Таяуда елімізде құлағының мүкісі бар бүлдіршіндерге арналған тұңғыш мультфильмдер жинағы жарық көрді. Бұл мультфильмдердің кейіпкерлері сурдо-аударма тілімен сөйлейді. Халқымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын туындылар жақында жарымжан балалардың назарына ұсынылды.
«Құйыршық» пен «Алдар Көсе» ертегілерінің желісіне түсірілген мультфильмдер балғындарға қатты ұнағанын олардың жанарындағы қуаныштан байқалды. Қазақ-орыс тілдерінде шыққан таңдаулы мультфильмдер жинағы Алматыдағы №1, 2-ші арнайы мектептерден көрсетілімге келген есту қабілеті нашар балалардың барлығына таратылды. Көрсетілімді ұйымдастырушылардың айтуынша, тәрбиелік мәні зор, қайырымдылық пен ізгілікті насихаттайтын мультфильмдер балаға оң әсер етеді. Болашақта тек мультфильмдер ғана емес, балаларға арналған кинолар да сурдо-аудармамен шықса құба-құп болар еді.
Сергей Азимов, «TANARIS» кинокомпаниясының директоры:
– Кішкене кезімізде бәріміз ата-әжелеріміздің ертегісін естіп, мультфильмдерді көріп, тәрбиемен сусындап өстік. Бүгінде жарымжан балалар осы үлкен бір рухани байлықтан айырылып отыр ғой. Соларға аз болса да айырылған рухани байлықты қайтаруды парызымыз деп санаймын. Ең үздік мультфильмдер жинағын шығарудағы негізгі мақсатымыз – бүлдіршіндерді қуантып, балалық бақыт сыйлау.