» деп ата­ла­тын іргелі зерттеуі. Автордың бұл еңбе­гінде жазушы шығармаларының идеялық-көркемдік және тақырыптық-жанрлық із­де­ністері, өзіндік қолтаңбасы, яғни стиль­дік даралығы, шұрайлы тілі жан-жақты дә­лел­ді де дәйекті талданады. Т.Әлімқұ­лов­тың тұлпарлар жайындағы көркем ту­ын­дыларында жазушыға тән бір ерек­ше­лік адам жанының шындығын, оның мі­нез қырларын ой-сезімдер арқылы ем­ес, нақ­ты іс-қимыл, әлеуметтік әрекет, та­лас-тар­тыс арқылы ашатынын атап көр­сетеді.
 Мәселен, «Ақбоз ат» романын оқып отырған жан кейіпкерлердің ойы мен сезі­мінің тасқынына да, ағынына да ұрынбай, олардың сөзін тыңдайды, өзін көреді, ісін біледі.Тіпті кейіпкер қиын ахуалға тап бо­лып, жаны күйзелгендей күйге түскенде, жа­зушы осы тәсілінен, осы машығы мен мә­не­рінен танбайды. Осы орайда жазушы бір кейіпкерінің сөзі мен ісінің басқа ке­йіпкер тағдырына әсерін ашуға үлкен мән береді. Сөйтіп, адамдар арасындағы қа­ты­нас, бір кейіпкердің ісі мен әрекетінің, ше­шімінің өзге кейіпкерге, оның тағдыры­на әсері осы­лайша тізбектеліп, бір сатыдан келесі сатыға ауысып, тереңдей береді. Мұ­ның өзі шығарманың әлеуметтік салма­ғын арт­ты­руға жол ашады, – деп тұжы­рым­дайды.
Қазақ халқы үшін жорға, жүйрік міну, сәйгүлік ұстап, оны баптау, қызығын тама­шалау өмірдің ерекше бір қуаныш-қызығы саналған. Атты адамның қанатына бала­ған халық ешбір той мен асты бәйгесіз өт­кізбеген. Бұл – халқымыздың арыдан келе жатқан дәстүрлі мәдениетінің бірі. Сон­дықтан болар, ауылда туып-өскен Тәкен де жүйріктің бабы мен сынына ерекше ық­ы­ласпен қараған сияқты. Өйткені осы та­қы­рыпқа «Жүйріктер мен жабылар» атты эссесінен бастап бір роман, бірнеше по­весть, әңгімелер жазыпты. Ғалым түрлі жанрлық үлгідегі шығармала­ры­ның басты ерекше қасиеті – олардың ұлт­тық сипа­тында деп біледі. Мұның өзін тұлпарлар тағдырымен байланыстыра оты­рып, сәтті көркемдік ізденістер жасаға­нын дөп басып таныған. «Ақбоз ат» рома­нында жылқы­шылардың өмір-тіршілігі, тағдыры, ауыл өмірі оқиға желісін құраған. Алайда жазушы бірыңғай жүйрік жайын қызықтап кетпей, жылқы түлігінің даралық белгі-нышандарын ашып, жүйрікке тән хас бел­гілер мен атты баптап-жаратудың да тә­сілдерін жетік білетінін нақты мысал­дар­мен дәлелдейді. Зерттеуші бұл ретте Т.Әл­імқұловтың өз көзімен көрген, көңілі­не түйген деректер мен ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге де көп мән бергенін атап өтеді.
Профессор Қансейіт Әбдезұлының на­зар аударған тағы бір мәселесі – романда­ғы кейіпкерлерінің әрқайсысының дара портреттеріне тереңдеп баруы, сол тұста жарқырап көрінген суреткер шеберлігін тал­дап, алдыңғы қатарға шығаруы. Ро­ман­да суреттелетін сәйгүліктер жарысы шын жүйрікті анықтаса әрі тұлпарлар ай­на­ласындағы адамдардың да ниет-пиғы­лын, мінездері мен таным-түсінік, адам­дық қасиеттерін танып отыратыны көрсе­тіл­ген. Жүйріктер бәйгесі жазушы үшін адам мінезін даралайтын көркемдік амал-тәсіл екенін дәлелді саралайды.
Тақырыбына адалдық танытып, Т.Әл­ім­құловты ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан профессор Қансейіт Әбдез­ұлы жазушының жетістігі қатарына сәйгү­ліктер тағдырына қатысты шығармалары­ның өнбойында желі тартып жататын ат­бегіліктің шарттары мен тәсілдері және на­ғыз жүйрікке тән сын-сипат, белгі-ны­шан­дардың да шынайы, әсерлі суреттеле­тіні кейде дүниетаным иірімдерінен ту­ын­дап жататын философиялық ой-толғаныс­пен астарланып отыратынын да орынды пайымдаған.
Ғалым зерттеулерінің бір ұтымды жері – Тәкеннің тұлпарлар тағдыры жайында жазылған туындыларын жеке-дара талда­май, басқа жазушылардың (Ш.Айтматов «Қош бол, Гүлсары», Ә.Кекілбаевтың «Бәй­геторы», С.Бақбергеновтің «Өрімші», Қ.Жұмаділовтің «Сәйгүліктер» т.б.) шы­ғар­маларымен салыстыра-жарыстыра тал­дау арқылы әр жазушының өзіне тән ер­екшеліктері мен үндестіктерін ашып көр­сетіп отыруы. Өмірлерінің соңында ешкімге керексіз болып қалатын тұлпарлар тағдырын адам өмірімен астастыра бейне­леу арқылы адамдардың сан қилы тағ­ды­ры да, қоғамдық орта мен тарихи кезең шын­дықтары да бой көрсетіп отыратынын на­нымды зерделейді.
Т.Әлімқұловтың «Көк қаршыға» повесі де оқырманды ерекше әсерге бөлейтін туынды. Повесте сан қырлы өнер иесі Ақан өмірінің соңғы кезеңі көрініс тапқан. Оның өмірінің ең бір мәнді сәтін ғана таңдап-ек­шеп шығарма арқауына айналдыруы су­рет­кердің көркемдік-эстетикалық талға­мын биіктетіп, шағын повестің ажарын ай­шықтағанын саралайды. Бұл ретте де әдебиетші Қансейіт Әбдезұлы оқиғаны аса құштарлықпен, терең сезіммен беріле бейнелеуін жан-жақты тарата талдап, жо­ғары деңгейде толымды пікірлер айтады.
«Таным көкжиегін» кеңейту
Ғалым-зерттеуші Ақанның ішкі жан әле­мі, сыр-сипаты, терең тебіренісі ішкі мо­нолог, бірде кейіпкер сөзі, кейде автор­лық баяндау сияқты көркемдік тәсілдер арқылы айтулы тұлғаның өнерпаздық қыр­ларын айқындай түсіп, жазушының айтпақ идеясын көрсетуге қызмет ететінін тап басып таниды. Автор өмірінің траге­диялы тұсын нанымды тартыстар нәтиже­сінде ашып, ақын образы шынайы мүсін­дел­ген деп түйеді.
Повесте Балқадиша, Ақтотыға байла­нысты жан сергелдеңдері мен ізбасар дос­тары Аяған, Солтанмахмұт, Бәтжандарға қа­тысты іс-әрекеттердің бәрі тоғыса кел­генде Ақанның жүрек жарды сырын, қа­палы сәттерін шебер жеткізіп, оның бей­несін даралай түседі. Жазушы болған оқи­ға­ларды баяндаушы ғана емес, тарих те­реңіне бойлай білетін, заман кейпі мен ор­та тағдырын топшылай алатын ойшыл парасат иесіне айналғанын көрсетеді. Су­рет­кер осы повесінде көркемдік тәсілдер­дің қыр-сырын терең меңгеріп, оны шебер қолдана білген. Сондықтан өнер адамы­ның өміріне арналған «Көк қаршыға» өте сәтті туынды деген әділ байлам айтады.
 Ұлт руханиятындағы даралығы айқын өнер адамдарының өнерпаздық өрісі, көр­кемдік-эстетикалық әлеуеті өзгеше. Олардың тарихи тағдыры мен шығарма­шылық болмысы арқау болған туындыны та­рихи кезең шындығымен астастыра зерде­леу­дің мәні зор. Осы орайда Қансейіт Әб­дезұлының «Сейтек сарыны» повесін тал­дауға арналған зерттеуі де шығарма­шы­лық тұлғаның көркем образға айна­луы­ның тарихи, көркемдік негіздеріне қа­нықтыра түседі. «Сейтек сарыны» – Тәкен­нің сурет­кер­лік талғамын танытатын туын­ды­сы. Повесте Сейтектің күйі арқылы әлеу­меттік теңсіздік пен оның тәлейсіз тағдыры, қиын-­қыспақта өткен өмір жолы сурет­теледі. Шығарма кейіпкері Сейтектің өнері мен өмірі ел тарихымен, жер тарихымен өзі туып-өскен аңызға бай Қаратау өңірінің аясында бейнеленуі повестің дәйектілік шы­найлығын күшейте түседі әрі әлеуметтік өмірдің тынысын танытатынына жан-жақ­ты назар аударылады.
Сейтектің қуғын-сүргін көруі, абақты­дан қашқан азапты сапары бәрі күй сазы­мен қос өрім тартып, сюжеттік желі үзілмей сабақтасып, жүйелі өрбиді. Сөйтіп, күйші тұл­ғасының кей қырларын, өткен өмір жо­лы­ның өкініштерін елестететіні айғақ­тал­ған. Күйшінің «Заман-ай» күйін Сәруар шал­дың орындауында тыңдаған Дәрмен­нің қа­сі­реттен қасиетті шығарма туатынына көзі жетеді. Сәруар мен Дәрменді күйшінің тағ­дырына қатысты оқиғаларға араласты­рып отыруы Сейтек тұлғасын биіктетіп, аша тү­се­ді. Домбыра шанағынан төгілген күй­дің сиқырлы сазы Дәрменнің жан-жүрегін тер­беп, қиялына қанат бітіргендей ерекше бір күйге бөлейді. Ғалым Қ.Әбдезұлы су­рет­кердің өнер құдіретін де, кейіпкерлері­нің портрет-мінездемелерін де өте нәзік біл­гір­лік – дәлдікпен өрнектей алғандығын, көр­кемдік жинақтау заңдылықтарын алға тар­та отырып, қаламгер шеберлігіне биік баға берілген.
Жазушы тарихи деректерден алшақ кетпей, Сейтек өмірінің бір кезеңін аталған повестің арқауына айналдырып, белгілі ке­йіпкерлердің тәлей-тағдырын, тыныс-тіршілігін, рухани өмірі мен әлеуметтік сыр-сипатын диалектикалық тұтастықта алып суреттеуі арқылы тарихи кезең шын­ды­ғын сәтті ашқанын атап өтеді. Сондай-ақ ел жадында жүрген аңыз-әңгімелерді оқиға мен кейіпкер мінезін ашуға пайда­ла­нып отыруы да автордың көркемдік мақ­са­тынан туған тәсілі ретінде бағалай­ды. «Күй сазының ішкі арнасында күйшінің шығармашылық психологиясына бойлау­да күйдің әуені мен әсерін, үн мен сырын мөл­діретіп суреттеуге, адам мен заман шын­дығын, өмір сырын сол арқылы таны­туға келгенде Т.Әлімқұловтың суреткерлік шеберлігі анық, дара көрінеді» деп түйе­ді. Сонымен, профессор Қансейіт Әбдез­ұлы өз зерттеуінде жазушының өнер тура­лы дәйекті білімін, стильдік даралығын тео­риялық тұрғыдан айқындап, шеберлік сырларын жете игерген қаламгер деген орынды қорытындыға келген.
Тақырыбына тереңдей бармаса қолы­на қалам алмайтын,талғампаз, талантты ғалым Қансейіт Әбдезұлының еңбектері алуан арнадағы тақырыптарды арқау ете­ді. Солардың соңғы жылдары жарық көр­ген бір шоғыр мақала-зерттеулері «Таным көк­жиегіне» топтастырылған. Ол қазақ әде­биеті мен өнерінің дамуына үлес қосу ар­қы­лы дәуіріміздің көркем шежіресін жа­сауға атсалысқан тұлғалар мен қалам­герлік биік парыз жайында толғанады. Бірнеше көрнекті суреткерлердің жазған туындыла­рындағы соны ізденістер мен сөз өнерінің бағыт-бағдарын, табиғатын зер­де­леген оқы­мыстылардың портреттері жа­салады. Әде­биетіміздің бүгінгі тақы­рып­тық-идея­лық сын-сипаты мен болмы­сы ой елегінен өтіп, талдау-таразылау ны­са­насына айналады.
Профессордың қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге де күнбе-күн үн қосып жүрген публицистикалық мақалалары оқырманға таныс. Тәуелсіз елдің жаңа тарихы, халық тағ­дыры, жер мен жастар болашағы жоға­ры білім берудің әлеуметтік бағдарлары т.б. қазіргі уақыттың өзекті мәселелері ха­қын­дағы азаматтық пікірлерін баспасөз арқылы үнемі ортаға салып отырады.

Өмірдерек
Қансейіт Әбдезұлы 1953 жылы 6 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің фило­логия факультетін, одан кейін аспирантурасын, докторантурасын аяқтаған. Ұстаздық ең­бек жолын осы университетте оқытушылық қызметтен бастап, кейін ҚР Ғы­лым және білім министрлігінің жоғары білім беру басқармасында бөлім бастығы, Қазақ мем­лекеттік қыздар педагогикалық институтында доцент, қазақ әдебиеті кафедрасының мең­герушісі, филология факультетінің деканы қызметтерін, Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­гогикалық университетінде оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды.
Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі. Қазір әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­тінде фи­ло­логия факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. 2006 жылдан  бастап уни­верситеттегі әдебиеттану ғылымы бойынша докторлық диссертациялық ке­ңестің төрағасы. Қазақ әдебиеті тарихына арналған бірнеше оқулықтар мен оқу құ­рал­дарының авторы. Көрнекті қазақ қаламгері Т.Әлімқұлов шығармашылығы жайында «Ел мен жер» атты тұңғыш зерттеу еңбегін жариялап, әдеби-сын жанрына сүбелі үлес қосты.
2006 жылы Ресей Ғылым академиясының әдебиеттану ғылымы саласындағы М.Шолохов атындағы алтын медальдің иегері, 2008 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атағын иеленді. Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Құрметті азаматы.

Зұфар СЕЙТЖАНҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор

Р.S.
Нағыз кемелденген шаққа келелі еңбектерімен келген ұстаз-ғалымның асқан асу, шыққан биігі мен мұндаласа, «ақырын жүріп, анық басатын», үлкен-кішіге ілтипатпен қарайтын кішіпейіл кісілігі де сүйсінтеді. Ұлт әдебиетіне талғам биігінен қарап, айналасына әрдайым шапағатын шашып, төңірегіне мейірімін төге жүретін, әр уақыт сабыр мен қанағатты ұлы қасиет, қағида санайтын парасатты, игілігі мол азаматқа зор белестер тілейміз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста