Ұлттық сахна өнерінің көрнекті өкілі, талантты актриса Лидия Кәденованы білмейтін қазақ жоқ шығар. Қазақы қалжыңды көркем деңгейге көтеріп, сахналық сатираны жандандыруға үлкен үлес қосқан дарын иесі кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ отауы арқылы халыққа кеңінен танылды.
Қазіргі уақытта Лидия Тәжидинқызы – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының беделді актрисасы. Өмірін өнермен ұштастырған сахна шебері сонау 1974 жылдан осы театрда үзіліссіз еңбек етіп келеді. Кейінгі жылдары бірқатар отандық кинофильмдерде де сәтті рөлдерді ойнап жүр. Елдің сүйікті актрисасына айналған Лидия Кәденова 1952 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында арнайы білім алып, қазаққа танымал талай тарландармен үлкен сахналарда бірге өнер көрсетті. «Тамашада» тамаша образдарды сомдаса, Жастар театрында да үздік рөлдерді бейнелеп келеді. Соған сай актриса қалың көрермені мен әріптестері арасында еңбегі жоғары бағаланып, ҚР еңбек сіңірген артисі, Құрмет орденінің иегері атанған. Бүгін алпыстың асқарына көтеріліп отырған актрисаның жемісті шығармашылығы жайында әріптестері жылы лебіздері мен ой-пікірлерімен бөліскен еді.
Роза ӘШІРБЕКОВА, ҚР Халық артисі, Құрмет орденінің иегері:
– Лидия – театрға бізден кейін келген талантты буынның өкілі. Оның алғашқы спектакльдерінің бірі – «Қаладан келген қылжақпас» қойылымы.
Ол кезде жас Лидия Досқан Жолжақсынов екеуі осы спектакльде ерекше көзге түсіп, актер ретінде мойындала бастады. Бұл қойылым менің әлі есімде. Онда бұл екі жас талант әйгілі Әмина Өмірзақовамен қатар сахнаға шығып еді. Лидияны қатарластары да, алдындағы үлкен буын өкілдері – біз де мақтан тұтамыз. Оған біз «Әмина апайдан кейінгі мықты сен болдың» деп айтатынбыз. Кейін театрдан «Тамаша» әзіл-сықақ отауына ауысып, сол арқылы елге кеңінен танылып, жаңаша бір қырынан өсті. Алайда ол театрдан еш уақытта алыстаған емес. Мен Лидияны өнердегі әріптесім ғана емес, жақсы сырлас досым деп есептеймін. Мен оған еркелеймін, ол маған еркелейді. Біз кезінде «Гамлет» спектаклінде бірге өнер көрсеттік. Сонда мен Гамлеттің анасы – королева Гертруданы ал Лидия Офелияны ойнады. Негізінен, әзіл-сықақ жанрына бейім бола тұра, ол трагедиялық образды да тамаша сомдай білді. Бұл, әрине, актрисаның шеберлігі.
Еркін ӘБДІРЕШОВ, актер, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалінің иегері:
– Бүгінгі ұрпақ Лидия Кәденованың театрда жасаған рөлдерімен толық таныс емес шығар, бірақ кино, теледидар, «Тамаша» арқылы бұл кісінің есімін халық жақсы біледі. Әлі есімде, өткен ғасырдың 80-жылдары Маман Байсеркенов ағамыз У.Шекспирдің «Гамлетін» сахналады. Сол кезде Лидияны үлкен сахнадан тұңғыш рет көрдім. Ол осы қойылымда Офелияны ойнаған. Мен де сол кезде осы театрға жаңадан келгенмін. Сол жас күнімізден бері сахна төрінде бірге көрініп келеміз.
Лидия – актриса ретінде өзін-өзі әлдеқашан дәлелдеген талант иесі.
Өмірге де, өнерге де ғашық осындай шебермен әріптес болғаныма өзімді бақыттымын деп есептеймін. Сол бір жас күнімізде Лидия екеуміз ең алғаш «Алуа» спектаклінде өнер көрсеттік. Ол орыс қызын ойнады, мен эпизодта жүрдім. Содан бастап ірілі-ұсақты рөлдерді бірге ойнадық. Оның ішкі болмысы, талантты қыры жарқырап көрініп тұрады. Жақсы актерді сахна да жақсы етіп көрсетеді. Сахнаның бір құдіреті де осында шығар.
Шығармашылық ерекшелігінен бөлек, қарапайым өмірде де Лидия – айналасына қамқор, әлсізге жанашыр, досқа сырлас адам. Мысалы, көптеген әріптестер бір-бірінің туған күндерін, болмаса басқа да бір ерекше жағдайларын аса ескере бермейді. Бірақ Лидия ешкімнің жақсылығын шет қалдырмай, ұмытпай, үнемі қолынан келген сый-сияпатын жасап жүреді. Бұл тұрғыдан алғанда, Лидияның адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалаймыз.
Баяғыда ұстазымыз Шолпан Жандарбекова апамыз «әй, Еркін, актер болу үшін жақсы адам болу керек» дейтін. Осы тұрғыдан алғанда, Лидия жақсы актриса ғана емес, ең біріншіден, ол – адалдығы айқын аңғарылып тұратын жақсы адам.
Күлжәмила БЕЛЖАНОВА, актриса, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
– Өз басым Лидия Кәденованы үлкен сахна шебері деп санаймын. Ол әрбір рөлді жан-тәнімен беріле, құбылтып ойнайды. Әсіресе сөзге ерекше мән береді. Ол – өз қатарындағы буынға да, жастарға да үлгі боларлық қасиеттерге ие актриса. Лидия Кәденова – актер ретінде де, кеңпейілді адам ретінде де айналасына сыйлы жан.
Әсіресе өзінен кейінгілерге ақыл-кеңесін, қамқорлығын аяған емес. Лидиядай шебермен бір қойылымда қатар ойнау – көптеген актер үшін үлкен мектеп. Қазақ көрерменін өзінің шынайылығымен, шеберлігімен баурап алған актрисаның алар асуы, шығар биігі әлі алда деп ойлаймын. Оның көңіл түкпірінде әлі де болса сахнаға шығарсам, жұртқа жеткізсем деген алуан ой-мақсаттары жатқанын сеземін. Ұлттық өнерді жан-жақты дамытуға атсалысып, сахна төрінен лайықты орын алып жүрген актрисаға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілеймін.
Әсел МӘМБЕТОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері:
– Лидия апай туралы айтсам, жүрегіммен, таза ниетіммен айтамын, өйткені қасымда осындай қамқор жанның бар екеніне қуанамын. Лидия апай – тек қана өнерде емес, өмірде де өте қарапайым адам. Өз талантына тоқмейілсіп, болдым-толдым демейді. Сахнада ұзақ жылдардан бері тер төгіп келе жатса да, ол кісі үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді. Үлкен өнерге қадам баса бастағанда, Жастар театрына келгенімде алғаш құшағын жая қарсы алып, қанатының астына алған да осындай жандар еді. Өз басым осы Лидия, Әмина, Роза сынды көрнекті актрисалардан көп дүние үйрендім. Бұл кісілер, шынында да, бүкіл өмірін театрға, өнерге арнаған жандар. Сөзіне де, ісіне де мығым, өзгеге үйретер тәжірибесі мол Лидия апаймен көптеген спектакльде бірге ойнап жүрмін. Әр қойылым сайын өзі сомдаған образдарға жан бітіре түседі. Апайымыздың драматургияның қай жанрында болсын өзінің бар мүмкіндігін танытып, қиын рөлдерді де алып шыға алатын шеберлігі басым. Осындай талантты жандар қашанда жоғары бағалауға лайық.
Тамаша актриса
Последние статьи автора