Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы:
Жақында белгілі жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Нұрдәулет Ақыштың «Бейуақта жанған от» деп аталатын хикаяттар мен әңгімелер жинағы жарық көрді. Жазушылық пен ғылымды қатар алып жүрген қаламгермен бүгінгі әдебиет төңірегінде аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Cіз Әдебиет және өнер институты қабырғасында жүріп Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетті зерттеумен айналысатын бөлімге жетекшілік етіп жүрсіз. Өзіңіздің зерделеуіңізше, бүгінгі ұлттық әдебиетте нендей жаңалықтар бар?
– Әңгімені әріден бастасақ, Әдебиет және өнер институты о баста әдебиет пен өнердің тарихын зерделі түрде зерттеп, оның теориясы мен әдістемелігін дамыту үшін құрылған. Онда сан салалы ғылыми зерттеулермен айналысатын кезең-кезеңдерге жіктелген бөлімдер бар. Соның ішінде Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетті саралап отыратын арнайы бөлім жұмыс істейді. Демек, 1991 жылдан бері қарай жазыла бастаған шығармалар біздің зерттеу нысанымызға айналып отырады. Сондықтан да қаламгер атаулы бүгінгі уақытта дүниеге әкеліп жатқан барлық шығармашылық еңбектер мен тың ізденістерді Тәуелсіздік тудырған әдебиет деуге толық негіз бар. Оның өзін біз әр қырынан қарастырып, бірнеше буындарға бөліп, саралап отырамыз. Бұл ең әуелі ұлт әдебиетінің әлеуеті мен рухани қуатының қаншалықты екенін бағамдап отыру үшін қажет.
Қазіргі қазақ әдебиетінің артықшылықтары көп. Мысалы, дербес мемлекет ретінде іргесі беки бастаған елімізде Тәуелсіздікпен бірге ой еркіндігі келіп, жаңа шығармашылық мүмкіндіктер ашылды. Бұған қоса бүгінгі ақын-жазушылар кезіндегідей қатал цензура мен әкімшілік диктатурадан арылды. Осыдан келіп қалам иелерінің көкіректерінде кеңестік дәуір бұғаулап келген небір ойлар буырқанып, сыртқа шыға бастады. Сондай-ақ олар жоғарыға алақан жаймастан кітаптары мен шығармашылық кештерін, басқа да шаруаларын өз беттерінше және түрлі демеушілер арқылы жүзеге асыра алатындай мүмкіндіктерге ие болды. Бұған қоса әдеби өмірімізде буын алмасу процесі жүрді. Осындай өтпелі де аласапыран уақыттарды бастан кешкен қазақ әдебиеті сәл шатқаяқтап барып, қайта оңала бастады.
– Әдетте жас қаламгерлер тарапына көп сындар айтылып жатады. Осы орайда сіздің сыншы, әдебиетші ретіндегі пікіріңізді білсек...
– Әдебиетке кейін келген жас буын өкілдері көбінесе субъективизмге, яғни өзінің жеке ойлары мен толғаныстарына, жеке басқа тән эмоцияларына тізгін беріп жатады. Олар өздерінен бұрын қалыптасқан қағидаларды бұзып-жарып, өздерінше тың дүние жасауға тырысып бағуда. Қазіргі кейбір жастар тіпті кеңес тұсындағы қазақ әдебиетін толықтай жоққа шығарғылары келеді. Социалистік реализм пафосында жазылған дүниелер болса, ол сол дәуірдің өзі тудырған дүниелер деп қарауымыз керек. Тіпті тоқсаныншы жылдардың басында партияны паш еткен әдебиеттен мүлде бас тарту керектігін алға тартқан әсіре әдебиетшілер де болды. Бірақ біз бүгінгі әдеби процесіміздің алға жылжуына себепкер болған сол дәуірдің шығармаларынан теріс айналып кете алмаймыз. Оның арасында қаншама тамаша еңбектер бар?! Сайып келгенде, қазіргі кезде қалам ұстап жүргендердің бәрі жоқ жерден пайда болған жоқ қой. Олардың арасында кеңес дәуірінде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармаларымен сусындамағаны кемде-кем. Қалай болғанда да, Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет өз-өзінен, тақыр жерден пайда бола қойған жоқ.
– Ендеше, оның қалыптасу кезеңіндегі алғышарттарды қысқаша шолып өтсеңіз...
– Тоқсаныншы жылдардың басында әдебиетте дәуір алмасу кезеңі жүре бастағанда үлкен буынның басым бөлігі біразға дейін бұрынғы қызыл реализмнің инерциясынан арыла алмай келді. Енді не жазу керектігі үлкен сауалға айналған осы тұста ішкі дайындығы бар жазушылардың көбі тарихи шығармаларға ойыса бастады. Себебі ұзақ жылдар өзгенің көлеңкесінде ғұмыр кешкен қазақ қоғамының рухын ояту үшін тарихты түгендеу керек болды. Бір айта кетерлігі қазақ қаламгерлері жаңа заманға тез бейімделіп кетті. Керек десеңіз «коммунистік идеядан жаңылмаймын, компартияға зор сеніммен қараймын» деп жүрген ағаларымыз қазаққа қатысты қадау-қадау шығармаларды дүниеге әкелді. Демек, сырттағы өзгерістермен қатар, қазақ ақын-жазушыларының ішкі жан дүниелерінде төңкеріс болып, шығармашылық реформа жүзеге асырылды.
– Ұлттық әдебиетте үлкен реформа туды дейсіз, дегенмен ел арасында «бүгінгі әдебиет жасалмай жатыр» деген де пікірлер айтылып қалып жүр ғой...
– Бүгінгі заман бейнесі әдебиетімізде көрініс таппай отыр деген пікірмен келіспеймін. Бұл – билікке жағымпаз жандардың шығарып алған пәлсапасы. Сонда қазір қаламгерлер кешегі немесе ертеңгі дүниені жазып отыр ма?! Керісінше, кез келген жазушы өз дәуірінің суреткері, кез келген ақын өз заманының жыршысы. Сен ананы жазбадың, сен мынаны сөз етпедің деп қалам иесін бұрынғысынша тұқыртуға болмайды. Ал әдебиет пен өнер осылайша, саясаттың шылауына қайта ілігетін болса онда шығармашылық бостандық пен талғам туралы әңгіме айту бекер. Мысалы кино мен театр режиссерлары көбіне – мықты драматургтер, сценарийстерге зәруміз дегенді жиі айтады. Әрине, жақсы спектакльдің, қызықты фильмнің дүниеге келуі – жақсы әдеби шығармаға да тікелей байланысты. Бірақ белгілі бір киноның, спектакльдің я болмаса мультфильмнің сәтсіз шығуы соны жасауға негіз болған әдеби шығармаға ғана байланысты емес қой.
– Сонда неге байланысты деп ойлайсыз?
– Бұл жерде шығармашылық байланысты жақсарту қажет. Неге бәріне әдеби шығарма авторы кінәлі болуы керек. Қажет болатын болса кейбір керемет пьесалар сахнада қор болып жатады. Ал қаншама қазақ қаламгерлерінің тамаша туындылары экрандалмай жатыр?! Демек, бұл мәселеге керісінше келуге болатын сияқты. Ал сценарий жазу – шығармашылық еңбекпен қатар нағыз қара жұмыстың өзі. Сондықтан да кейбір жоғары оқу орындарында кемінде бес жыл болашақ сценарийстер оқып, дайындалады. Бұл өзі екінің бірі игеріп әкететін оңай мамандық емес. Қара сөздің қаймағын сапырып жүрген кейбір жазушылардың өзі дәл осы мәселеге келгенде айылын жиып қалатыны тегін емес. Сценариймен айналысу дегеніміз – көркем ойдың көрінісін техникалық тұрғыда көрсете білу, белгілі бір шығарманы, сюжетті экранға бейімдеу немесе сахнаға лайықтау болып табылады.
Ал әлгіндей «бүгінгі заманның әдебиеті тумай жатыр, киноға, сахнаға лайық дүниелер жоқ» деген сөздер ұлттық әдебиетіміздің әлсіздігінен емес, керісінше оның өз дәрежесіндегі насихатының жоқтығынан.
– Әңгімеңізге рақмет!