Қазақстандық режиссер Рүстем Әбдiрәшевтiң «Сталинге сыйлық» фильмi Францияда өткен XV халықаралық Азия фильмдерiнiң «Синемас Азия» фестивалiнде Гран-придi жеңiп алды.
Қызмет жолын театр суретшiсi мамандығынан бастап, кино әлемiне келген Рүстем Әбдiрәшевтiң есiмi бүгiнде көпшiлiкке етене таныс. Оның суретшi ретiндегi «Отырардың күйреуi», «Көзiмнiң қарасы» фильмдерi де Мемлекеттiк сыйлыққа ие болған. Рүстем Әбдiрәшевтiң алғашқы картинасы «Қаладан келген қыз» 2004 жылы Ресейдiң Анапа қаласында өткен ТМД және Балтық елдерiнiң халықаралық кинофестивалiнде бас жүлденi жеңiп алған.
Режиссердiң «Құрақ көрпе» фильмi былтыр дәл осы «Синемас Азия» фестивалiне шақырту алыпты. Алайда белгiлi себептермен фестивальға қатыса алмай қалған едi. Биыл осы олқылықтың орны толып, «Сталинге сыйлық» олжалы оралды. Фильмнiң идеясын кезiнде актер Меңтай Өтепбергенов айтып жүрген көрiнедi. Кейiннен ол режиссер Конопольскиймен бiрiгiп осы идеяны жүзеге асырмақ болып, бiршама жұмыс та жасапты. Мәскеуден П.Финдi шақырып, ол тұтас сценарийiн жазып шыққан. Қаражаттың жоқтығынан фильм сценарийi тағы бiрнеше жыл жатып қалады. Бiраз уақыттан соң продюсер Әлия Увальжанова қаржы табу мәселесiн қолға алады. Нәтижесiнде Борис Чердабаев сценарийдi сатып алып, фильмнiң барлық шығынын көтерiп, Рүстем Әбдiрәшевке жауапкершiлiктi жүктейдi.
Алайда сценарий авторы П.К.Финнiң Рүстемге деген күмәнi басым болады. Кейiн «Қаладан келген қызды» көрiп шыққаннан кейiн Финнiң көзқарасы өзгерiп, «Сталинге сыйлықты» қазақ режиссерiне сенiп тапсырған едi. Осы сенiм ақталып, шетелдiк сыйлық фильмге емес, киноны түсiрген режиссерге арнайы берiлдi.
Рүстем ӘБДIРӘШЕВ, режиссер:
– Фестиваль Францияның солтүстiгiндегi Швейцарияға жақын аймақта орналасқан Визуль деген қалада өттi. Ұйымдастырушылар бiздi Парижде күтiп алып, әрi қарай пойызбен алып кеттi. Осы қалада «Синемас Азия» фестивалiн жыл сайын өткiзудi дәстүрге айналдырған. Ұйымдастырушылар бүкiл Азия елдерiнен қатысқан жүздеген картинаның iшiнен небәрi 11 фильмдi iрiктеп, фестивальге лайық деп тапты. Сол 11-дiң iшiнен бас жүлде Қазақстанға бұйырды.
Бас жүлденiң арнайы атауы «Цикло д’ор – 2009» деп аталады. («Cyclo d’Or – 2009») Ағылшынша – «цикло голд», французша – «цикло д’ор», сөзбе-сөз аударғанда «алтын велосипед» деген мағына бiлдiредi. Фестиваль жүлдесiнiң символикалық мағынасын ойластырғанда велосипедке тоқтапты. Азия елдерiнде велосипедпен қызмет көрсететiн «рикша» кәсiбi күнделiктi тұрмыста кең қолданылады. Анықтап қарағанда жүлденiң бейнесiнен камера мен рикшаны көруге болады. Камераның төбесiндегi таспа оралатын екi дөңгелек велосипедтiң де екi дөңгелегiн көрсетiп тұр. Камерасын көтерген режиссер мен велосипедiн дөңгелеткен рикшаның кәсiбiнен ортақ ұқсастық тауып, суретшi сол арқылы киногерлердi бейнелеген секiлдi. Сөйтiп бәйгеден тұлпар емес, алтын велосипед мiнiп, 3 мың евроны қалтаға салып қайттық.