Ақтөбеде өткен Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІ республикалық фестивалінде Қазақстанның Халық артисi Есмұқан Обаев қазылар алқасына төрағалық етті. Театр өнерінің жайын бес саусақтай білетін Есмұқан Несіпбайұлына бірер сұрақты көлденең тартқан едік.
— Тахауи Ахтановқа арналған фестивальде Ахтановтың пьесалары ғана көрсетілетін шығар дегенбіз. Жалпы, өзіңіз режиссер ретінде Ахтанов драматургиясына деген көзқарасыңызды білдірсеңіз.
— Ақтөбе киелі жер ғой, Жұбановтардың, Қазанғаптың елі, тіпті жалғыз Әлия Молдағұлованың өзі неге тұрады? Жазушының мерейтойы тұсында Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтарға арнап ескерткіш қойылып жатыр. Өмірден өтіп кеткен асылдарымызды жоқтайтын кез келді. Тахауи сынды суреткер жазушының сұлу да сырлы сөзінің қадіріне жете алсақ, ғанибет қой. Ахтанов тарихи тақырыпқа бір-ақ рет қалам тартқан: ол — «Ант» секілді күрделі психологиялық драмасы, өзінің айтуынша, ол — трагедия, ел бірлігі хақында айтылады. Әуезов тәрізді ақ өлеңмен жазған Тахауи Ахтановтың төгіліп тұрған тілі қандай, оның астары қандай терең десеңізші... Ондай шығарманы жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Тахаңның қарымды қаламгерлігінің бір көрінісі осы дер едім. Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Анасынан» бір кем түспейтін деңгейлес дүние.
Ахтановтай жазушының 90 жылдығына дөп келген фестивальде, шынында да, бірақ оның өз пьесалары қойылғанда орынды болар еді, ұйымдастырушылардың ұйғарымы осылай болған шығар.
Тахаңның драматургиясы маған жақсы таныс, 21 жасымда Әуезов атындағы академиялық драма театрда Ахтановтың «Боран» пьесасын қойдым. Тахаңның көзі тірісінде тізе біріктіріп жұмыс істегенбіз. Мені жассынбай, тең дәрежеде сөйлесетін. Өзінің спектаклінен қалмайтын. Актерлер әр спектакльде әртүрлі ойнайды. «Таха, сіз де ерінбейсіз, бір қойылымнан қалған жоқсыз», — дейтінмін. Әр келген сайын Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сияқты артистердің ойынына сүйсініп: «Бүгін Фарида ерекше ойнады», — деп отыратын.
Кейін Семейде «Антын», «Арыстанның сыбағасын», «Күшік күйеуін» сахналадым. Тахаңның дүниелері өміршең, оның пьесаларында көтерілген мәселелер әлі күнге өзекті. Мысалы, «Күшік күйеу» комедиясында домбыраны ескіліктің қалдығы деп жүрген қаланың гитараны пір тұтқан тікбақай жастарын екі аспапты айтыстырып, домбыраға тәнті қылып қоятыны бар. Тахаңның қай шығармасында да ұлттық мүддені естен шығармайтыны байқалады. Сол комедиясында «Төл мәдениетіңнен нәр ал, дүниежүзілік мәдениеттен де құр қалма» деген ой айтады.
— Ақтөбеде өткен фестиваль туралы айтсаңыз.
— Телехабарға қатысқанымда «Фестиваль неге керек, қыруар шығын шығарып» деген секілді қырғиқабақ пікір білдірген көрермен болды. Бұл — өте қате пікір. Осы фестиваль 21 жылда еліміздің барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы, басқа да қалаларда өтті, халықтың ықыласы айрықша болды. Үлкен театр мерекесі деуге болады.
Бұл фестиваль 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылдары мен мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары едім, осы фестивальдің ұйымдастырылуына ұйытқы болдым, содан бері көбіне қазылар алқасының төрағасы міндетін атқарып келемін. Бұл шара жергілікті әкімдікке көп салмақ салмайды. Себебі жолақы шығынын әр театр ұжымы өзі көтереді, ал олардың жататын жеріне, тағы басқасына кететін қаржы Мәдениет министрлігінің мойнында. Ақтөбеде өткен фестиваль өте жақсы ұйымдастырылған. Фестиваль қонақтарын, қатысушыларын бәйек болып күтіп жатыр. Ризамыз. Жылда өтетін бұл фестивальға 15-16 театр қатысып жүр. Фестиваль — театр ұжымдары үшін ауадай қажет нәрсе. Театрдың мамандары осындай кезде бір-бірінің жұмыстарын көреді, өзара аралас-құралас болып, бірінің жетістігін, бірінің кемшілігін көреді, содан сабақ алады.
Ақтөбеге келген сегіз театрдың үшеуі академиялық атағы бар мемлекеттік театрлар, олар: 90 жылға жуық тарихы бар Әуезов атындағы академиялық театр, екіншісі – ел Тәуелсіздігімен құрдас Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, үшіншісі – М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры. Қалғандары қалалық, облыстық театрлар. Оларды жергілікті әкімдік қаржыландырып отыр.
Өнер – ортақ, сондықтан қазақ драма театрларының қазіргі кәсіби деңгейі қай шамада, актерлер шеберлігі, сахна суретшісінің жұмысы, осы салаға келген жас буынның аяқ алысы — бәрі-бәрі сынға түседі.
Фестивальда көрсетілетін спектакльдерге билет сатылмайды. Театрға кіру тегін, халықтың театр өнерінің тың туындыларын тамашалап, рухани азық алуына мүмкіндік береді.
2008 жылы М.Әуезов театры осында гастрольдік сапармен келген-ді, сол жолы халықтың ықыласына тәнті болдық. Кейін «қап, біз ол театрдың келгенін кеш естідік» деп бір айға дейін іздеп жүрген көрермендер болыпты. Театр — көз алдыңда өтіп жататын үдеріс, адамды жауыздықтан тіксіндіретін, жүрегін жұмсартатын, әрбір нәрсеге деген өз көзқарасын қалыптастыратын, сұлулыққа ынтық қылатын, адамның нәзік сезімін оятатын ғажайып өнер.
— Қазақстанда театр режиссерлері жетіспейді, осы мәселе қайткенде шешімін таппақ?
— Режиссерлерге тапшылық бар, елімізде 10 жақсы театр режиссері болса, Қазақстандағы 57 театрға сол жетіп жатыр. Мысалы, мен қазір Әуезов театрында екі жас режиссердің қасында кеңесші болып отырмын, олар сахналап жатқан қойылым бойынша бағыт-бағдар беремін, бар тәжірибеммен бөлісемін. Режиссер дайындау мәселесіне де Мәдениет және ақпарат министрлігі баса назар аударуы қажет. Бірде маған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа: «Басқа мамандық иелерінің бәрі «Болашақ» бағдарламасы арқылы дүниежүзіндегі оқу орындарында оқып келіп жатыр, неге өнер саласы мамандарына ондай мүмкіндік қарастырылмаған?» – деп айтудың сәті түскені бар. Қазір «Болашақ» бойынша театрдың хормейстер, балетмейстерлері оқып жатыр. Сол сияқты режиссерлерге де солай білім жетілдіру керек. Театр өнері жоғары деңгейде дамыған Ресейде оқуға жағдай туғызса болды.
Әзірбайжан Мәмбетов те Мәскеуде оқыған режиссер. Біз кезінде Мәскеудегі ГИТИС-те жоғары режиссерлік курсты 68 адам бітіргенбіз. Бәрі шетінен мықты режиссер болды, кәсіби мектептің жөні бөлек. Олар: Райымбек Сейтметов, Ерғали Оразымбетов, Маман Байсеркенов, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Қадыр Жетпісбаев тағы басқалар.
Қазір де режиссер жоқ дей алмаймын. Тәуелсіздікпен бірге келген Оралдағы, Ақтаудағы қазақ театрларының режиссерлері Мұқанғали Томанов, Гулсина Мерғалиева сияқты жақсы режиссерлер шоғыры бар. Өскемен, Семейдегі театрлардың режиссерлері де сол топқа жатады, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына өзіміз даярлаған магистранттар, аспиранттар, бір сөзбен айтқанда, кәсіби мамандар барды.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, режиссері жоқ театрдың бордай тозып кетері сөзсіз. Ахтанов атындағы театрға да атына лайық режиссер қарастыру керек. «Птица — это время» деген спектакльді қойған Балтабек Нұрғалиев — болашағынан үміт күттіретін жас. Қазақ труппасында Еврипидтің «Медеясын» сахналауының өзі батылдықтың көрінісі. Мәскеуге ГИТИС-ке (Мемлекеттік театр өнері институты) тәжірибеден өтуге бара жатыр, екі жылда қайтып осы Ақтөбеге келмей ме? Талабы бар жас маманды ұстап қалу керек, осы жердің баласы, отбасылық жағдайына қарасып, қамқорлық жасаса, басына үй берсе, сонда ғана одан бірдеңе талап етуге болады. Ресейде оқу үшін де оған қаржылай, моральдық тұрғыдан үлкен қолдау керек.
Ахтанов театрына осыдан бірнеше жыл бұрын бес-алты шәкіртім кетіп еді, кейін жан-жаққа бытырап кетіпті. Жас мамандарды тұрақтандыру үшін ең алдымен жағдай туғызып, баспана мәселесін шешіп беруге тырысу керек. Ахтанов театрының бағын ашу үшін кәсіби мамандарды шақырып, олардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалғаны жөн.
Мысалы, Астананың жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың ұжымында 40 жас актер қызмет етеді. Фестивальда өздеріңіз көрдіңіздер, сол жастарға Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетов 40 пәтер берді. Ұлттық өнерге жаны ашыған адам ғана осылай істейтін болар. Облыстық театрларда жалақы да онша көп емес. Нарық заманында бір жалақымен күн көру өнер адамына оңай емес.
— Әуезов театры актерлерінің жағдайы, жалақысы жақсы шығар? Облыстық театрлардың бұрынғыдай Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы республикалық бюджеттен қаржыландырылғаны тиімді сияқты…
— Әрине, бірақ әзір бұл мәселе жергілікті әкімдіктің құзырында.
Біздің театрда жекеменшік хор ұжымы бар, соның тапқанынан ай сайын актерлердің жалақысына 50 пайыз үстеме қосамыз. Айына 30 спектакль көрсетіледі, алтауы – кіші залда, қалғаны – үлкен залда. Зейнеткерлерге де театрға түскен пайдадан қосымша қаражат беруге тырысамыз. Бізде Алматыда актерлерге мүмкіндік көп, театры, киносы, дубляжы, телевидениесі бар дегендей... Ал облыс орталықтарында мұндай мүмкіндік жоқ, сосын тойда жүреді.
— Қазақ драматургиясы кенжелеп қалды, сахнаға лайық дүние жоқ дегенге қалай қарайсыз?
— Жалпы, «жоқ» деген жақсы сөз емес, бүгінде жұрттың бәрі, оның ішінде журналистер де, тіпті депутаттар да, ғалымдар да пьеса жазып кетті. Онда тұрған ештеңе жоқ, жазсын, әркім өзіне таныс мәселені қозғайды. Көп пьесаның ішінен бір қажетімізге жарайтын дүние табылады. Қазір бізде драматургтердің көркемдік кеңесі жұмыс істейді. Кеңес сол пьесалардың ішіндегі іске жарайтындарын таңдап алып, көтерген мәселесі өзекті болғанымен, жазылуы шикілеу болса, соны қырнап-жонып іске жаратады. Төрт аяғы тең келген пьеса жазып әкелетін ешкім жоқ, жас талап драматургтерге дем беріп, одан әрі жазып кетуіне мүмкіндік жасасақ дейміз.