Алматыдағы «Меломан» сауда орталығында Дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі Ғизат Табылдиннің «XIII-ХХІ ғасырлар аралығындағы Шыңғыс ұрпақтарының генеалогиясы» («Всемирная генеалогия Чингизидов с 13 по 21 вв.») атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл – соңғы уақыттарда әлемдік тарихта айрықша орны бар тұлға туралы жазылған тың еңбектердің бірі. Ғылыми-танымдық ізденіске негізінен әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап қалған Шыңғыс хан ұрпақтарының генеалогиясы арқау болған.
Шыңғыс хан сынды ұлы қолбасшының қазіргі күнге дейінгі ұрпақтарының шежіресі түзілген бұл еңбектің айтары мол, дереккөздері де сенімді. Автор ұзақ жылдар бойы әр жерден Шыңғыс хан ұрпақтары туралы мәліметтер жинап, ол мәліметтерді жүйелі кестеге түсірген. Кітапта сондай-ақ белгілі шығыстанушы ғалымдардың, моңғол тарихын зерттеушілердің еңбектері мен Еуропа, араб, парсы, қытай мұрағаттарынан алынған материалдар пайдаланылған.
Ғизат Табылдин, кітап авторы:
– Мені қызықтырғаны – осындай ұлы тұлғаның ұрпақтары ғұмырнамасы болды. Бұл менің 10 жылдан аса уақыттан бергі зерттеуімнің жемісі, алғашқы үлкен еңбегімнің жалғасы.
Мен әрбір деректің ғылыми негіздемесін беруге тырыстым. Шыңғыс ұрпақтарының ДНК зерттеулерімен АҚШ ғалымдары айналысты. Алдағы уақытта да бұл еңбектерім тың деректермен толығады деген үмітім бар.
Жаңа жинақ бұған дейін жарық көрген ғалымның «Шыңғыс хан ұрпақтары – әулеттер және дәуірлер» атты үлкен кітаптың заңды жалғасы. Шыңғыс хан тақырыбы күрделі болғандықтан, ол жүйелі де нақты зерттеулерді қажет етеді. Қаһарман қолбасшы жайында жазылған ғылыми, көркем кітаптар аз емес. Десек те, бұл еңбек шыңғысхантанушы тарихшы ғалымдар мен жас ізденушілердің болашақтағы талай еңбектеріне арқау болары сөзсіз.
Шыңғыс хан ұрпақтары түгенделуде
Последние статьи автора