Қазақтан шыққан тұңғыш балерина, Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі, Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған Нұрсұлу Тапалованың туғанына биыл 90 жыл толады. Биші жөнінде дерек көп емес. Н.Тапалованың өмірі мен өнері жөнінде тарихи деректер, фотоқұжаттар жинап жүрген Зада Тілегенқызы осыдан төрт-бес жыл бұрын Алматыға іссапармен барып, биші туралы деректер алып қайтқанын айтады.
Деректерге қарағанда, Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы өмірге келген. Ол 11 жасқа толғанда бойындағы талантты көрген академик Ахмет Жұбанов оны өнер деп аталатын үлкен өмірге бағыттап, жолдама берген. Мектепте оқып жүргенінде ән, би үйірмесіне қатысып, мектептің қоғамдық өміріне етене араласқан бала Нұрсұлу 30-жылдардың аяғында Алматыдағы опера театрынан бір-ақ шығады. Театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров Нұрсұлуға Мәскеудің не Ленинградтың хореографиялық училищелерінің ұлттық бөлімдеріне түсуге кеңес береді. Алайда Тапалова сол театрда қалуды дұрыс санап, оқуға бармай қалады. Алғашқыда театр студиясында дәріс алып, кейін кордебалетте қызмет істейді. Жас бишіге арагідік жеке билерді сеніп тапсырады. «Қыз-Жібек», «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Н.Тапалова Шара Жиенқұлованы ауыстырады.
1975 жылға дейін сахнадан түспеген Н.Тапалова «Киноконцерт», «Белая роза» және «Жамбыл» атты белгілі кинофильмдерге түсіп, актерлік қырынан да танылады. 1947 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген құрметті атаққа ие болады.
— Қазақтың маңдайына біткен қос тұлға — Нұрсұлу Тапалова мен оның жолдасы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының тұрмысы ауыр болған. Алматының Жамбыл және Амангелді көшелерінің қиылысында орналасқан Әртістер үйі деп аталатын үш қабатты шағын ғана үйдің бір бөлмелі пәтерінде өмір сүрген олар екі қыз бала тәрбиелеп өсірген. Алматыға барған сапарымда солармен көрші тұрған белгілі музыка зерттеушісі Петр Аравин Нұрсұлу Тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы тұрған үйге бастап барды. Бір өкініштісі, біз барғанда қыздары әлдеқандай себептермен пәтерін тастап, көшіп кетіпті. Кейін іздестіріп жүріп, қыздардың Алматының түбіндегі бір ауылда тұрып жатқанын білдік, — дейді З.Тілегенқызы.
Қазір Нұрсұлу Тапалова тұрған үйде тым болмаса мемориалдық тақта жоқтығын З.Тілегенқызы налып айтады. Ақтөбе қаласының Заречный ауылында ғана Тапалова атына берілген көше бар екен, басқа жерде бишінің атын есте қалдырарлықтай ештеңе жоқ.
1998 жылдары елде экономикалық дағдарыс орын алып, халықтың тұрмысы тым нашарлап кеткені бәрімізге аян. 1998 жылы Нұрсұлу Тапалова қайтыс болғанда марқұмды Кеңсайға дейін халықаралық дәрежедегі төреші, боксшы, бапкер Серік Әбдінәлиев арқасына салып апарған екен.
– Нұрсұлу Тапалованың да, Шоқыр Бөлтекұлының да басы бірнеше жыл бойы қарайтылмай жатты. 2010 жылы маңғыстаулықтар бұл істі қолға алып, екеуінің де басын қарайтты, – дейді З.Тілегенқызы.
Ұлт мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі, әйгілі бишіміз Нұрсұлу Тапалованың туғанына 90 жыл толатын осы жылы рухын асқақтатып, асқақ мүсінін өз тұғырына орнатқанымыз жөн шығар...
Тапалова неге тасада қалды?
Последние статьи автора