Қазақ әдебиеті тағы бір қадірлі қаламгерінен айырылды. 74 жасында көрнекті ақын, сатирик, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қажытай Ілиясұлы дүниеден озды.
Соңғы бір-екі жыл көлемінде қазақ руханияты Қадыр Мырзалиев, Рахманқұл Бердібай, Ораз Исмайылов, Жәрдем Кейкин, Жарылқасын Аманов, Хасен Әдібаев, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Бақытжан Момышұлы сынды көрнекті тұлғаларымен мәңгіге қоштасып, ел болып қайғырып, ақтық сапарға шығарып салып еді... Қазаққа адал қызмет еткен жақсылардың соңынан Қажытай сері де аттанып барады...
Өткен ғасырдың 60-жылдары Қытай жерінен атамекенге оралған ақын осы уақытқа дейінгі аралықта ұлттық әдебиетіміздің көркеюіне айтарлықтай үлес қосып, жаңа заманғы әдебиетімізге қаймағы бұзылмаған қазақы сөздің дәнегін себе жүрді. Қыршаңқы тілінің уытымен салмақты сатиралық шығармалар жазып, заманның сұрқия тұстары мен әсірепысық жандарды түйреп өтіп жүретін. Өлеңдерінде ақылгөйсуден гөрі кейінгі ұрпаққа өсиет-нақылын айтып, бүгінгі қазақ болмысының түкпірін барлап, ұлттық құндылықтардың жоқтаушы-насихатшысы бола білген. Қажекең тумысынан батыл, жастайынан тұлпарды жалынан тартып жайдақ мінген, қара домбырасын асынып ән-күйін әуелетіп, әзілін ортаға тастап жүретін бүгінгінің нағыз серісі еді. Елге біржолата табан тіреуге бел буған сол бір қиын-қыстау кезеңдерде, бозбала шақта қанаттас серіктесі Қабдеш Жұмаділовпен бірге шекара асқандағы бастан кешкен қиын жағдайларды жыр қылып айтып отырушы еді, қайран Қажекем. Кейін елде жүріп кілең жақсы-жайсаңдармен иықтаса жүріп, үлкен әдебиетке араласты. Қазақтың лирик ақыны Жұматай Жақыпбаевтың айнымас досы болды. Бертінде «Жұматай» деп аталатын әсерлі күй де шығарды. Жалпы, Қажытай ағамыздың ақындығынан бөлек, сазгерлігі, күйшілігі өз алдына толыққанды ашылмай кеткен бір ерекше қыры еді. Ол кісінің аттың құлағында ойнайтыны талайға аңыз болып кеткен. Киім киісі мен сөйлеу мәнері де өзгелерден кәдімгідей ерекшеленіп тұратын. Ел аузында «Қажекем айтыпты...» деген қаншама қағытпа әзіл-әңгімелер айтылып қалып жүр. Бір басында осыншалық қасиеттер шоғырланған талантты тұлға былайғы тіршілікте де әлдекімдерден сый-сияпат дәметпей, еңбегін бұлдамай-ақ, таза шығармашылықпен айналысты.
Қажытай Ілиясұлы 1939 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағындағы Дөрбілжін ауданында туған. Шыңжаң Тіл институтының қытай тілі факультетін бітіріп, «Шыңжаң» газетінің редакциясында аудармашы, сол газеттің Іле, Тарбағатай аймағындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеген.
1962 жылы Қазақстанға келіп, 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Ара-Шмель» журналында, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде фельетонист, бөлім бастығы, Қазақ телевизиясында аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана», «Астана даусы» – «Голос Астаны» газеттерінде бас редактор, ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған. «Дастарқан» атты ең алғашқы өлеңі «Шыңжаң» газетінде 1959 жылдың күзінде жарияланған. Лирикалық, сатиралық өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1965 жылдан жарияланып келеді. 1967 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Лениншіл жас» газеті бірігіп жариялаған жыр мүшәйрасында бас бәйгеге ие болған. 2001 жылдан бастап Халықаралық «Сорос—Қазақстан» қорының және бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жүлдегері.
Сейфолла Оспан, ақын:
– Жалған дүние-ай, өзімен-өзі еркін жүріп, еркін ойлап, еркін жазып, өзінің даралық қасиетін сақтаған тағы бір асыл азаматымыздан айырылып қалдық. Оның жан дүниесінде қазақтың небір қастерлі сәйгүліктері кісінеп тұратын. Және оның өн бойынан сатира мен лириканың қос ағыны қос жорғадай тайпалып тұратын еді. Оған қоса, кімді қалай сыйлау керектігін, кімді қай дәрежеде бағалау керек екенін жақсы білуші еді. Ақынға тән тентектеу мінезі болса да, жасы үлкен адамдардың алдынан қия өтпейтін. Қашанда өзіне тән жарасымды әзілімен жаныңды жайма-шуақ ететін. Өзі жылқыны жанындай жақсы көргендіктен, қазақтың арғымақ, тұлпарлары жайлы таңды-таңға ұрып, әңгімелеуден жалықпайтын. Мінезі де сол жылқы сияқты – ауыздығымен алысып, кісінеп, жүрегі әрнеге алабұртып тұратын. Ажал антұрғанға кім қарсы тұрған?! Қош, өз жаратылысымен қазақ мінезін байыта білген, қайран Қажытай...
Камнұр Тәлімұлы, ақын:
– Асылдың ғана тиеді асылға себі,
Егде тартса әулие жасында сері.
Өтімді жерде отырса өнердің пірі,
Дарындыны дарынсыз
басынбас еді,
– деп, өзінің талант қарымын дүйім жұртқа дәлме-дәл жеткізіп, қашанда өз ойын ашық айта білген, білімпаз, көпті көрген Қажытай ағамыз да бақиға аттанып кетті...
Ол кісі ақын ғана емес, қазақтың талай аңыз-дастандарын, жыр-қиссаларын көкірегіне түйген, ұлттық салт-дәстүрімізді терең білетін шежіреші ақсақал, қазыналы қариямыздың бірі еді. «Сатираның саңлағы» атанған Қажекем кешегі-бүгінгі қоғамдағы қожыраған келеңсіздіктерді өзінің усойқы тілімен түйреп өтіп, туабітті турашылдығымен не айтса да біліп айтып, жазса да бүріп жазатын. Қазақ әдебиетінің алып айдынында айшықты ізін қалдырған аймаңдай ақынымыз Қажытай Ілиясұлының соңында қалдырған өнегесі ұшан-теңіз. Оны саралап, санаға сіңіру ендігі ұрпақтың еншісінде. Ел-жұрт аманда осындай дарын иелерінің есімдері елеусіз қалмайтынына кәміл сенемін. Ағамыздың арты жарық, алды пейіш болсын дейік...
Ақынды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең, 30 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағында сағат 10:00-де басталады. Марқұмның денесі ұлтымыздың аяулы перзенттері мәңгілік тұрағын тапқан Алматы маңындағы Кеңсай қорымына жерленеді. Қазақты қаймағы қалың қара сөзімен сусындатқан ақын Қажытай Ілиясовтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
«Алаш айнасы»