Өткен аптаның соңына қарай Астанада Сырбай Мәуленов күндері бастау алды. Сырағаның 90 жылдығына орайластырылған мұндай шаралардың бірі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бес тағдыр – бес кеш» атты жобамен жапсарлас өткен болатын. Әдеби кеште ақынның бүгінгі ізбасарлары, Сыраға мұрасын зерттеушілер мен зиялы қауым ол туралы естеліктер жариялап, ақын шығармашылығы туралы пікірлер айтса, жас буын өлеңдерін жатқа оқыды.
Сырағаңның Астанадағы кеші халықтың көкейінде жатталып қалған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнімен басталды. Бұл да кездейсоқ емес. Өйткені сонау сұрапыл жылдары ел қорғап, қан кешкен қазақтың айтулы тұлғаларының арасында Сырбай Мәуленовтің есімі ерекше аталатын еді.
«Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым көп болғасын.
Келгенімде егіліп, шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғасын», – деп жазған ақын – сол сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрген қаһарманы. Соғыстан жараланып, елге ерте оралған ақын қаруын қаламмен алмастырып, төл әдебиетіміздегі жауынгерлік поэзияның іргесін қалауға құлшынғандардың сонысы болатын. Содан бері сыршыл ақын атанған Сырбай Мәуленовтің қаламынан ұшқындаған туындылар 40-қа жуық жинаққа арқау болыпты. Сыр дауылпазының көзін көрген ізбасары, ақын Кәкімбек Салықов айтпақшы, «қысқа ғана өлеңіне ғаламат ойлар сыйдыратын» Сырбай өлеңдерін ел-жұрты жата-жастана оқыды. Сырағаң туралы: «Бала кезімізден Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз», – деген болатын бүгінгі абызымыз Әбіш аға Кекілбаев. Осының өзі Сырбай Мәуленовтің ақындық шыңын өзі ғана бағындырып қоймай, артынан үлкен мектепті қалыптастырып та кеткенін аңғартса керек. Расында, ескі мен жаңаны жалғастырушы дәнекер атанып, сөз өнеріндегі терең құбылысты бойына сыйдырған Сырбай Мәуленов өлеңінен парасатты пайым мен патриоттық рухты, ел мен жерге деген махаббатты сеземіз. Ендеше ақын шығармашылығы мерейтойлармен шектелмек емес.
Туған топырағына келсек, Сырбай Мәуленов қазаққа ұлы Ахмет пен Міржақыпты берген қасиетті Торғай даласында дүниеге келді. Сонда есейіп, сонда шыңдалды. «Қазақ деген – бір-ақ сөз, сол сөздің маңайында болуымыз керек» деп ұдайы айналасына ескертіп отыруы да сондай тектіліктің тамырын байқатса керек.
Сонау қасаң жылдары туып, ел басындағы қиын тағдырды жырымен өрген Сырағаңа Тәуелсіздіктің толайым дастарханынан да дәм тату бұйырған болатын. Артында өлмес туындыларды мәңгіге қалдырған дауылпаз ақын 1993 жылы дүние салды. Сырағаңның биылғы 90 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойланбақ. Соның бастауы ретінде елордада қолға алынған әдеби кешке жастар да көп жиналды. Олардың басым бөлігі ақынның атын иеленген Астанадағы №37 орта мектептің оқушылары екен. Кешке келген жастар ақын Сырбайдың мол мұрасымен кеңінен танысты. Көз көргендердің әңгімесін естіді. Сырағаңды еске алатын мұндай кештер әлі Алматыда, ақынның туған өлкесінде және елдің бірқатар аймағында жалғасын таппақ.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Сырағаңның кешінің Ұлттық кітапханада өтуінің де өзіндік себебі бар әрі бұл – тарихи жағдай. Өйткені Сырбай Мәуленов – өмір бақи кітаппен сырласып, кітаппен мұңдасып өткен ақын. Сонымен қатар бүгінгі кітап оқитын, кітаппен бірге жасайтын, поэзияны сүйетін азаматтардың қай-қайсысының жүрегінде Сырбайдың үні, Сырбайдың сыры, Сырбайдың жыры бар деп есептейміз.
Ғазиз МӘУЛЕНОВ, ақынның ұлы, заң ғылымының докторы, әділет полковнигі:
– Әкем спортқа әуес еді. Күреспен айналысты, боксқа да қызығушылығы ауды. Айналасындағылардың барлығына барынша қамқоршы болуға тырысатын. Әрине, әкемізге қатысты біздің отбасымызда да тағдырдың қиын сынақтары орын алды. 1957 жылы Үкімет қаулысымен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметінен босатылды. Ондағы таққан айыптары ақынның ұлтшылдығына, ұлттың ұлы тұлғаларына құрметпен қарап, оларды сүйгендігіне қатысты болатын. Өйткені шешем Ахмет Байтұрсынұлының немере қызы еді. Ахаңның туысы ретінде нағашы атам 1942 жылы әйгілі «58-баппен» сотталып, 10 жылға айдалған, тек 1992 жылы ғана ақталды. Мінеки, дәл осындай сылтаумен әкем де талай «таяқ» жеді. «Бүйте бергенше, халық жауының қызынан бас тарт» деген ақылшылар да табылды. Алайда ондай сынақтардың бәріне төзген әкем ауыртпалықтарды қайыспай көтере білді. Керісінше, Алаштың қайраткерлеріне, олардың мақсаттарына қатысты мәселеде өз ұстанымын айналасындағы сырлас, сыйластарына жеткізіп тұратын.
Қонысбай ӘБІЛ, халық ақыны:
– Сырағаң сөзге аса шешен, тапқыр адам болатын. Сырағаң айтыпты деген әңгімелер ел арасында да толып жатыр. Сонымен қатар басқалардан ерекшелігі, Сырбай Мәуленовтің қолтаңба-жазуы да біртүрлі қызық болатын. Мәселен, ол кісінің жазған хатының басы түсінікті оқылып келеді де, бара-бара жазу бүдірленіп, барған сайын оқуға қиындап, «а» мен «о»-ларының бәрі дөңгеленіп кете беретін. Сондықтан да басын әжептәуір түсініп оқып келген адам хаттың соңына келгенде түсіне алмайтын жағдайға жетуші еді. Сонда мұнысы қалай екен деп көпшілік таңданатын. Менің ойымша, Сырағаң – ағып тұрған төкпе адам. Сөйлегенде де лөкілдетіп, еш іркілместен, өзеннің тасқынына ұқсап сөйлейтін еді. Ал ана ерекше жазуының сыры да осында секілді. Жазып отырғанда қолы көп жағдайда өзінің ойына ілесе алмай қалатын болуы керек,сосын жазулары да солай шығатын болуы керек деп ойлаймын.
Сырағаның сырлы кеші өтті
Последние статьи автора