Биыл Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресінің көрнекті қайраткері, ақын, ағартушы Таңжарық Жолдыұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Осы орайда алдағы 24 мамыр күні сағат 10.00-де Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.
Жиын барысында ақын туралы деректі фильм көрсетіліп, қайраткер мұрасын саралаған келелі баяндамалар тыңдалады. «Таңжарық» атты кең көлемді роман жазып, күрескер ақынның таланты мен тұлғалық қасиеттерін аша білген белгілі қаламгер Тұрлыбек Мәмесейіт «Қазақтың басынан өткен небір зобалаң заман, қилы тағдырлардың шырмалған тордай шеттегі қандастарымыздың да мойнына түскені белгілі. Әсіресе Шыңжаң қазақтары бұл тауқыметтен сырт қалған жоқ. Олар көрген зұлымдық пен қиянат солардың арасынан шыққан жарық жұлдыз – Таңжарық ақын жүрегінен шерлі шежіредей өлең-жыр болып төгілді. Бүгінде бізде «түрме әдебиеті» деген ұғым қалыптасып отыр. Міне, осы «түрме әдебиетін» жасаған тұлғалардың бірегейі Таңжарық Жолдыұлы деп білеміз. Өйткені оның шығармаларының 80-90 пайызы абақтыда жазылды. Сөйтіп, ол өз өмірін, сол кезең шындығын халқының тағдырымен қабыстыра жырлап өтті», – деген тұжырым жасайды.
Ғылыми басқосудан соң конференцияға қатысушыларға Таңжарық шығармаларының негізінде «Шын тілек» атты әдеби-танымдық кеш бағдарламасы ұсынылмақ. Кештің басталуы сағат 14.30-да. Аталған шараны ұйымдастырушы – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты және «Жас азамат» қоғамдық ұйымы. Ұлтымыздың тағдырлы тұлғасының мұрасын зерделеуге бағытталған шараның мақсаты – Алаш идеясының жанкешті күрескері, ақын, ағартушы, сазгер, сан қырлы талант иесі Таңжарық Жолдыұлының мұраларын зерттеу, насихаттау жұмыстарына тың серпін беру. Сонымен бірге ұлт тарихы мен мәңгілік ел мұратын сабақтастыра отырып, аталған тұлғаның Алаш руханиятына қосқан үлесін ғылыми тұрғыда тұжырымдау.
Конференция жұмысына белгілі ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар, тарихшылар мен студенттер және ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Таңжарық тағылымы
Последние статьи автора