Биыл төртінші мәрте Атырау аспаны алдаспан жырмен асқақтады. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған республикалық Махамбет оқулары еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты мектеп оқушыларын Жайық жағасына жинады. Жас ұрпақ бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, жігерлі болуға тәрбиелейтін, рух беретін Махамбет жырларын жатқа оқып, күйлерін төгілтіп, өздері де өлең шығаратын оқушыларды көргенде еріксіз сүйінесің. Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған қарағандылық Оразгүл Еркебаева өзінің топтан озған жүйрік екенін дәлелдей алды. Ол бұл сайысқа 290 өлең жаттап келіпті.
– Махамбет жырларын жаттау арқылы балаларымыздың рухы биік болады. Рухы, мінезі жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Қазіргі ақпараттық ағындар қаптаған заманда қазығымызды қағып, сол орнымыздан айырылып қалмау үшін бүгінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялата білу керек. Бұл байқау соның үдесінен шығып отыр деп ойлаймын, – дей келе облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мектеп оқушылары арасындағы республикалық Махамбет оқуларының негізін қалаушылардың бірі ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Роза Баттал да шараның маңызына тоқталды. «Баршаңызды да Махамбеттің асқақ поэзиясының мерекесімен құттықтаймын, – деді Роза Мұхамеджанқызы. – Халқы үшін қапа болып, қайғылы ғұмыр кешкен қайталанбас тұлғалардың бірегейі, дулығалы батыр, дауылпаз ақын Махамбеттің рухани мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіруді, ақынның жасын жырларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан Махамбет оқулары бүгінде дәстүрлі білім сайысы, өнер жарысы ретінде республикалық деңгейде төртінші рет өткізілуде. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деген Махамбеттің ұлы арманы, елдің кешегісімен, бүгінімен, ертеңгі болашағымен астасқан асыл мұрат. Соны жүрегімен терең бойлап ұғыну, біртуар биік тұлғаның асылдығын, батырлығын бағалай білу – бүгінгі жас өскіннің міндеті».
Биылғы Махамбет оқуларының ерекшелігі – сайысқа қатысушы оқушыларға Махамбет өлеңдерімен қатар Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Фариза Оңғарсынова сынды біртуар ақындар шығармаларын жатқа оқу талабы қойылды. Байқау туы сахна төрінен орын алғаннан кейін еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген өнерпаздар шеруі өтті. Филология ғылымының докторы, профессор Қадір Жүсіп төрағалық еткен қазылар алқасы қатысушылардың өнерін үш кезең бойынша сарапқа салды. Алғашқы кезең – «Ел құтқарар ер едім», Махамбет өлеңдерін жатқа оқушылар сайысы. Жоғарыда атап өткеніміздей, Махамбетпен қоса Мұрат, Шернияз, Фариза ақындардың 300-ге жуық өлеңін жатқа білетін, қай жерінен тоқтатып сұрасаң да, мүдірмей жауап беретін Қарағанды қаласындағы №61 орта мектептің 10-сынып оқушысы Еркебаева Оразгүл бас бәйгені қанжығасына байлады. Жалпы, байқау қорытындысымен бір ғана бас жүлде тағайындалған. Ал бірінші орынды Ақтөбе қаласы №21 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Әлім Аяпберген иемденді. Махамбет тек ақын ғана емес, дүлдүл домбырашы да болған. Сайыстың екінші бөлімі «Ұлы арман» деп аталды. Мұнда оқушылар Махамбет күйлері мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндерді орындаудан сынға түсті. Алматы қаласындағы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Мұратбек Раманқұлов Махамбет күйлерін шебер орындауымен ерекшеленіп, бірінші орынды иеленді.
«Тартынбай сөйлер асылмын» деп аталған байқаудың үшінші кезеңінде оқушылар шығармашылығы сарапқа түсті. Бұл сында Алматы қаласынан келген Ғаламат Бейсеқожаевтың өнері ерекше көрінді. Ол «Махамбет» атты күй шығарыпты. Өз күйін домбыраның қоңыр үнімен көрерменге жеткізе білген Ғаламат бірінші орынға лайық деп танылды.
Махамбет оқуларының екінші күні батыр атындағы ауданда жалғасын тапты. Мұнда қатысушылар Сарайшық мемориалды кешенін, Махамбет аудандық өлкетану мұражайын аралап, Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте кездесу өткізді.
«Тартынбай сөйлер асылмын...»
Последние статьи автора