Кеше редакциямыздың электронды хат қоржынына «Барып қайт, балам, ауылға» сынды жүрек тербер тамаша әндерімен халқының жанын тербеткен қазақтың талантты композиторы Темірәлі Бақтыгереевтен хат келіп түсті. Алпысты алқымдаған шығармашылық иесі тілдей ғана хатта өзінің жан сырын ақтарып, ел ішінде жүрсе де, елеусіз ғұмыр кешіп жатқанына налып, мұңын шағыпты.
Тағдырымен бетпе-бет қалған өнерпаз ағамыздың хатын қызы Әлия қағазға түсіріп жолдаған екен. Оқырман қауым назарына хаттың толық түпнұсқасын ұсынып отырмыз:
«Осы хатты жазып отырған композитор, журналист, І топтың мүгедегі Темірәлі Бақтыгереев ағаңыз. 1989 жылдан бехтерев деген аурумен І топтың мүгедегі болғаным аздай, 2002 жылдың қараша айында көлденең келген қасірет – көшеде қасиетсіз біреудің автокөлігі соққаннан өлім аузынан қалып, қазіргі уақытта жүріп-тұру да қиын, жеңгеңнің жетелеген көмегімен күн көрудемін.
Менің шығармашылығым халықтың жүрегінде деп білемін. 250-ге тарта әндер шығардым, олардың көбісі халыққа таралып кетті. Әсіресе «Барып қайт, балам, ауылға», «Ғашықтар сенімі», «Таңғы тілек», «Сағыныш», «Кешір мені», «Мәдина», «Қазақ елім», «Ер Махамбет» т.б. кең тараған әндерімді өзіңізге атақ-даңқтары өте таныс композитор Е.Хасанғалиев, Н.Үсембаева, Т.Жаманқұлов, Ғ.Есимов, Н.Өнербаев пен «Музарт» тобы, С.Жұмағалиев, Г.Сиқымбаева, Л.Төлешева, Р.Мұсабаев, Ж.Құжыманов, С.Нұрбергенов сияқты майталмандар орындауда.
«Барып қайт, балам, ауылға» атты әнім бүкіл дүниежүзі қазақтарына танылды. Әйгілі таэквондо шебері Мұстафа өз Түрік осы ән бойынша жеке фильм түсіріп, өзіне бойтұмар етті.
Алпыстан асқан шағымда не атақ, не бір арнайы сыйлықпен марапатталмаппын. Шығармашылық соңына түскен қырық жылдың ішінде ешқандай шаһарда жеке үй-жайым болмапты».
Шынында да, өнерді өрге сүйретіп, әнді бағалайтын қазақ қоғамы бүгінде Темірәлідей талантын ұмыт қалдырғаны қалай? Қарап отырсақ, соңғы 10-15 жыл бедерінде Темірәлі ағамыз не бір үлкен концерттерге, не бір мерейтойлар мен сән-салтанаты келіскен кештерге шақырылмапты. Қазағын ән-кеудесімен құшуға құмартып-ақ тұратын талантты композиторымызға не бір атақ-дәреже, не бір марапат қағаз да бұйырмапты. Денсаулығының ауырлығымен қоса баспана зарын да көріп келеді. Кейінгі кезде тіпті жүруден де қалып, сөйлеуі де қиын болып кетіпті. Осыншама белгілі адамның лайықты дәрежеде бағаланбауының астарына үңілгіміз келіп, біз біраз жерлерге телефон шалып, хабарластық.
Жарылқасын Дәулет, композитор:
– Темірәлі ағамыздың талантты композитор екеніне дау жоқ. Ол кісінің бір ғана «Барып қайт, балам, ауылға» деген әнінің өзі неге тұрады? Бірақ, өкінішке орай, біз осындай дарынды адамдарды дер кезінде бағалай алмай жатамыз. Темірәлі ағамыздың барлық марапат пен сыйлықтардан қағылып қала беруі, мүлде ескерусіз қалуы Композиторлар одағына мүше еместігінен болуы керек. Бізде композитор ретінде ресми мойындалу үшін арнайы дипломың болуы шарт. Осындай қатып қалған талаптар қаншама жайсаңдарымыздың бағын байлап отыр. Дипломнан бұрын адамның таланты таразыға түсу керек емес пе? Темірәлідей ағаларымыздың елеусіз қалғанына менің де жаным ауырады. Өнер саласында жүрген жандар мұндай жағдайға бейжай қарамауға тиіс деп ойлаймын.
Бұдан соң Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек апайымызға телефон шалдық:
– Алло, сәлеметсіз бе, Темірәлі Бақтыгереев деген композитор ағамыз бар ғой, білесіз...
– Ондай композитор жоқ «вообще», тек әуесқой бір адам болған...
– Енді, қалай болғанда да ол кісі ел білетін адам ғой... Сол ағамыздың денсаулығы да ауыр халде. Осы уақытқа дейін бағаланбадым деп хат жолдапты... Сонда бұл кісі Композиторлар одағының мүшесі емес пе?
– Жоқ, мүшесі емес.
– Ағамыздың осындай халін ескеріп, қабылдауға болмай ма?
– Болмайды!
– Сонда ағамыз елеусіз-ескерусіз қала бермек пе?
– Кезінде оқып, білім алмаған өз обалы өзіне. Енді біз қайтеміз? Біздің жарғымыз бойынша солай! Ол үшін арнайы музыкалық, консерваториялық білім керек. Ол кісіде ондай жоқ. Дүниеде әу демейтін қазақ жоқ. Елдің бәрі ән шығарады. Енді оның бәрін одаққа мен қалай қабылдаймын?
– Жарайды, рақмет, түсінікті болды.
Әлия Бақтыгереева, композитордың қызы:
– Әкеміз бұрын Композиторлар одағының мүшесі болған. Бірақ кейін белгісіз бір себептермен шығарылған. Ең қиыны – әкемізді бұрын араласқан бірде-бір әріптесі іздемейтін болды. Өзі төсек тартып қалды. Тілі күрмеліп сөйлей де алмайды. Кейбіреулер тіпті «Темірәлі Бақтыгереев қайтыс боп кеткен» деп ойлайды екен... Қазір бірқатар танымал композитор ағаларымызға өтінішпен шығып жатырмын. Нәтижесі қандай боларын білмеймін. Әкемнің музыкалық білімі де бар. Әндері эфирлерден шырқалған сайын көңіліміз толқып отырады.
Қазіргідей ақпараттар тасқыны мол заманның жетістіктеріне сүйеніп, бұл кісі туралы өзге де тың мәліметтер тауып қаламыз ба деп ғаламтор арқылы «google» сайтында да іздеу салып көргенімізде тек жалғыз ғана қысқа мәліметке тап болдық. Онда тек «Темірәлі Бақтыгереев Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Березин ауылында туған. Алматы музыкалық училищесін, ҚазҰУ-дың журналистикасын бітірген» деп қана жазылған. Ал басқа композиторлар туралы, әсіресе жас әнші-сазгерлер жайында интернеттен мыңдаған мәліметтер алдыңнан қаптап шыға келеді. Қалай десек те, төсекке таңылған тағы бір талантымыздың тасада қалып бара жатқаны өкінішті-ақ.