Шоқан сүйген сұлуға қамзол кигіздік

Кәрі тарихтың көзіндей талай тұңғиық сырды ішіне бүккен Омбы қаласына жол Тарский қақпасынан басталады. Ғасырлар өтсе де, сол қалпында сақталған ғимараттарды бойлай талайлардың ізі қалған көне сүрлеумен жүрсеңіз, әйгілі Любаның тоғайына тап боласыз. Қала ортасында қандай тоғай деп таңғалмаңыз, бұл – ескі атау. Әйтпесе қазір ол – саябақ. Мейлі тоғай болсын, мейлі саябақ, әңгіме онда емес, сіз одан да соған аты берілген Люба кім деп сұраңыз. Омбы мемлекеттік музыкалық театры жыл сайын жаңа маусымын «Любина роща» қойылымымен ашады екен. Ал бұл – Ертістің екі жағындағы салты мен дәстүрі, тілі мен діні бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі бөлек әлемде туып, кейін осы Омбыда ортақ нүкте тауып қиылысқан қос тағдыр, қос жүрек – Шоқан мен Любаның махаббаты жайлы аңыз. Өмірде бірін-бірі көруге, кездесуге зар болған бұл екі ғашықтың, бір ғажабы, бүгінде көшелері түйісіп тұр.

«Шоқан жолдары» деп аталатын жобаны әрі қарай осылай жалғастыратынымыз жөнінде өткен жолғы Омбыға барған сапарымызда келісіп қайтқан болатынбыз. Қыркүйектің соңғы күнінде Көкшетаудан Омбыға қарай аттанған делегация алты адамнан құралдық. Жетекшіміз – осы жобаның авторы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің философия кафедрасының меңгерушісі Раушан Иманжүсіп, осы университет ректорының көмекшісі, Алаш арыстарының бірі Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Қайырбек Кемеңгер, Көкшетау қалалық мәдениет департаментінің қызметкері Айгүл Кемеңгер, Көкшетау университетінің проректоры Қасиет Мәлгаждаров, оператор Майра Кәрімқызы және мен. Қазанның алғашқы күнінде біздерді ол жақтан «Шоқан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері – Омбыдағы «Болашақ» қазақ тілін үйрету орталығының директоры Юля Привалова, осы орталықтың жетекшісі Сара Мұнаева және тағы да басқа қандастарымыз қарсы алды. Күнімізді үрдіс бойынша Шоқан бабамыздың ескерткішіне гүл қоюдан бастадық. Ол жерге Қазақстанның Ресейдегі консулы Орынбек Мұхсиынов та келді.

Орынбек МҰХСИЫНОВ, Қазақстанның Ресейдегі консулы:
– Біздер дәл қазір қарсы алдында тұрған Шоқан бабамыздың ескерткіші Қазақстан мен Ресей арасын жалғастырып тұрған алтын көпір іспетті. «Шоқан жолдары» – бұл біздің қазақ және орыс халқына барынша адал қызмет атқарған, ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Шоқан Уәлихановты ұлықтайтын, ұрпақ жадында жаңғыртатын маңызды жоба. Бүгінде оны Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университет пен осы Омбыдағы «Болашақ» тіл үйрету орталығы бірлесіп жүзеге асыру арқылы тамыры тереңге кеткен екі елдің достық байланысын нығайтуда. Бір қуантарлығы, бүкіл Ресейді айтпағанда, Омбыда қазір қазақ халқына, қазақ тіліне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның айғағы ретінде мына «Болашақ» тіл үйрету орталығы мен шет тілдер институтында қазақ тілінің оқытылып жатқандығын айта аламыз.

Ескерткіш басындағы осынау шағын салтанатты шарадан кейін біз 1847-1853 жылдар аралығында Шоқан бабамыз білім алған Кадет корпусына қарай аяңдадық. Өткен жолы айтқанымыздай, мұнда әлі күнге дейін балалар білім алуда, мұражай да жабдықталған. Бір кездері бала Шоқан осы қабырғалардың ішінде нендей күйді бастан кешірді екен? Ертістің арғы жағында жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп күнелтетін елін, Көкшедей сұлу жерін сағынған болар, Сұлтанмахмұт секілді қазағының көгіне өрмелеп шығып Күн болып, өркениеттің себезгі нұрын тезірек себуге асыққан болар...

Кешкі сағат тілі 18.30-ды соққанда Ресейдің Халық әртісі Владислав Казениннің «Любина роща» атты қойылымын көруге Қазақстаннан барған делегация, Омбы қазақтары – түгел музыкалық театрда жиналдық. Шымылдық ашылды да, Омбының ескі көрінісі көз алдымызда тұра қалды. Міне – сол тұста Батыс Сібір губерниясының губернаторы болған генерал-лейтенант Густав Христианович Гасфорд. Алпысты алқымдаған кәрі тарлан губернатордың жанында жанары шоқтай жайнаған жап-жас әйелі Любовь Федоровнаға сарай маңын жағалаған жігіттердің барлығы ынтық...

Бір қарағанға үлде мен бүлдеге оранып ғұмыр кешіп жатқандай көрінгенмен, Люба көптен бері дертті еді, құрт аурына шалдыққан. Бірақ оны елең қылып тұрған ол жоқ, өйткені одан да үлкен дерті – ол Шоқан. Жүріс-тұрысы, сөзі, өзін-өзі ұстауы хан тұқымынан шыққан ақсүйектігін айғақтап тұрған Шоқан алғаш көргеннен Любаның көңілін аударып, келе-келе есіл-дертін түгел билеп алған-ды. Әрине, Шоқанның да Любаға деген көңілі алабөтен, бірақ оның жары Гасфорд ше, өз елінде айттырып қойған қалыңдығы да бар емес пе? Бірақ сезім оған бағынбайды ғой. Айғаным әжесінің қаһарынан қаймықтырмай, Любаға деген көңілі барын айтқызған да сол асау сезім еді. Сарай маңы гулеген өсек Гасфордқа да жетеді. Бірақ ол қызбалыққа салынуды жөн көрмей әрі Шоқандай сенімді қызметкерімен арадағы сыйластыққа сызат түсірмей, екеуін екі жаққа жіберумен шешім шығарады. Ал ең өкініштісі, тағдырдың өзі Шоқан мен Любаға араша тұрып, қойылым соңында жас ару Шоқанның қолында жан тапсырады.

Шығарманың өн бойынан сол кездегі орыс шенеуніктері болсын, оқыған азаматтары, тіпті губернатордың өзінен де Шоқан бабамызға деген құрмет айқын сезіліп тұрды. Біздің де күткеніміз сол болатын. Алғысымызды спектакль соңында сахнаға шығып, Шоқанды сомдаған Бүкілресейлік оперетта байқауы және Халықаралық вокалистер байқауының лауреаты, актер А.Хмыревтің иығына шапан жауып, Любаны сомдаған Бүкілресейлік оперетта байқауының лауреаты Татьяна Боброваға Қазақстанның атынан қамзол кигізу арқылы білдірдік. Тосын сыйға риза болғандығын Люба-Татьяна: «Осындай қамзолды өмір бойы армандаушы едім», – деп жеткізді. Қазақ рухы аспандаған кешті және Шоқан Уәлихановтай бабаларының ізімен келген қазақстандық делегат жөнінде сол күні кешке Омбы телеарналары жарыса көрсетіп жатты.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста