Теңге құлдырап, дағдарыс меңдеген әрі-сәрі уақытта ел-жұрттың еңсесін тіктеп, жабырқау жанын жұбатуды мақсат тұта ма, әйтеуір, көгілдір экран сауық-сайран бағытына біржола бет бұрды.
Беделі түскен бенефис
Бірақ, соған қарамастан телеарналардағы толассыз той-думан көрерменнің көңілін көтеріп, жанын рахатқа бөлеп жатыр дей қою қиын. Арнадан-арнаға ауысып, көшіп жүрген көп әнші, нөпір күлдіргіш қауым қайта жұртты әбден жалықтыра бастағандай. Бұған, әсіресе, таяудағы жаңажылдық мереке күндері көзіміз жете түсті. Қай телеарнаға ауыстырсақ та – көк көйлегі көлбеңдеп, белі бұраңдаған сол оншақты «жұлдыз», аты-жөні арқылы айырмаса, түрінен де, даусынан да, әнінен де кім екенін білу қиын топтар (триолар, квартеттер), былтырғы қалжыңын биыл қайталап, ана студиядан мына павильонға безектеп жүрген әзілкештер… Ондай мерекелік бағдарламаларға, концерттерге, сықақ кештеріне әншілерді қандай критерийлер бойынша таңдап-талғап шақыратыны бізге белгісіз, бірақ, байқағанымыз – қай арнаның да эфирінен түспейтін «вездеходтар» мен «фигаролар» жетіп-артылады екен.
Есесіне, сахнаның киесін ұғатын, қасиетін білетін, бірер күндік әләулайдың әсеріне елтімей, асқақ өнерге адалдығын сақтауға тырысып жүрген жақсы әншілер жыл сайын назардан тыс қалып жатады. Тек мерекелік түсірілімдер ғана емес-ау, олар жалпы теледидарға көп шақырыла бермейтін секілді. Арна басшылары мен ондағы музыка саясатын жүргізетін редакторлар кілең жастардың көңілінен шығуға тырыса ма, әлде өнерге деген талғам-талабының бар деңгейі сол ма, әйтеуір жаңажылдық концерттердің ешбірінде домбыра үні естілген жоқ. Дәстүрлі әншілер «Алматы» арнасындағы «Інжу-маржан» бағдарламасында ғана бас қосты. «Қазақстан» ұлттық арнасының өзі ән өнеріміздің мұңын мұңдап, мұқтажын айтатын «Телқоңырды» мүлде жауып тынған соң, басқасынан не сұрауға болады?
Бұрын кеңес дәуірінде аптасына бір рет көрсетілетін «Терме» деген телехабар болушы еді. Әскербек Еңкебаев жүргізетін, студияға қонақ болып Қаламқас Орашева, Қатимолла Бердіғалиев, Аяз Бетбаев тәрізді мәдениет майталмандары келіп, өнер төңірегінде әсерлі әңгіме өрбітетін, талай терме мен жырдың тиегі ағытылатын. Тәуелсіз ел атанғанымызға биыл ширек ғасыр болғалы тұр, ал біз көп мәселеде алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқан сияқтымыз. Терме, жыр, дәстүрлі ән туралы арнайы бағдарлама ашпақ түгілі, өнерпаздарымызды эфирге жолатпай, жатырқайтын жағдайға жеттік. Әспеттейтініміз – тек эстрада «жұлдыздары». Олардың ішінде де талай талантты әншілер бар ғой, бірақ, біздің телевизия солардың ең сорақыларын (әлде, өлермен-пысықтарын) сұрыптап алып, «заманымыздың бұлбұлдары – осылар, қане, тамсаныңдар, таңданыңдар, табыныңдар!» деп, өз таңдауын байғұс көрерменнің танымына зорлап таңады.
Өнердің белгілі бір саласында біраз уақыт елеулі еңбек етіп, ерекше қолтаңба қалыптастырған сайыпқыран саңлақтардың шығармашылық белесін, ел алдында есеп берер тойын «бенефис» деуші еді. Қазір сөздердің де, ұғымдардың да мағынасы өзгеріп, мәні кеміп барады ғой. «Бенефис» сөзінің беделін түсірген – «Хабар» арнасындағы «Бенефис-шоу». Кемсіткендік, көпсінгендік емес, Алмас Кішкенбаевтың, Заттыбек Көпбосыновтың, Мөлдір Әуелбекованың және тағы басқалардың қазақ өнеріне қандай еңбегі сіңіп үлгеріпті? Бенефис жасайтындай деңгейге жетісіп қалып па? Рас, оларды бағдарлама авторлары шақырды, ұсыныс айтты, бірақ, өз мүмкіндігін білетін, өнерге адал, сахнаның киесінен қаймығатын адам «мен осындай қошемет-қолпашқа лайықпын ба?» деп бір сәт ойлануға, өзіне-өзі есеп беруге тиісті емес пе? «Бенефис-шоудың» ұйымдастырушылары да: «Кім көрінгенді шақыра бастаған жоқпыз ба осы?» – деп ойланбайды екен тіпті. Шақырса, өнердің басқа салаларында да мықтылар аз емес қой. Әлде бенефис деген тек әншіге «байланып» қалған ұғым ба?..
Тәлімгерлердің өзіне бір-бір ұстаз керек
«Қазақстан дауысы» деген жобаның жүріп жатқанына да екі-үш жыл болды. Бұл да – әнге қатысты бағдарлама. Бұрын балалар «инженер боламыз», «заңгер боламыз», «ғарышкер боламыз» деп армандаса, қазіргі жеткіншектер «а» деп тілі шыққаннан әнші болуға ұмтылады. Бұ күнде ең абыройлы да ақшалы қызмет – әншілік, бүгінгі заманның басты қаһармандары – эстрада әншілері. Даусың жоқ па – компьютер бар, түр-келбетің келіспей ме – визажист бар, «ң»-ға тілің келмейді, «ш»-ны «с» ғып айтасың ба – ештеңе етпейді, «ондай-ондай ханның қызында да болады», қазір ол дыбыстарды тележурналистердің өздері жетістіріп жүрген жоқ. Бастысы, ұмтылыс бар, ақша бар – тек қана алға! «Что делать молодому человеку, если у него таланта нет, а денег навалом? Петь!» деп Аркадий Райкин баяғыда-ақ дәл тауып айтқан екен.
Жарайды, «Қазақстан дауысы» ел арасынан талантты ұл-қыздарды іздеп тауып, тәрбиелеуді мақсат тұтады екен. Ал сол балаларға бағыт нұсқап, жол көрсететін тәлімгерлерді дұрыс таңдасақ қайтеді тым болмаса? Аталған жобаның Ресейдегі нұсқасы – «Голоста» төрелік етіп отырғандардың кәсіби деңгейі мен біздің қазылардың дәрежесін салыстыра алмаймыз. Бір ғана Александр Градскийдің өзі неге тұрады? Ал қазақ көрермені біздің төрт жюридің төрт әнін жатқа біле ме? Қайдам. Демек, әуелі сарапшыларды сараптан өткізу керек еді. Қайта Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Албан, Рүстем Нұржігіттердің өздеріне бір-бір тәлімгер керек емес пе? «Шіркін-ай, бұлардың орнында Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Беспаев, Жұбаныш Жексенұлы немесе осылар деңгейлес дүлдүл әншілер отырса қандай ғажап болар еді!» деген ойға қаласыз. Тәлімгер атану үшін де сахнада талай жыл тер төгу керек шығар-ау? Жас буынға дұрыс бағыт сілтеп, ақыл-кеңес беріп, тәрбиелеу үшін де ол адам қазақтың ән өнерінде өзіндік орны бар тұлға болуға тиіс қой…
Тәлімгер сауатты болса, жас талапкерлер де оң тәрбие алар еді. Біздің қазіргі қазыларымыз қазақы бағытта, ұлттық нақышта айтатын талапкерлерден гөрі, ағылшынша айтуға құмар, сосын артық айқай-ұйқайы көп жөнсіз бақырғыш балаларды қолдай береді. Бірде Қытайдан келген Бекарыс Жұмабекұлы деген бала «Айттым сәлем, Қаламқасты» сызылта шырқады. Ешқандай эстрадалық өңдеумен бұзбаған, тарсыл-гүрсілі жоқ, тек виолончельдің бір қалыпты үні ғана әуенді баяу сүйемелдеп тұрды. Көрерменнің қошеметі айрықша болды, алайда, теріс қараған тәлімгерлердің бірде-біреуі тырп еткен жоқ. «Маған мүлде ұнамады» деп салды тіпті М.Сәдуақасова. Сөйтіп, болашақ бір қазақы әншінің бағы байланды.
«Нағыз өнердің насихаты жоқ»
Қазақ эстрадасы бірсарындылыққа ұрынып барады. Радионы ашып қалсаң да, теледидарды қосып қалсаң да, еститінің – инкубатордан шыққан балапандарша бір-бірінен аумай қалған әндер. Егер жүргізуші алдын ала хабарламаса, барлығы кезектесіп бір ғана композитордың әндерін шырқап жатыр екен деп ойлап қалғандайсыз. Бүгінгі авторлар саздылық (мелодичность), әуенділік (напевность), әуезділік (благозвучность) секілді ұғымдарды түгел жиыстырып қойып, не сызылып-сыздап айтатын, не ышқынып-қышқырып орындайтын әнсымақтарды, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей, бытыраша бытырлатып жатыр. Шарықтай басталып, лезде бәсең екпінге түсетін, артынша қалт кідіріп, шалт бұрылатын, оқыс қайта өрлей жөнелетін қайырым-иірімдері көп әндер қазір тіпті азайып кетті.
– Бізде қазір нағыз өнердің насихаты жоқ, – дейді ән өнеріміздің бүгінгі ақсақалы Нұрғали Нүсіпжанов. – Балалар теледидардан не көрсе, соны дұрыс деп қабылдайтын сияқты. Радио және телеарналарда бағдарламаларды сараптау, әндерді сұрыптау жоқ. Жақсы мен жаманды ажырату деген қалған. Ең өкініштісі де осы. Теледидардың мың-миллиондаған аудиториясы бар, ал сол аудиторияға арналарымыз не көрсетіп, не тыңдатып отыр? Кейде не болса соны айтып, қолдарына не түссе, соны көрсетіп жатқандарына қарап, қарным ашады. Әлде сондай былжырақтардың авторлары бірдеңе төлей ме екен, білмеймін. Халыққа ұсынатындай сапалы дүние ме, рухани азық болатындай тәрбиелік мәні бар нәрсе ме, жалпы құндылығы қандай – ешкім қарамайтын секілді. Теле және радиоэфирден ең ұлық, нағыз эталон дерлік туындылар берілуі керек. Көпшілікті тәрбиелейтін де, шынайы өнердің қандай таза, қандай асқақ екенін дәлелдейтін де, сөйтіп, халықтың талғамын биіктететін де – сондай нәрлі әндер. Өкінішке қарай, қазіргі теледидар мен радиодан ондай әндер тыңдау мүмкін болмай барады…
Расында да, талғам төмендеп кетті, талап әлсіреді. Бұған біздің электронды БАҚ – радио мен теледидар да көп «еңбек» сіңіріп жатыр. Табаққа сүт құйып, мысықты шақырғандай «Кс-кс, чик-чикке» басып, немесе тауыққа жем шашқандай «Чип-чип» деп шиқылдаумен-ақ әнші атанып жүргендер бар. Жер бетіндегі ешбір халық түсінбейтін, ерекше «сайлаубек тілінде» ғана ән айтатын жігіттер шықты. Қазақта ән құрып қалғандай, қырғыздан, өзбектен, үндіден, түріктен, гректен ән ұрлап, сөзін қазақшалап айтып, «жұлдыз» боп жатқандар да аз емес. «Тойға өтсе болды» деп, шығыстық стильде арзанқол өңдеу жасатып алып, не болса соны ән қылатындар көбейді. Және сол «тойда өткеніне» тоба қылып, тыныш жүрсе мейлі ғой, әлгі әнсымағын сосын үлкен сахнаға, телеэфирге алып шығатынын қайтерсіз!..
Бәлкім, қазір телеэфиріңіздің де той залынан айнымай қалғаны содан болар…
Сәкен СЫБАНБАЙ
«Алматы ақшамы» газеті