Тарихта жылан жылы несімен есте қалды?
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Санаулы күннен кейін әлем жұртшылығы жылан жылын қарсы алады. Әрбір белестен өткенде, әрбір асуды бағындырғанда бір жақсылықтан үміт күтетін қазақпыз. Әлем халықтарының жыланға қатысты көзқарасы мен болжамдары әртүрлі келеді. Кейбірі одан қауіп көрсе, ендігілері жылан жылын берекелі деп те атайды. Мысалы, көрші Қытай үшін жылан – даналықтың символы. Дегенмен ұқсас бір тұжырым бар. Жылан жылында белсенділік артады. Ол жағымды жағына, бәлкім, жағымсыз жағынан болуы мүмкін, бірақ белсенділігі төмендемейді. Бұған тарих куә. Өткен күндердің тізбегі бізге осыны дәлелдейді.
1221 жылы Шыңғыс хан әскері Отырарды алған деседі. Тарихшылардың бір жартысы мұны трагедия ретінде, келесі бірі керісінше бағалайды. Қалай десек те, қазір Отырарды беріп қойған бабалардың да, оны басып алған батырлардың да ұрпақтары бір бүтін ұлт құрап отыр. Талай сын сәттерде қазақтың мерейін үстем қылған «Салқам Жәңгір» жылан жылында, 1629 жылы таққа отырып, Қазақ хандығының тізгінін ұстайды. 1665 жылы Қаз дауысты Қазыбек би дүниеге келді. 1689 жылы Тәуке хан бастаған қазақ қолы ойрат-жоңғарларға қарсы жойқын жорық жасады. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай да – жылан жылында, 1713 жылы дүниеге келген. 1725 жылы жоңғарлар Түркістан мен Ташкентті жаулады. 1737 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Орынбор өлкесінің жаңа губернаторы болып тағайындалған В.Н.Татищевке екінші қайтара ант береді. 1845 жылы қазақтың бас ақыны ұлы Абай дүниеге келеді.
Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы жылан жылдары қазақты қуанта қойған жоқ. Осы жарты ғасырда қазақ талай мехнат кешкен болса, жылан жылдарының да ондағы үлесі баршылық екен.
1905 жылы қазақ жерін революция шарпыды. Ол 1905 жылғы бірінші Орыс буржуазиялық-демократиялық революциямен тікелей байланысты. Ғасырлар бойы қасық қаны қалғанша қорғаған жерінен айырылып, кіріптарлық күйге түскен қазақтың ауыр халі және патшалық Ресейдің қатал отарлық саясаты көзі ашық оқыған қазақтың азаматтарына ой салды. Дәл осы тұста қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Жақып Ақбаевтар саяси күрес сахнасына көтерілді. Қысқасы, ояну жылына айналды.
Осы ғасырдың екінші жылан жылы 1917 жылдағы Қазан төңкерісіне тап келеді. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін орнаған уақытша буржуазиялық үкімет елдегі әлеуметтік және ұлттық езгіні жою, жер мәселесін, империалистік соғыстан шығу және т. б. мәселелерді шешпеді. Қазақстандағы жергілікті халықтарды саяси құқықтарынан айырған бұрынғы патша үкіметінің заңдары өз күшінде қалды. Өлкедегі казак-орыс әскерлерінің ұлан-байтақ жер иеліктері мен барлық әлеуметтік артықшылықтары толығымен сақталды. Қазақстанның ең жақсы шұрайлы жерлерін отаршыл кулактар тартып алып берген Қоныс аудару басқармасының жергілікті аппараты өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Өнеркәсіп орындарында 8 сағаттық жұмыс күні енгізілмеді. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қазақ тіліне көшуге бұрынғысынша тыйым салынды. Ресей мемлекетіндегі бұл жағдайларды В. И. Ленин бастаған большевиктер партиясы «Бүкіл өкімет кеңестерге берілсін!» деген ұранды пайдалана отырып, уақытша үкіметті құлату үшін оны басты құралға айналдырды. Сөйтіп, 1917 жылғы 25 қазанда (7 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталып, уақытша буржуазиялық үкімет құлатылды.
ХХ ғасырдағы үшінші жылан жылы 1929 жылдағы сталиндік ұжымдастыру саясатына тура келеді екен. Бұл саясаттың түбі аштық пен қуғындауға әкеліп соқтырғаны белгілі. 1929–1933 жылдар аралығында Қазақстандағы біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) 3386 адамды ату, 13151 адамды түрмеге қамау туралы үкім шығарылған.
Келесі бір жылан жылы 1941 жылға тап келеді. Фашистік Германия бейбіт келісімді бұзып, КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашты. Соғыстың алғашқы жылы ел қорғаған азаматтарға ауыр тигені анық.
Десе де, уақыт сырғып, ғасырдың екінші жартысына ауғанда қазақтың жайы жеңілдей бастады. Келесі жылан жылында (1953 жылы) Сталин қайтыс болып, солақай саясаттың қаһары сейіле бастайды. ХХ ғасырдың соңғы жылан жылы (1989) КСРО әскерінің Ауғанстаннан шығарылуымен аяқталады.
Қысқасы, жылан жылының қазаққа әкелген жақсылықтары да, қайғы-мұңы да баршылық. Адам бойынан жақсылықтан үміт үзілмейді. Қалың қазақ әулие деп таныған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің көріпкелдікпен айтылған өсиеттерінде 1913 жылдан ары қарай елде бір жақсылықтың боларын айтады.