Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «20 жарқын іс» акциясы аясындағы «Шығыс шынары – 2011» атты ІІ халықаралық мүшәйра Өскемен қаласында өтті.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өмірге келген бұл шара өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдегі қандастарымыздан 170 ақын қатысқан-ды. Мақсат еліміздің шұрайлы да шырайлы өлкелерінің бірі – Шығыстың ғасырлар қойнауындағы тарихын, ата-баба ерлігін, Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін, табиғат көркін жырға қосып, жас ұрпақтың санасына отансүйгіштік рух ұялату, дана Абай туған өлкенің кешегі, бүгінгі тарлан ақындарының ізбасарларын түлетуге саяды.
Биылғы мүшәйраға еліміздің әр түкпірінен, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай қатарлы шетелдерден 108 ақын қатысып, осылардың ішінен сайдың тасындай іріктелген санаулысы ғана соңғы кезеңге жолдама алған. Ақындардың шалқар шабыттан туған салқар жырлары бірінен-бірі асып түседі. Дегенмен де өрнекті өлеңімен талайға таңдай қақтырған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, М.Мақатаев атындағы, мемлекеттік «Дарын», «Жастар» сыйлықтарының лауреаты Бауыржан Жақып бас жүлдені еншіледі. 1-орынға – алматылық ақын, «Жас қазақ үні» газетінің редакторы Қазыбек Иса, 2-орынға алматылық Жарас Сәрсек пен астаналық Жанат Әскербекқызы ие болды. 3-орынды ақын Жәркен Бөдеш, Жүрсін Ерман, Ұларбек Дәлей еншіледі.
Жалпы, іріктелген ақындардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ. Ақын Әлия Дәулетбаева, Бақыт Беделхан, Кәдірбек Құныпиялар – арнаулы сыйлыққа, Азамат Тасқара, Динара Мәлікова, Асанқадыр Исабек, Қорғанбек Аманжол ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Дүбірлі жыр додасының көрермендері сұлу жырмен сусындап қана қоймай, Шығыстың әр үйінің төрінде тұрар құнды туындылар – биыл жарық көрген «Демократия салтанаты», «Шығыс жұлдыздары», «Шығыс шынарлары» деп аталатын үш кітаптың тұсауын кесу рәсімінің куәсі болды.
Жиын соңында облыс әкімі қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевті Абай атындағы арнайы сыйлықпен марапаттады. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, бүкіл өмірін баспасөз қызметіне арнаған, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Юсупов, мемлекеттік «Ақ жауын» камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, күйші, сазгер Секен Тұрысбеков биылғы жылдың мерейтойы сыйлығының иегері ретінде марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Елдің елдігін танытатын, атын шығаратын әдебиет екені белгілі. Әрі өлең-жыр – халқымыздың атадан балаға жалғасып келе жатқан киелі өнерінің бірі. Сол өнердің кіндігі үзілмей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы үшін, кемелдене беруі үшін жыр мүшәйрасын дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз. Бұл – біздің егемендігіміздің арқасы. Өскемен қаласында қазақ ақындарының мүшәйрасын өткізу бір кездері өңіміз түгіл, түсімізге кірмеген. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің Туын көтеріп, тұғырын бекемдеген Елбасымызға алғыс айтамын. Өткен жылғы мүшәйра ұлы Абай бабамыздың туғанына 165 жыл толу мерекесіне арналса, биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр.
«Шығыс шынары» Бауыржан Жақыпқа бұйырды
Последние статьи автора