Театрдың 87-маусымы ашылған тұста театрлардың сауатты да тың, тілі көркем, ойы орамды драматургиялық шығармаларға зәру екендігі айтылды. Жыл сайын елде драматургиялық еңбектерге арналған әртүрлі байқаулар ұйымдастырылып, жас қаламгерлердің қатысуымен пьеса жазу мәселелері талқыланады.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының режиссері Әбубәкір Рахимов та театрдағы драмаларға жас қаламгерлердің қолтаңбасы ауадай қажеттігін айтты. Режиссер қазір республика бойынша жас драматургтерге арналған конкурстардың жиі өткізіліп тұратындығын, ол байқаулардан орын алған пьесалардың барлығының сахналатынын айтты. Театр сыншысы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова қазіргі драматургтерге жаман қаламақы төленбейтінін, жазамын деген жастармен театрдың жұмыс істеуге дайын екендігін мәлімдеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбубәкір Рахимов сондай-ақ бірқатар проблемаларды да тілге тиек етті. «Біз жазамын деген жастардың басын қосып әңгімелескенде, жастардың алдымен айтқаны «Қанша төлейсіз?» деген сұрақ болды. «Алдымен жазып алып келші, қалқам. Содан соң ақылдасайық, көрейік, талқылайық десек, «дұрыс ақшасы болмаса несіне жазамыз?» деген пікірді айтады», – дейді. Жалпы, драматургияның өте ауыр жанр екендігі белгілі. Тіпті кейде драматургия жазып жүрген аға жазушылардың өздерінің аузынан «Осы драматургияға кеткен уақытымда бір роман жазып-ақ тастар едім» дегенді еститін кездер болады. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова Ресейде үлкен драматургиялық лаборатория қалыптасқанын, бізге де осындай тәжірибе керек екендігін айтты. Ал әртіс Шынар Жанысбекова Әуезовтің, Мұқановтың, Мүсіреповтің тіліндей шұрайлы сөйлейтін кейіпкерлерді сомдауды асыға күтіп жүргенін жеткізді. «Классиктердің кейіпкерлерінің өміршеңдігі де, кейіпкерлері бейнелерінің шоқтығының биіктігі де олардың тілінің көркемдігінде еді.
Біз қазіргі жас қаламгерлерден осындай бейнелерді асыға күтеміз», – деді актриса. Академиялық театр сонымен қоса, үкіметтік бағдарлама негізінде шағын қалаларды, алыс шалғай елді мекендерді аралау бағытын ұстанып, биылғы жазда Қазақстанның көптеген елді мекендерін аралап қайтты. «Халықтың өнерге сусап отырғанына куә болдық. Алыс аудандардағы қарапайым халық алғашында «біз театрдың корифейлерін көргенбіз» деп менсініңкіремей отырғанымен, талайдан бері театр әртістерін көрмей, әбден сағынып қалғандарын жасырмады. Әр әртіс шыққан сайын қол соғып, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Бұл қазақтың төл өнерінен алыстап кетіп, сонымен қайта табысуға асығып отырғанын көрсетеді», – дейді театр әртістері. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық театры қазан айында екі үлкен мерекелік іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Оның бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков шығармашылығына арналған «Исабеков әлемі» атты театр фестивалі. 10-16 қазан аралығында өтетін фестивальда шет мемлекеттерден алты театр, республикадан алты театр – барлығы 12 театр өнер көрсетеді деп күтілуде. Бұл күндері М.Әуезов театры сахнасында күніне екі қойылымнан көрсетілетін болады. Театрда қойылымдар жүріп жатқан кезде аталмыш театр жақын маңдағы Қаскелең, Талғар, Қапшағай, Есік қалалары мен Ұзынағаш, Шелек ауылдарында спектакльдер қоюды жоспарлап отыр. Ал 21-28 қазан аралығында Қазақстан және Орта Азия республикаларының IV Халықаралық театр фестивалі өтеді деп жоспарлануда. Оған Башқұрт, Қырғыз, Өзбекстан, Татарстан тағы да басқа елдер театрлары қатыспақ.