«Таңбалы тасқа» туристерді тарта аламыз ба?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фотолар)

Жуырда Алматыда орналасқан Ықылас атындағы Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайында «Таңға­жайып Таңбалы» атты көрме болып өтті. Мұражай басшылығы бұл шараны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Таңбалы» қорық-мұра­жайына 10 жыл толуына орай ұйымдастырып отыр.
Ұзақ жылғы үзілістен кейін биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп, кеңінен пайда­лануға берілген Ықылас атындағы аспаптар мұражайында өткен жиынға шетелдік ұйымдардың мамандары, жергілікті мұра­жайлар қызметкерлері мен тарихшы-ғалымдар, туризм агенттіктері мен бұқ­аралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Негізінен, 16-20 қазан күндері ара­лығына жоспарланған ауқымды шара Алматы облысындағы туризм саласына серпін беруді мақсат етеді. Осы шара аясында «Таңбалы» музейін отандық және шетелдік туристерге кеңінен насихаттап, ғасырдың өзі тудырған тасқа қашалған ғажайып таңбалардың бүгінгі және ертеңгі жай-күйіне көпшілік назарын аударту көзделген.
Тамырлы тарихымызға түбегейлі бет­бұрыс жасалып жатқан бүгінгі қазақ қоғамы үшін өткенге үңілу арқылы келе­шекті бағдарлау аса маңызды шаруаға айналып отыр. Алматы қаласының іргесіндегі таңғажайып Таңбалы тастар тұрған жер осы уақытқа дейін әлемдік деңгейде қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына енгенімен, көнеден сыр шерткен осынау тылсым жерде жер­гілікті келушілер мен шетелдік туристер аялдайтын орын қарастырылмаған бо­латын. Сондай-ақ Таңбалыға дейін апа­ратын сапалы жолдың жоқтығы көпті алаңдатып отырған және бір күрделі мәселеге айналған. Десек те, Мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасына сүйеніп, ЮНЕСКО тарапынан үлкен қолдауға ие бола отырып, бүгінде таңбалы тастар тө­ңірегіндегі тұралаған түрлі түйінді проб­лемаларға нүкте қойылатын күн жақын емес сияқты. «Таңбалы» қорық-мұ­ра­жайы­ның10 жылдығына арналған көр­менің ашылуында сөз сөйлеген ЮНЕСКО өкілдері мен қорық-мұражай басшылығы алдағы 2015 жылдан бастап Таңбалы төңірегінде арнайы қонақүй мен ғылыми зертхана және қорық-мұражайдың әкім­шілік ғимараты құрылысы баста­латынын айтуда.
Ерлікбай Бессатұлы, «Таңбалы» қорық-мұражайының директоры:
– Таңбалы – Орта Азиядағы жартас өнеріндегі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы «Ар­хео­­ло­гиялық ландшафтының петро­глиф­тері» республикалық ескерткіші сана­лады. Нақты деректер бойынша «Таң­­балы» шатқалында республикалық маңызы бар ескерткіштер саны 100-ге жуық тіркелген. Негізінен, архео­ло­гия­лық қорғандар, қорымдар мен қо­ныс­тарды құрайды. Негізгі қордағы экс­по­наттар – қыш ыдыстар саны – 37. Олар­дың дені – қыштан жасалған көне ыдыстар. Ашық аспан астындағы қо­рық-мұражайындағы ерекше қор­ғалатын аймақта 3000-ға жуық жартас су­­реттері, яғни петро­глифтер сақтал­ған.

Таңбалы қорық-мұражайы еліміздің оңтүстік-шығысында, Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ селолық округі аумағында, Алматы қаласының солтүстік-батысынан 170 шақырым жерде, Қа­ра­бастау ауылының солтүстік-батысына қа­рай төрт шақырым жерде орналасқан. Таңбалы қорық-мұражайы аумағының жал­пы ауданы 3800 гектар жерді құрайды, ал аймақтағы туризмді дамыту мақсатында мұнда «Визит-орталығы» құрылысын салу үшін 24 гектар жер телімі берілген.
Таңбалы шатқалының аумағында жүз­ден астам әртүрлі уақыттағы архео­логия­лық ескерткіштер орналасқан. Атап айт­қанда, қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі ХІV-ХІІІ ғасырдың ортасынан ХІХ-ХХ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғи­мараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасқан. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздегі ертедегі және қазіргі кездегі көптеген халықтардың тарихын нақтылы көрсететін архео­логиялық кешенді құрайды.
Кешеннің бір-бес топтарындағы бар­лық кезеңдердегі негізгі жартастарында 3000-ға жуық петроглифтер сақталған архео­логиялық ландшафты болып табы­лады. Ертедегі петроглифтер белгілі бір бағытта орналасқан жазықтық жартастарға ойып жазылған. Аңғардағы археологиялық әрбір ландшафты жартастарының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күрделі композицияларға дәйектеліп біріге орна­ласқан және бір мезгілде көрінетін орын­дары бар. Таңбалы петроглифтер гале­реясы қола дәуіріндегі тайпалардың ер­тедегі мифологиясы негізіндегі көркем хикаяны нақтылы түрде анықтап көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таңбалының көптеген петроглифтері Орталық Азияның жар­тас өнеріндегі бірегейі деп саналады.
Осы орайда, көрме аясында жиналған қауымға келешектегі Таңбалы кешені құ­рылысы жобасы таныстырылды. Бұл құры­лыс мұнда сапарлап келгендерді қарсы алатын «Керуен-сарай» сипатында бол­мақ. Демек, тиісті қаржы-қаражат дер шағында бөлініп, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілсе, енді бірер жылда Таңбалы аумағында туризмге қо­лайлы инфраструктура қалыптасатын бо­лады. Тек қолға алған бастамамыз, кейбір жобаларымыз сияқты аяқсыз қал­масын деген зор үміттенеміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста