Көптен бері қазіргі әдеби ортада қызу пікірталастар мен түрлі дау-дамайлардың өзегі болып келген Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XIV құрылтайы кеше Алматыдағы Қазақтың мемлекеттiк опера және балет театрының үлкен залында тартысты өтті. Құрылтай жұмысына республикамыз бойынша Жазушылар одағына мүше 777 жазушының 550-ге тарта мүшесі арнайы келіп қатысты.
Алматыдан өзге аймақтардан шақырылған барлық делегаттың жол қаражаты мен өзге де шығындары Жазушылар одағының тікелей араласуымен жергілікті әкімдіктер мен бірқатар демеуші тарапынан қарастырылды. Таңғы сағат 9.00-де делегаттарды ресми тіркеуден басталған құрылтай жұмысы 18.30-да бір-ақ аяқталды. Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин өзі ашып, жүргізген Құрылтайға Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігі бөлім бастығының орынбасары, көрнекті жазушы Әлібек Асқаров, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов арнайы қатысты.
Жазушылар съезінде алғашқы болып сөз алған Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы: «Қаламгер қауым әрқашан ниеттес болып, қоғамның пікірін білдіруі, халықтың дауысы болуы керек. Өйткені барлық мемлекеттік идеология жазушылар шығармашылығының өзегі арқылы танылады», – дей келе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан жазушыларының кезекті XIV құрылтайына қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Бұдан соң екі Құрылтай аралығындағы атқарылған іс-шараларды қамтыған кең көлемді есепті баяндама жасаған Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Мырқасымұлы Мемлекет басшысының ұлт әдебиетіне, қалам ұстаған шығармашылық иелеріне үнемі қамқорлық жасап отырғанын баса айтып, қай кезеңде де шығармашылық ұйымға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырғандығын тілге тиек етті. Баяндама барысында шығармашылық одақ төңірегінде бұған дейін әр жерден айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз қаралауларға дәлелді де дәйекті, анық та түсінікті нақты жауаптар берілді. Қалай болған күнде де қоғамдық ұйым саналатын Жазушылар одағының өз қызметін тиісті заңдар шеңберінде, өз жарғысы аясында әділ әрі таза атқарып келе жатқандығы айқындалды. Тіпті шығармашылық ұйымның қаржылық іс-құжаттарын тексерген арнайы комиссиялар да одақтың бүгінгі игеріп отырған ісінен ешқандай да кінәрат таппаған. Десек те, құрылтайдың шырқын бұзып, мінберге шыққандардың сөзін бөліп-жарып, арагідік залдан айқайлап, сөз сұрап төрге ұмтылып, шу шығарған да қаламгерлеріміз болды. Ондайлар, өздері мүше Жазушылар одағының беделіне нұқсан келтірмесе, Құрылтай жұмысына бәлендей серпіліс бере қоймады. «Оразалинге қарсы топ» деп айдар тағылған айғайшылар тіпті келелі жиынның соңына дейін байыз таппай, залдан дауыс көтерумен болды.
Әйтсе де жиын тізгінін ұстап отырған төраға Нұрлан Оразалин құрылтай жұмысын өз ретімен, белгіленген регламент бойынша үйлестіре білді. Құрылтайдың түске дейінгі бөлігінде негізінен әр әдеби жанр бойынша және одақтың аймақтық филиалдары жұмысына қатысты жауапты адамдардың қысқаша есептік баяндамалары тыңдалды. Алайда түскі үзілістен кейін қаланың жарты бөлігінде белгісіз себептермен жарықтың сөніп қалуына байланысты опера театрындағы «одақтың қойылымы» төрт сағатқа жуық уақыт кейінге шегерілуге мәжбүр болды. Құрылтай жұмысының екінші бөлігі қалаға қайта жарық берілген соң ғана жалғасты. Онда негізінен жарыссөздерге кеңінен орын беріліп, ашық пікір айтушылар мен сынаушыларға да барынша мүмкіндіктер берілді.
Жиын соңына таман арнайы Қаулы қабылданып, 147 қаламгерден тұратын басқарма мүшелері сайланып, көрнекті қазақ қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың ұсыныс білдіруімен Нұрлан Оразалиннің кандидатурасы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағалығына қайта ұсынылды. Жазушылар тарапынан өзге кандидаттар ұсынылмағандықтан, сайлау құқығына ие басқарма мүшелерінің дауыс беруімен Нұрлан Мырқасымұлы 100 пайыздық көрсеткішпен бір ауыздан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағалығына қайта сайланды. Жаңа төраға ретінде мінбеге қайта көтерілген Нұрлан Оразалиннің ұсынысымен ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай – Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жанарбек Әшімжан және ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы Басқарма төрағасының орынбасарлары болып сайланды.
Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, «Жалын» баспасының директоры:
– Жазушылардың құрылтайы кеңесіп, ақылдасып, мәселе шешуге ұмтылыс білдіретін жиын. Сондықтан да бос сөзді төрге оздырып, бүгінгі шығармашылық одақтың басшысының жеке басына қатысты жөнсіз айып тағуларды доғару керек. Біз ең алдымен әдебиет жайында пікір алмасып, қаламгер қауымының алдында тұрған көптеген проблеманы шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Кітап пен қаламақы жайын айтатын болсам, осы құрылтайдан кейін бірқатар жазушы мен баспагерлер бас қосып, жоғарыға тиісті ұсыныстарымыз бен нақты жобаларымызды ұсынайық. Құр бекер бір-бірімізді даттап, қаралап, жаға жыртысқанша, нәтижелі іске жұмылайық. Қазақ әдебиетінің болашағын қаламгер өзі ойламағанда, кім ойлайды?!
Тартысты өткен Құрылтай табысты аяқталды
Последние статьи автора