Продюсер әрі сәнгер Жадо (Жадыра Сахиева) бүгін таңертен жол апатына түсті. Оқиға Қарағанды қаласына жетпей үлкен трассада болған. Бұл туралы сәнгердің досы Ринат Тәттібай NUR.KZ тілшісіне хабарлады.
Таңғы сағат төртте Астана-Қарағанды тас жолында камаз жүк көлігі қарсы бетке шығып, Жадо мінген көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан джип трассадан шығып жол жиегіне ұшып кетіпті. Сәнгердің күлі шыққан көлігін көргендер жолшыбай фотоға түсіргенмен, зардап шеккендерге көмектеспеген.
“Оқиға кезінде Жадоның темір тұлпарын жүргізуші тізгіндеген. Ал, Жадыра артқы орындықта болған. Құдай сақтағанда көлік жардың шетіне ілігіп, олар аман қалды. Сәл 2 метр жердегі құзға құлағанда тірі қалуы екі талай” – деді Ринат Тәттібай.
Ринат Тәттібайдың сөзінше, аман қалған жолаушылар Қарағанды трассасында 2-3 сағат тұрып көмекке жете алмаған. Жол бойында кетіп бара жатқандар апатқа ұшырағандарға қарап қызықтап, фотоға түсіргендері болмаса , қол ұшын созып қалдерін де сұрамапты. Қазір сәнгер мен оның жүргізушісі Астана қаласына келіп, жол апатын жасағандарды іздеу үшін полицияға арыз жазған.
Естеріңізге сала кетсек, Жадыра Сахиева – «Jado Productions» продюсерлік орталығының директоры. «Тыйым салынған билер» фильмінің, «Жадо» тобы мен бірқатар жас әншілердің продюсері. Сондай-ақ, ұлттық нақышта киім тігетін сән үйінің қожайыны.
nur.kz