Қазақ көркемсөзі, көркем әдебиеті қазіргі күндері көп өзгерістерді бастан кешуде. Пішіндік, яғни формалық жаңалықтарды былай қойғанда, бүгінгі оқырманды көркем әдебиеттің ішкі мазмұнының жаңалығы, ондағы ой ағымы, яғни автордың ойлау жүйесі, жазу мәнері көбірек қызықтыратынын аңғарып жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде философ-қаламгер Ғарифолла Есімнің «Социализм» деп аталатын көркем шығармасының әрі формалық, әрі мазмұндық жаңалығына бірден назар аудардым. Бірден көзге түсетін өзіндік авторлық дүниетаным, көркемдік жинақтау, тілдік құнарды айтпағанның өзінде, қаламгердің оқырманды өзіне еркін тартып отыратындығы, осы арқылы еркін сөйлесуге, еркін сырласуға шақыратындығы бұл еңбектің ең басты көркемдік құндылығын аңғартады.
Кітаптың алғы сөзінде автордың: «Социализм – менің тағдырым. Саналы өмірімнің дені осы романды жазуға кеткеніне негіз бар.
Социализм – болған оқиға. Ол – сонысымен құнды. Социализм – мен секілді миллиондардың өмірбаяны. Ол – Қазақ елінің басынан өткен тарихы. Өткен тарихқа да құрмет қажет.
Социализм – әділеттілікке деген ізденістен туған әлеуметтік тәжірибе. Бірақ теріс тәжірибе, ғылымда «теріс нәтиже де – нәтиже» деген қағида бар. Осы мәнде алсақ, социализм – әділеттілік туралы ізденістің нәтижесі. Жеке адамдар тағдырларының осы нәтижеге матаулы болғаны, соның нәтижесінде сол заманда ғұмыр кешкен жандардың Жаратушы алдындағы күнәсін, адамдар алдындағы кінәсін романға енген естелік-хикаялар арқылы баяндауды мақсат еттім», – деп толғануы кітаптың құлақкүйіндей әсер тастайды.
Шын мәнінде, өткен тарихқа топырақ шашуға болмайды. Керек болса, әрбір пенденің басынан кешкен өмірінің өзі із-түзсіз кетпейді. Себебі, ол – адамның тағдыры, оның өмірдегі жүріп өткен жолы. Ал енді әрбір адам тағдырының аржағында қоғам тағдыры, ел тағдыры, қала берді, адамзат жүріп өткен тұтас ғасырлардың, тарихи кезеңдердің тағдыры жатады. Осындай әлемдік ауқымдағы, жаһандық мәні бар тақырыптар жайлы автор ой толғайды.
Кешегі ХХ ғасырдың тұтас бойында миллиондаған адамдардың өмірін тоғыстырған қоғамдық-саяси жүйе, сол жүйеде өмір кешкен, тағдырдың ыстық-суығын басынан өткізген, азапқа түскен, керек болса коммунистік режимнің диірменінде тағдыры тәлкекке айналып, қан жұтқан қаншама Алаш арыстарының қайғы-қасіреті, көз жасы тарих еншісіне кетті десек те, бүгінгі ұрпақ соны білуі керек. Соларды жоқтауы керек. Әйтпесе тарихтан тағылым ала алмаймыз. Солардың тағдыры қалайша із-түзсіз ұмытылуы мүмкін? Бірнеше ұрпақтың, бірнеше буынның дүниетанымын, қоғамдық-саяси көзқарасын бір арнаға салып, әлем көз тіккен империя жасаған идеология қалайша бір сәтте санамыздан өшуі мүмкін. Осылайша, өткен ХХ ғасырдың тарихи тағылымын үлкен ой ауқымында қарастыратын, ой елегінен өткізетін қаламгер нақты тарихи оқиғаларға табан тірей отырып, өзіндік түйіндеулер жасайды. Қаламгер тұтас бір елдің, өз әулетінің, ата-анасының тағдырынан өрбіте отырып, бір тұста балалық шағынан түйген өмір сабақтарын былайша баяндайды: «ақты қара, жақсыны жаман, әділдікті зұлымдық деп саясат жүргізген кеңес өкіметі талай жанды рухани кемтар етіп, тағдырдың табанына салды. Адам адамға қарақшы болды. Адамның Алладан емес, адамнан қорқуы саясат та, адамның адамға табынуы заңдылыққа айналды. Дүниеге «жаңа құдайлар» келіп, олар өз дағуасын құрды. «Тамұқта» өмір сүріп жатқандарға ұрпақтарың «жұмақта» болады деген ілімді мектептен бастап үлкендерге дейін жаттатты. Ақыры оның бәрі жалғанның жалған қиялы болып шықты.
Менің аталарым Есім мен Әлім дүниеден өткелі ширек ғасыр уақыт болды. Сол кезде Есім атам айтушы еді:
– Қарақтарым, алданып қалмаңдар, бұл тәртіп ұзаққа бармас. Қызметтеріңді адал атқара беріңдер, бірақ іштеріңді бермеңдер. Тым берілмеңдер, ондайлардың жолы болмайды. Мен бұл сөзге наразы болатынмын. Қас қылғандай осы сөздерді атам жиі айтатын. Ойлайтынмын, оқымаған адам не айтпайды деп. Байқап отырсам, ол кісілер үзілмей келген ізгі дәстүрдің, салиқалы ойдың соңғы тұяқтары екен. Оларды кеңес үгіті, насихаты ала алмады. Біз болсақ, мойнымызға қызыл галстукты тағып алып, «Күнсіздерге күн болған» деп басталатын өлеңді жарыса жаттап жаттық».
Ғ. Есім өз шығармаларында көркемдік жинақтау арқылы ең алдымен адам тағдырын алдыңғы қатарға шығарады. Кеше ғана дәуірлеп тұрған социалистік қоғамның жақсылығы мен жамандығын қатар жарыстыра сөз етуі, бейнелі де құнарлы тілмен сюжеттік желілерді орнымен тауып жымдастыруы, сол оқиғаларға бүгінгі дәуір биігінен көз тастауы, аға ұрпақ бастан кешкен тарихи тәжірибенің сабақтарына ой көзімен қарауы, міне қаламгер ұсынып отырған танымдық, тағылымдық жинақтаулардың ең басты құндылығы осында жатыр.
Кітапқа енген Ғ. Есімнің қысқа новеллаларының өзінің тақырыбы жағынан тосындығы, ой түйіндеу жағынан тартымдылығы бірден көзге түседі. Адам – пенденің қарапайым тағдырын әңгімелеу арқылы автор сіз ойламаған, сіз күтпеген тұстан бой көрсетіп, ауқымды көркемдік жинақтауларға көтеріледі. Айталық, «Қырық қыз» новелласындағы шағын эпизодтың өзі адам бойындағы ең бір асыл қасиеттің мәнін ашады.
Адамды жамандамау, біреуге жамандық ойламау, бір қарағанда, оңай дүние көрінеді. Бірақ адам-пенде сол жаман қасиеттен сақтана ала ма? Сақтана алмайды екен... Новелла кейіпкері К-атты қарияның бір ғана іс-әрекетінен оқиға өрбітетін автор шығарма соңында үлкен түйіндеу жасайды. Ол – адамға жасаған жақсылығың да, жамандығың да өзіңе бір кезде оралады деген түйіндеу. Демек, адамға жақсылық жасау мынау пәни дүниеде екінің бірінің қолынан келе бермейді екен. Әңгіме кейіпкері кейуананың бір ауыз сөзімен түйінделетін айыптау диалогы кәрі шалдың есіне соғыс жылдары қазақ қыздарына өз қолымен жасаған қиянатын қайта есіне түсіреді.
Ең бастысы, новелла ішінде сөз болатын барлық оқиғаларды, адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттерді оқырманның өзі таразы басына салып отырады. Автор соның барлығын астарлап жеткізіп, оқырман ойын оқиғалар арнасында еркін жетектеп отырады. Сол арқылы әркім өз биігінен, өз таным деңгейінен, өз өлшемімен адам қасиеттеріне төрелік айтуға мүмкіндік алады. Ғ. Есімнің қаламгер ретіндегі сөз құдіретін де, сөз құнарын да дөп басып таба білетін даралығы осынау өзіндік жазу стилінде дер едім. Автордың қолтаңба ерекшелігі де, жазу мәнері де осындайда көрінеді. Философиялық прозаның әлемдік деңгейдегі тәжірибесін ой елегінен өткізген, соның озық үлгілерін көп оқыған, еркін игерген автор ұлттық арнада өз соқпағын тапқан.
Жазушының кітапқа енген басқа философиялық новеллалары да осы арнада өрбиді. Олардың тақырыптары да әр алуан. Бірақ бәріне ортақ бір көркемдік ерекшелік көзге түседі. Оның ең бастысы – автордың философиялық дүниетанымы қаламгердің рухани ізденістеріне мол мүмкіндік береді. Шексіз кеңістік ашады. Танымдық ауқымы әр қырлы, әрі әр тараптағы мұндай мүмкіндіктер көркем әдебиетте шектеулі. Себебі көркемдік таным – өз шеңбері, өз аясы, өз эстетикалық заңдылықтары ауқымында ғана өріс алады. Көркем әдебиеттің осы өріс алаңында қалып-ақ күллі ғаламдық, күллі адамзаттық құндылықтарға қол арту мүмкіндігіне де ие екендігін жоққа шығармаймыз.
Ал енді көркемдік танымның жақсы мағынасындағы жаңағы мүмкіндіктерін, яғни оның қалыптасқан шеңберін бұзып шығып, автордың кең ауқымды философиялық дүниелерге қол артуы, яғни оның, қаламгердің көркемдік ойлау мүмкіндігін жаңа кеңістіктерге қарай жетелейді. Даналық ойдың мәйегі де осы тұстарда бой көрсетеді, қаламға ілігеді.
Сан ғасырларды көктей өтіп, кезең-кезеңмен адам баласының барлық буынына, керек болса, бүгінгі ұрпағының қолына да қаймағы бұзылмай жетіп отырған ақыл-парасат, даналық ойлау құндылықтарын бағаласақ, осының барлығын тағы да бір қайтара ой елегінен өткізуге тура келеді. Қаламгер, философ-ғалым Ғарифолла Есімнің кітапқа енген «Жар жағасы» атты философиялық көркем туындысы алдымен осынау біз жоғарыда сөз еткен тосын, жаңашыл мазмұнымен өз оқырманын елең еткізетіндігін аңғардық.
Шынайы мазмұн сан қырлы пішінде көріне беруі мүмкін. Аталған туындыда мазмұн мен пішіннің бірлігі алдымен көзге түседі. Қаламгер әрбір ой-пікіріне, көрген-түйгеніне, яғни қағазға түсіре алған дүниелерінің барлығын өз формасымен беретіндігі ұтымды көрінді. Даналық ойдың әрбір мәйегі өз қауашағында тұрмаса, оның алмастың қырларындай жарқырамайтынын қаламгер жақсы білген. Білгендіктен, әрбір ой-толғамын өз өлшемімен, өз кестесімен, өз соқпағымен қиялатып, жігін тауып, оқырманына әсерлі жеткізіп отырады. Ең бастысы, көркемдік, танымдық әсері болмаған дүниенің оқырман жүрегіне жетпейтінін автор жақсы сезінген.
Жазушының қысқа әңгімелер мен новеллалардың да шебері екендігін оның шығармаларындағы тосын сюжет, кейіпкер психологиясын ұтымды аша білетіндігі, әсіресе көркемдік шешім тартымдылығы дәлелдейді. Оның шығармаларындағы қарапайым өмір көріністерінің өзі философиялық астарымен оқырманды толғандырады, тебірентеді. Мысалы, жазушының «Суық жел», «Демалыс күні» атты новеллаларындағы қарапайым ауыл баласының жан дүниесінде өтіп жататын ішкі сезім арпалысы сонау 60-70 жылдардағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз көз алдыңа елестетеді. Ауыл баласының өмірбаянындағы тұрмыс ауыртпашылығы, жоқшылық, аштық, алыс ағайынның жүрек сыздатар мейірімсіздігі бала көзімен суреттелгенде тұтас бір ұрпақтың тауқыметті тағдыры ойға оралады.
Жазушы бір сюжетті былайша түйіндейді: «Тұрмысымыз ауыр десек, жеңіл айтқанымыз, анығында, біздер, балалар – үнемі ашпыз. Тойып тамақ ішу өте сирек, ол көбіне әкем не шешем келгенде болады. Олар дорба-дорба тамақ әкелетін, ет, қоспа, май, құрт сияқты асқа бір кенеліп қалатынбыз, бірақ қуаныш қысқа болатын. Қар суындай тез құрғап, қайтадан аш құрсақ қалпымызға түсетінбіз. Аштық туралы айту үшін және оны сезіну үшін адам оны өз басынан өткізбесе болмайды. Аш болудың өз құпиясы бар, мысалы, күні-бойы ашығып жүру, аш қалпыңда ұйықтаудан жеңіл. Қарның шұрылдап көпке дейін дөңбекшіп ұйықтай алмай жатасың. Амал жоқ, бір кезде талықсып көзің ілінгенде түсіңе бірден енетіні – ақ нан...».
Ақ нанның қадірін білудің астарында қаншама аштық пен жоқшылыққа шыдаған, төзген ауыл баласының басынан өткерген басқа да қиямет-қайым тіршілігін автор құнарлы тілмен, тартымды оқиғалармен астастыра өріп шығарады. Ең бастысы, қаламгер боямасыз шындықты, қоспасыз өмір көріністерін суреткерлік шеберлікпен бейнелей білген. Адам бойындағы асыл қасиеттердің аяусыз сынға түсетін сәттерінде бас кейіпкер – қазақтың қарадомалақ баласы өмірдің барлық ауыртпалықтарын үнемі сабыр мен ақылға жеңдіреді. Сөйте тұра өз мақсатынан бір сәтке де көз жазбайды. Үлкен арман жолында келе жатқан, қайтсем де білім алсам деп жүрген жеткіншектің үлкендерше ой тоқтатуы, ісіне берік, сөзіне мығым мінез танытуы боямасыз. Сондықтан да осынау әңгімелер өз оқырманына ой тастайды, өмір-тіршілік сырын ұқтырады.
Ал енді «Тұтқын және бозбала», «Байсақтың сауыны», «Құла ат», «Кешке дейін де ғұмыр бар», «Қырық қыз», «Ананың көз жасы», «Архат», «Торғай», «Ақжауын», «Исіну», «Тұқым», «Қас-қағым», «Шайтанның күлкісі», «Ене мен келін», «Немере», «Бөрі», «Аңшылық», «От жалынында» тағы басқа новеллаларының көлемі бір беттен бес бетке дейін созылады. Бұл көлемі ғана. Жалпы, қаламгер өз шығармаларын өте нақты әрі қысқа жазады. Ал олардың мазмұнында өлшем терең. Өзекті идея, сюжет ағыны, түйінді ой, жиылып келгенде оқырманды өмір тағылымына тереңдетеді.
Осы новеллалардың өзінен-ақ, яғни автордың кітаптың бірінші бетіне шығарған басты идеясы – «Социализм» идеясы, социалистік қоғам шындығы, заман шындығы болып ұшқындап көрініп тұрады. Социализм шындығы дегенде автор алдымен адам тағдырына соғып, адам тағдырын алдыңғы қатарға шығарады. Күллі қоғамның, тарихтың, оқиғалардың ең басты қозғаушы күші – адам, сол адамның басынан өтетін сан алуан тағдыр соқпағы шығарма ішінде үлкен көркемдік жинақтаулар арқылы оқырман жан дүниесіне жол тартады.
Метафоралық түйіндеулер, көркемдік айшықтаулар қарапайым оқиғаның өзінен бастау алады да қорытындысында үлкен философиялық жинақтауларға қарай ұласады. Мысалы, осы орайда шығарма беттеріндегі мына сөздерге назар аударып көрейік: «Жар жағалап өмір сүріп жатқанын тек ізгі, рухы биік жандар ғана сезінбек. Осы сана адамға бақыт емес, қайғы әкелмек. Ғұламаларға, ойлы адамға бұл жалғанда қызық жоқ дейтіні сондықтан. Жар жағасы дегеніміз – жақсылық емес, жамандықтың нышаны. Сонда адам жамандықты бір аяғымен басып тұрып, үнемі одан алыстауға харекет етпек, алайда жамандықтан қашып құтылу адамға бұйырмаған. Ол жамандық жағалауынан қаншама алыстап кеткісі келгенімен, жар жағасы оның соңынан бір қалмайды. Өз тағдырынан қашып әрекетке түскенімен, барған жерінен жар жағасы табыла кетеді. Жар жағалау ізгі жанның – қашып құтылмас Тағдыры». Жар жағалау ізгі ниеттегі жан үшін үлкен жауапкершілік екендігін автор сана ағымы астарында ишаралап отыр. Саналы адамның мұңы ешқашан таусылмайтынын мегзейді.
Ал енді «Адам Ата мен Хауа Ана» хикаятында автор мәңгілік Ақиқатты іздеу жолында басын тауға да, тасқа да ұратын пенделердің болмысына үңіледі. Ұлы Жаратушының бейнесі көркемдік таным мен даналық онтология арнасында ашылады. Бұл эсседе адам әрекетіне баға берілмейді. Керісінше, Жаратушының қолында тұрған күллі құдіреттің тылсым сыры адам әрекетімен қалайша сабақтасатынына қаламгер детальдық көріністер арқылы жақындайды.
Тәубе, шүкіршілік, тағдырға мойынсұну сынды адам бойындағы мінез-құлықтардың мәні ашылады. Жер бетіндегі тірі мақұлықтарға ырзығын, несібесін тауып беріп отырған Жаратушы құдіретіне сенеміз. Жоқтан бар жасап, барды жоқ еткен Ұлы Жаратушы тұлғасы мен адам болмысы бетпе-бет келгенде пенделердің не істейтіні, не әрекетке баратындығы астарлы ой ағымымен жеткізіледі.
Күнәға белшесінен батқан адам-пенде жақсылықтан күдер үзбейді. Басына іс түсіп, азап бұлты үйірілгенде Жаратушыға жалбарынады. Осының барлығы философиялық ой арнасында сөз болатындықтан оқырманды ойландырады, терең тебіреніске түсіреді. Адам тағдыры адамның өз қолында емес екендігін айқын ұғынасыз.
Жалпы, өмірдің мәні, қас-қағым сәттік адамның ғұмыры жазушының кейінгі әңгіме, новеллаларында да басқа қырынан сан қайталанады. Өмірдің әрбір сәтінен, адам тағдырының әрбір көрінісінен алынған осынау шығармалардағы сюжеттердің де әрқайсысының көтеретін өз жүгі бар. Мысалы, «Кешке дейін де ғұмыр бар» әңгімесінде қас-қағым сәтте жол апатынан мерт болған жас жігіттің тағдыры өте ауыр ойларға жетелейді. Адам тағдырының мәні ашылады. Миллиондаған адамдардың басынан өтіп жататын осынау трагедиялы оқиғаның астарынан автор ой түйінін дәл таба алған. Ательеде шалбарын тездетіп алуға жанұшырып, асыққан бозбала тойға жеделдете бара жатып, көлік астына құлайды. Тағдыр оны той табалдырығына жеткізбеді. Әңгіменің аяқталуы төмендегідей: «Менің де тапсырысым даяр болмай, ательеде біршама мезгіл айналсоқтап қалдым. Мен тұратын жатақхана ательеге таяу болғандықтан, жаяу тарттым. Жатақханаға жете бергенде жол қиылысы шеңберінде топырласқан адамдарға назарым түсті. «Бұл не болды екен?» деп барсам, бағанағы ательедегі аққұба бозбала жол айрығында велосипеді бір бөлек, өзі анадайда құлап жатыр. Көзіме ательеден алып шыққан шалбары оттай басылды, ол еш шашылмастан велосипедтің артында, сол ұқыпты бүктелген қалпында. Самайы тұсынан, сірә, аққан қанға етпетінен малшынып жатыр, өмірден өтіп кетіпті». Аңғарған оқырман автордың жеке әсері типтендірілгенін байқайды. Қысқа әңгіме көп ойларға жетелейді. Көркемдік жинақтау арқылы бір адамның тағдырын көз алдыңызға алып келеді.
Ал енді, осы жинаққа енген жазушының «Таңсұлу» романы көркемдік қуаты, сюжет тартымдылығы, тілі жағынан барлық шығармаларынан оқшау көрінеді. Бұл – философиялық тұрғыдан қарағанда өте күрделі шығарма. Автор бас кейіпкердің тағдырынан тарата отырып, бір әулеттің басынан өткен өмір шындығын тартымды, тосын, сан қилы сюжеттік оқиғалар арқылы және осыларға метафора, образдық ойлау арналарын іштей сабақтастыра отырып, тұтас бір ұлттың тарихи өткелдердегі алмағайып тіршілігін көркемдік тұрғыдан жинақтап, алдыңғы қатарға шығарады.
Жалпы, Ғарифолла Есім шығармаларының көркемдік қуаты, стильдік көпқырлылығы, оның алдымен сюжет табудағы, сюжет құрудағы шеберлігінен байқалады. Өмір көріністері қаламгер үшін шикізат қана емес, өзінің философиялық ойларына бастайтын соқпақ іспеттес. Өз ойын жинақтап айтуға, айшықты жеткізуге әрдайым ұмтылатын қаламгер қарапайым адам тіршілігінің өзінен-ақ белгілі бір мазмұн-мән тауып, сол арқылы көркемдік ізденістерге қол артады. Жазушының суреткерлік бояуының, қаламгерлік шеберлігінің ерекше көрінетіндігін, тақырып, дүниетаным ауқымының кең екендігін осынау дүниелердің барлығы аңғартады. Яғни адамзат басынан өткен тұтас ғасырдың, кешегі ХХ ғасырдың шындығын замана шындығы ретінде көркем сөзбен кестелеген туынды «Социализм» романы философ-жазушы Ғарифолла Есімнің соңғы жылдары көркем дүниелерге біржолата дендеп отырғандығын дәлелдейді. Қаламгердің осынау мақсат жолында көп тер төккенін, ең бастысы, сырттан тақырып іздемей, тақырыпты, сюжетті өз басынан өткен, өз тағдырында терең із қалдырған оқиғалар мен өмір көріністерінен тарқатып, қаламына тірек еткені терең әсер қалдырады. Осы арқылы кейіпкерлер тағдырына боямасыз, шынайы үңіліп, бойлап отыратындығына қуандық.
«Социализм» сыры
Последние статьи автора