Талдықорған қаласының тұрғыны Арман Кәрімжанов – 11-сынып оқушысы. Ол бала кезден сурет салуға әуес болды. 11 жасынан бастап балалар көркемсурет мектебіне барып, ол жақтан алған төрт жылдық білімі де бар.
Арманның айтуынша, жақындарының ешбірінің сурет салуға қабілеті жоқ. Бұл өнер балалық әуестігінің арқасында пайда болыпты. Ол өзін туа біткен талант иесі санамайды. Тек өнерінің ұзақ уақыт пен еңбектің нәтижесінде ұшталып келе жатқанын айтады.
Байқағанымыз, Арман көп сөйлейтіндердің қатарынан емес. Ұялшақтау. Сөйтсе де оның өз аузынан біраз нәрсені білуге тырыстық.
«Менікі – гиперреалистік жанр, – дейді ол. – Фотореализм бағыты. Мұндағы мақсат – картинадағы қарындашпен салынатын суретті фотоаппаратпен түсірген фотоға барынша ұқсату. Гиперреалист суретші картинасын фотодан айнытпай салады. Бұл қабілеті арқылы суретті тек фотодан көшіріп қана қоймай, ойдан да салып отыру керек. Мұндай тәсіл суретшіге көптеген мүмкіндіктер береді. Мен де шабыттанған кезімде қиялымнан салуға тырысамын.
Сурет салуда барлық техника мен материалдарды кемінде бір рет қолданып көргенмін. Дегенмен соңғы кездері жай графитті және түрлі-түсті қарындашты пайдаланамын. Көмір қарындаштар мен майлы бояуды да қолданамын», – дейді Арман.
Жас суретші ірі байқауларға барып бағын сынамаса да осыған дейін Атырау, Астана, Талдықорған қалаларында өткен 18 жасқа дейінгі балалар арасындағы жарыстарға қатысып, үш рет бас жүлдені иемденген екен. Осы салада бағыт-бағдар беретін ұстазы ретінде сызу пәнінен беретін мұғалімін айтады.
«Қолымнан шыққан картиналардың көпшілігі үйде сақтаулы, кейбірін сыйға тартамын. Жақын адамдарыма пейзаждар салып, сыйлағаным бар. Қазір ҰБТ-ға дайындық жүріп жатқандықтан, сурет салуға көп уақыт жұмсамаймын. Босаған уақытымда қылқаламды қолыма алуға тырысамын. Кейде ұйықтамай, таңға дейін жұмыс істейтін күндерім де болады. Шығармашылық барысында кей сезімдерім салған суретіме беріліп жатады. Адамның бет-әлпетін түсіргеннен гөрі түрлі сезімдерді бейнелегенді ұнатамын. Ал суретшілердің өте сәтті шыққан картиналарын көргенде өзім де шабыттанамын. Тек шабытпен ғана саламын демеймін, қолды жаттықтыру үшін мүмкіндігінше күнделікті жұмыс жасап отыруға тырысамын. Әрине, картиналарым әрқашан ойдағыдай бола бермейді. Сәтсіз шыққан жағдайда қателіктерімді зерттеп, оны түзетуге тырысамын. Өз басым жұмыстарымнан үнемі қателік байқап тұрамын. Сырт адамдарға әдемі көрінсе де кейде өзімді қанағаттандырмайтыны рас. Дегенмен көпшілік жоғары баға беріп жатады.
Жалпы, сурет салуға кететін уақыт та оның қиындығына байланысты. Ол 30 минуттық эскиз немесе 70 сағаттық картина болуы мүмкін. Кейде бір суретті аяқтау үшін 2-3 апта уақыт жұмсалуы да мүмкін», – дейді жас суретші.
Арман арасында тапсырыспен де жұмыс істейді. Ондай кезде көбіне-көп портреттер салынады. Бірақ тапсырысты тек таныстарының арасынан ғана қабылдағанды жөн көреді. 3-4 күнде аяқтауға тырысатын жұмыстың бағасы картинаның көлемі мен қиындығына байланысты қойылады екен. Болашақта сурет өнерін кәсіп көзіне айналдыру ойында жоқ емес. Әзірге тапсырыспен түбегейлі жұмыс істеуге бос уақытының аздығы себеп болып отыр. Десе де Арман өзінің бүгінге дейін 150 – 200-ге жуық суреттің авторы болғандығын айта алады.
Суретті белгілі бір тақырып аясында ғана салмайтын қылқалам шебері: «Уақыт өте келе ұлттық тақырыптарға ойысатын боламын», – дейді. Өзі болашақ мамандығы ретінде құрылыс және сәулет саласын таңдамақ, алайда сурет өнерінен ешқашан қол үзбек емес.
М. ӘМІР