Қызылорда қаласында алдағы уақытта Сыр-ана ескерткіші көптің көзайымына айналмақшы. Жергілікті басшылықтың қолдауымен қолға алынатын игілікті іс жұртшылықтың көңілінен шығып отыр.
Дария бойында дүниеге келген жандар туған жердің тамырына қан жүгіртіп отырған Сырдарияны әрдайым мақтаныш сезіммен айтады. Талай қаламгердің қиялына қанат бітіріп, ақ қағаз бетінде ағыл-тегіл жыр болып төгілген ұлы өзен қашаннан да қазақ баласы үшін қасиетті аймақтың бірі ретінде төрден орын алары даусыз. Жерге нәр, аймаққа әр, жүрекке ән, диқанға дән сыйлаған дарияны барша жұрт құрсағында тоғыз ай көтерген туған анасындай қастер тұтып, Сыр-ана деп атайды. Сондықтан елдің көңілінен шыққан еңселі ескерткішке осындай атау беріліп отырғаны тектен-тек емес.
Сыр-ана қалаға кіре беріс бөлікте, дәлірек айтқанда, дарияның үстіне салынған жаңа көпірдің маңында Қызылордаға келген қонақтарды құшақ жая қарсы алмақшы. Оның құны – 300 млн теңге жуық. Оны жобалаушы – Астана қаласының «Самғау» компаниясы. Стелла сәукеле тәрізді болып келеді. Ол Сыр-ананың бейнесін айшықтайды.
Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ, Қызылорда қаласының әкімі:
– Әрбір аймақтың өз мақтанышы бар. Астанада көкпен таласқан «Бәйтерек» бар. Басқа қалаларда да осындай орындар бар. Сыр-ана ескерткіші де елдің елеулі орнына айналады деген сенімдеміз.
Сыр-ана ескерткіші бой көтереді
Последние статьи автора