Театр өнері туралы арнайы заң қабылданатын уақыт жеткені ел зиялылары тарапынан талайдан бері айтылып жүрген. «Бүгінгі Қазақстанның театры: театр қызметінің қазіргі жағдайы және оны заңнамалық тұрғыдан жетілдірудің перспективалары» Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыланған тақырып болды.
«Театр тірі организм» қағидасына сүйенетін кейбір сарапшылар қазіргі қазақстандық театрлардың фольклорлық шығармаларды сахналаудан әріге аса алмай жүргенін, ел театрларының қазіргі кәсіби заманауи театрлар формасына көше алмай келе жатқанын, жас жазушылардың сахналық пьеса жазуға құлықты емес екенін, аймақтық театрлар тыныс-тіршілігінің назардан тыс қалып бара жатқанын жиі сөз етіп жүр. Театр қайраткерлері мен парламент депутаттары осындай өзекті делінген мәселелерді ортаға салып, театр өнері туралы арнайы заң қажеттігіне тоқтады. Депутат, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Гүлмира Исимбаева БАҚ өкілдеріне ол заңның шеңберінде «театр деген не?» дегеннен бастап, осы өнер шаңырағының қызметіне байланысты барлық мәселелердің құқықтық-заңнамалық реттеу нормалары қарастырылуы тиіс екендігін жеткізді.
Уақыт ағымынан қалмай келе жатқан заманауи кино мен теледидар театр көрерменінің де талғамын бұзды. Бүгінгі жас көрерменнің кешегі тарихи пьесалардағы, қазақтың эпос жырларындағы кейіпкерлерге, кейбір ұлттық құндылықтарға, этнографиялық мұраларға сенімсіздікпен қарайтын, көркем шығарма тілін түсіне бермейтін кезеңі келді. Қазақы қоғамнан осындай жаңаша бетбұрысты сезінген театрлар да шама-шарқынша қойылым ұсынуда жаңа формат, тың форма іздеуге көше бастады. Театрдағы саналар қақтығысы, философиялық ізденіс, заманауи эстетикалық талғам, бүгінгі әлеуметтік шындық, бүгінгі бейнелер, шынайы актерлық ойын – көзіқарақты көрерменнің арманы.
Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі және директоры:
– Бұл – өте қажетті заңнама. Талай айтылса да бұған ешкімнің қолы, қолы барса да ниеті болмай, қалып келе жатқан шаруа. Мәдениет заңындағы кішкене ғана жазба мүлдем таратылмаған. Бұл – пойыздың өзі бар да, сүйрейтін вагоны жоқ деген сөз. Онда театрдағы авторлық құқық, репертуарлық саясат, театрдың жалпы болмысы, кім ие, қаржыландыру, ол жердегі статус деген дүниелер қаралмаған. Кешегі ақылдасу алқасында осының бәрі сөз болды. Әртістің, режиссердің, автордың, суретшінің, журналистің құқығы деген дүниелер де – көп талас тудыратын жайлар. Осының бәрі тарау-тарауымен, бөлім-бөлімімен қарастырылуы керек.
Аз қаламақы болғандықтан, пьеса жазылмайды. Театрдың мәселелерін айта берсек таусылмайды. Бұл бізге театр өнері туралы арнайы заңның аса қажет екендігін көрсетеді.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург:
– Бұл шара Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен ұйымдастырылды.
«Қазір театрлар жұмысы құлдырап, әрқайсысы өз бетімен кетті. Директор қалай шешеді, бәрі солай болады. Бір бағдарлама, бір заңнама жоқ. Жергілікті авторлар, жергілікті драматургтер қаптап кетті. Қазір директорлар пьесаны өзі жазып, өзі қоятын болды. Осы мәселе шектен шығып бара жатыр» деген мәселелердің бәрі осы жиында айтылды.
Мен «барлық облыстық және Астана, Алматыдағы театрларды Мәдениет және ақпарат министрлігі өзінің қарамағына алуы керек» деген ұсыныс айттым. Өйткені қазір министрлік жергілікті театрларға еш әсер ете алмай қалды. Қазір олардың ешқайсысы министрлікке бағынбайды. Республикадағы барлық театрлар орталықтандырылған қаржыландыру жүйесіне көшуі керек. Қазір театрларды жергілікті әкімшіліктер қаржыландырады да, олар ол театрда білгенін істейді. Кез келген жиналыс қазір театрда өтетін болды. Ол – бір. Екіншіден, қазір қаламақы саясаты көп айтылып жатыр. Қаламақының механизмі жасалмай ешқандай қаламақы көтерілмейді. Үшінші, қазір өзі драматургтер жоқ. Біз кеткен соң, 2030 жылы драматург қалайын деп тұрған жоқ. Қазірдің өзінде жазып жүрген төрт-бесеуіміз ғана. Бұлай кете берсек, 2030 жылы режиссерлердің барлығы өлген драматургтермен жұмыс істейді. Жас драматургтер неге жоқ? Өйткені оларға ол тиімсіз. Пьеса деген күн сайын, апта сайын, ай сайын, тіпті жыл сайын туа салатын дүние емес. Ол төрт-бес жылда бір жазылады. Ал сол төрт-бес жылдық еңбегіне 10 мың доллар алды делік. Ол оның бүкіл қажеттілігін жаба ма? Келесі пьесаға дейінгі күнкөрісіне жете ме? Сондықтан да жастардың бәрі басқа жақтардан нәпақа іздеп кетті. Осыны көбейту керек. «Драматург болдым» деген атақ жастарға үлкен абырой әкеліп, материалдық мүмкіндігін толық қамтамасыз ету керек. Ал біз осыны жасай аламыз ба? Қазір «бір пьесаға 100 мың доллар» деңізші, қанша пьеса туар еді. Біз енді жолдың жиегіне шығып бақылап отыратын жасқа келдік. Дөңгелек үстелде осындай олқылықтардың барлығы ортаға тасталды. Біз мәдениетті ұлттық байлық деп түсінбесек, мәдениеттің деңгейі осы күйінше қала береді.
Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы:
– Бұл өте орынды көтерілген мәселе болды. Өйткені қазір елде 60-қа тарта театр бар. Қазір олардың қайсысының не істеп, немен айналысып жүргенін адам білмейді. Соның барлығын қазір жүйелеп, бір жолға қою керек. Соған бағдаршам болатын осындай арнайы заң, заңнама, тұғырнама қажет. Мәдениет туралы заңда театр туралы бар болғаны екі-үш-ақ сөз бар. Ол жеткіліксіз. Театр өнері туралы дербес, жеке заң болғаны өте орынды. Бұл басқосу – соған жасалған алғашқы қадам. Біз оны қуана қоштаймыз. Қабылданатынына сенгіміз келеді.
Театр туралы арнайы заң қажет
Последние статьи автора