«Шалқар» радиосы ұлттық рухты көтеретін мәдени, әдеби хабарларымен өз тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленіп қана қоймай, түрлі жобаларды ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөліп келеді. Радио ұжымы әсіресе, балалар тақырыбын назардан тыс қалдырған емес.
Соның бір айғағы, ұлттық арнаның әуе толқыны арқылы өткізілген балалар шығармашылығына арналған «Тайжарыс» республикалық радиофестивалі. Жоба авторы Гүлбағыш Бостан, осы радиофестиваль көптеген балғын өнерпаздардың жолын ашып берді дейді. Фестивальға іріктеу 2011 жылдың қазанында басталған болатын. Оған бес және 16 жас аралығындағы балалар эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, аспапта ойнау, көркемсөз, хор, оркестр номинациялары бойынша бақ сынады. Қатысушылар жас шамасына қарай үш топқа бөлінген: төменгі, орта, жоғарғы. Өнерпаз балалардың аламаны әр бейсенбі сайын сағат 20.05-те және жексенбі күндері 16.05-те әуе толқыны арқылы таралған болатын. Байқаудың қорытындысы биыл алғаш рет телеүлгіде түсірілді. Алдағы уақытта «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Балапан» телеарналары арқылы көрермен назарына ұсынылмақ.
Махат Садық, Қазақ радиосының бас директоры:
– «Тайжарыс»– бұл нағыз таланттылар ғана сынға түсе алатын жоба. Егер осы байқау дарынды өрендеріміздің өнерлерін одан әрі шыңдауға титтей де болса үлес қосып жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Жалпы, радионың қоржынында балалар әндері өте аз. Бұл байқау осы кемшіліктің орнын толтыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Яғни жүзден жүйрік шыққан талантты балалардың сапалы әндері радиомыздан беріліп отырады. Біз бұл бағыттағы рухани жобаларымызды алдағы уақыттарда да жаңғыртып, жаңартып отырмақпыз.
«Алматы» концерт залында өткізілген гала-концертте елімізге белгілі өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасының сынынан өткен ең таңдаулы балалар ғана өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Байқауға қатысуға 800-ден астам жас өрен талап білдірген болса, соның 200-і ғана іріктеліп алынды. Ұл-қыздарымыз шеттерінен өнерлі болғандықтан, жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ. Эстрада-вокал номинациясы бойынша кіші топтар арасында бас жүлдеге семейлік Наргиз Ислямбек, І орынға алматылық Малика Байбекова мен өскемендік Анэль Руслан, орта топтар арасында бас жүлдеге Алматы облысынан қатысқан Ермек Балжігіт, І орынға оралдық Бейбарыс Қажымов пен алматылық Азиза Қылышмұхамед ие болды. Ал үлкен топтар арасында бас жүлдені Қостанай облысының өрені Мирас Әбдікәрім, І орынды семейлік өнерпаздар Аида Махмеджанова мен Әсел Әбдіхамитовалар бөлісті. Топтар арасында алматылық «Шабыт» тобы бас жүлдені, алматылық «Ғалым» тобы І орынды иемденді. Хор номинациясы бойынша І орынға астаналық «Айналайын» хоры; оркестр, ансамбль номинациясы бойынша бас жүлдеге Ұзынағаш ауылының «Жазира» ансамблі, І орынды алматылық «Арнау» фольклорлық ансамблі ие болды. Аспапта ойнаудан орта топтар арасында бас жүлдеге алматылық Шыңғыс Жарылқасын және І орынға алматылық Арыс Серікұлы мен Әнел Нұрлыбек ие болды. Ал жоғарғы топтан Өркен Қайрат І орынды иеленді. Дәстүрлі ән номинациясы бойынша орта топтан Жаншырай Тұрсынәлі бас жүлдеге, Байдәулет Қалел І орынға, ал жоғарғы топтан Балауса Ерғалина І орынды иеленді. Көркемсөз оқу номинациясы бойынша: кіші топтар арасында бас жүлдеге алматылық Ернат Қырқанбасов, І орынға алматылық Ғалымжан Ақмәди, үлкен топтар арасында бас жүлдеге алматылық Нұрбек Нұржанов, І орынға алматылық Сағдат Бостанов лайықты деп танылды. Байқау жеңімпаздары, сондай-ақ дипломанттары мен лауреаттары арнайы дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
«Тайжарыс» – таланттылар тартысы
Последние статьи автора