Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
ҚАЗЫБЕКТІҢ ТӨЛЕ МЕН МӘЛІСЕГЕ АЙТҚАНЫ
Баяғы бір заманда жоғарғы ел мен төменгі елде құрғақшылық болып, ұлы жүз жылысып жоғарыға көшіп, үш жүздің баласы орта жүздің жерін жайлаған екен. Келер жылы жұт біткен соң, ұлы жүз көшіп өз жеріне, кіші жүз көшіп өз жеріне кетеді. Бірақ кіші жүздің бір жігіті ұлы жүздің бір келіншегін жолсыз алып қалады. Ұлы жүз көшіп қонысына барған соң, үйсін Төле би елден:
– Мал, бастарың аман ба? – деп сұрайды. Сонда ұлы жүздің игі жақсылары:
– Қария, мал-бас аман, ел түгел қонысына келді. Жалғыз-ақ ұлы жүздің бір әйелін кіші жүз тартып алып қалды, - дейді. Сол үшін кіші жүзден 200 жылқы барымта алады. Кіші жүз де қарап қалмайды. Күзге қарай үш жүз жігіт аттандырып, ұлы жүзден 500 жылқы қудырып алады. Сөйтіп, бір әйелдің дауынан ел бірліктен ажырап, екі ел зор бүліншілікке ұшырайды. Осы жанжал келер жылы үш жүздің бас қосқан үлкен сарабына түседі. Дауды орта жүз Қаздауысты Қазыбек, ұлы жүз үйсін Төле, кіші жүз Мәлсе би басқарыпты. Сонда Төле тұрып:
–Мен ағаның баласымын, билікті мен айтамын, – дейді. Кіші жүз Мелсе болса:
–Жоқ, мен атаның қара шаңырағында қалғанмын, жасым кіші болғанмен жолым үлкен. Билік жөні менікі – дейді. Қаздауысты отырып күледі.
Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деп еді, Қазыбек, неге күлдіңіз? – дейді, Төле мен Мәлсе.
Сендер атадан туысыңды білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер, – дейді Қазыбек. – Аталарың “Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам, сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?” – дейді Қазыбек.
Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазыбекке береді. Сонда Қаздауысты Қазыбек:
–Уа, үйсін Төле! Сен атадан үлкен туғансың, ініңнің бір еркелігін көтермей, жылқысын неге қуасын? Уа, жарқыным, Мәлсе! Сен атаңның қара шаңырағында қалған еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгеңді неге ертесің? Сен, Мәлсе, жесірді қайтар, сен Төле, жылқыны қайтар, – деп төрелік айтады. Екі жағы да осыған тоқтап, екі ел жылап табысқан екен дейді.
САРЫ ТАБАҚТАН САРҚЫТ ҚАЙТАР
Шу өзенінің жайылымына Арғын мен Үйсін рулары таласып, дауға Арғын жағынан Тобықтыдан Құнанбай, Үйсін жағынан ысты Бақтыбайдың баласы он төрт жасар Сары Әжібек шығады. Баланы көргенде, сөйлесуге менсінбей Құнанбай:
–“Ата тұрып бала сөйлегеннен без, байы тұрып қатыны сөйлегеннен без”, – деуші еді. Қарсы отырған мына бір бейәдеп балаң кім? – дейді.
Сонда Сары Әжібек шешен былай депті:
Мен Ұлы жүздің белгілі Сарысымын,
Бақтыбайдың маңдайындағы дәрісімін.
Маңдайымның бағы бар,
Таңдайымның дағы бар.
– Ал, сіз өзіңіздің кім екеніңізді білесіз бе? Не Арғын емес, не Найман емес, ат төбеліндей Тобықтылығың тағы бар, оң көзіңнің ағы бар сен дуанбасы болып билік айтқанда, менің Үйсіннің сөзін айтпайтын не кемдігім бар?
Құнанбай сөзден тосылып:
–“Қой асығы қолыңа жақсы сақа тұт, бала да болса ақылы асса аға тұт”, – деуші еді, бала сөзіне қандым, енді ағалық билігіңді айт!”
– Сары табақтан сарқыт қайтар. Билігін маған берсең, бәрін бауырыма тартпайын. Шу өзенінің сол жағын Үйсін, оң жағасын Арғын жайласын, – деп төрелік айтыпты Әжібек.
alashainasy.kz/culture/48746/
alashainasy.kz/culture/48768/
alashainasy.kz/culture/48861/
alashainasy.kz/culture/48905/
alashainasy.kz/culture/49021/
alashainasy.kz/culture/49053/