«Алашым» деп атқа қонып, қазағым деп қан жұтып, небәрі 33 жасында қыршын кеткен Смағұл Сәдуақасұлының жер қойнына берілмей, 77 жылдан аса жат жерде – Мәскеудің Дон зиратында қалған мәйіт-күлі өзі кезінде егемендігін аңсап, байтақ жерінің шекарасын бүтіндеп кеткен туған еліне келгесін де Астана төрінен бір шаршы метр жер бұйырмай, төрт ай мешітте тұрған еді. Сол асыл текті Алаш ұлының рухы кеше ақыры жай тауып, елорданың Бөгенбай батыр даңғылымен жалғасып кететін Астрахань күре жолының бойындағы зиратқа жерленді.
Заманында жастығына қарамай, ұлт үшін қыруар еңбек етіп, көрнекті мемлекет қайраткері болған, бірақ қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған сұрқия дәуірінде Мәскеуде жұмбақ жағдайда көз жұмған Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлі қалай табылып, Қазақстанға қалай әкелінгенін газетіміздің қаңтардың 22-сі күнгі санында кеңінен жазған едік (қараңыз – «Алаш рухы жаңғырған күн!», 22.01.2011 жыл, «Алаш айнасы» газеті). Алайда дәл осындай тұлға рухының ойда жоқта елге оралуына биліктегілер дайын болмай шыққан сияқты. Өйткені бір топ ғалымның қайрат қылуымен Мәскеуден әкелінген Смағұлдың мәйіт-күлін күтіп алуға ардагерін ардақ тұтқан қарапайым халық өкілдері – жастар, ғалымдар мен бірді-екілі депутаттан басқа ресми тұлғалар келмеген еді... Ал ресми тұлғалар үнсіз отырып алғаннан кейін, Алаш қайраткерін мемлекеттік деңгейде, ұрпаққа өнеге етерліктей лайықты сый-құрметпен жерлеу мәселесі де сөзбұйдаға салынып кеткеніне куә болдық, өкінішке қарай. Тіпті қайда жерлеу мәселесі де екіге жарылып, ұлттық қабірстан (пантеон) құру мәселесі де осы кезде талқыға шықты. «Арнайы бір күнді белгілеп, жалпықалалық қаралы шеру ұйымдастырып, қай зиратқа болса да билік өкілдерінің қатысуымен лайықты жерлеу рәсімін жасаса, жұрт риза болар еді ғой» деген ренішті һәм орынды уәждердің де айтылуы сондықтан еді. Сөйтіп, созбақтап жүргенде төрт ай да өте шығыпты. Қаңтардың 21-інде туған жеріне жеткізілген Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлі кеше ғана, мамырдың 20-сы күні жер қойнына берілді.
Расын айту керек, осы уаққа дейін Сәдуақас Ғылмани мешітінде тұрған марқұмның мәйіт-күлін жерлеуге халық айтарлықтай көп жиналды. Бұл жолы аталған мешіттің алдына жиылған бұқара халықпен қатар, зиялылардың да, депутаттардың да қарасы әжептәуір көп болды. Сол жерде жерлеу рәсіміне қала әкімдігі ұйытқы болып жатқанын да естідік.
Смағұл Сәдуақасұлы кім еді?
1900 жылы туған Смағұл Сәдуақасұлы – 20 жасында ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында ағарту министрі болған қайраткер. 16-17 жасынан қазақ жастарының «Бірлік» атты тұңғыш ұйымына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төралқасында, Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарған. Оның қазақ елінің болашағы үшін аянбай еңбек еткенін Қазақстанның бүгінгі шекарасының бекіп қалуына себепкер болуынан-ақ көруге болады. Олай болса, бүгінгі шенеуніктер қайта Алаш ардагерімен мақтанып, сол арқылы халықтың разылығына бөленбес пе еді?
Қала әкімдігі зират басына баратын жұртқа екі автобус жалдапты. Жерлеу рәсіміне Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің өзі қатысып, бір қауым Парламент депутаттары бар, жиналған көпшілік Алаш ардагерінің қабіріне топырақ салды. Сөйтіп, Смағұл Сәдуақасұлының рухы ендігі мәңгілік мекені – өзі жолына құрбан болған, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың зиратынан жай тапты. Бұған да шүкір.
Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлі Астанадағы зиратқа жерленді
Последние статьи автора