Сегіз қырлы Сұлтан (телеөнерпаз, әдебиетші Сұлтан Оразалинов туралы сыр)

Мансұр ХАМИТ (фото)

Алаш сөзін сөйлей шыққан «Алаш айнасы» газетінен жігіттер «Сұлтан Оразалинов туралы мақала жазып бересіз бе?» деп қолқа салды. Бұл өтініш өмірде ғана емес, көңіл төрінде жасап келе жатқан жақсы әдебиетші, жайсаң телеөнерпазды көңіл терезесіне алып келе қалды. Ойланасың осындайда, толғанасың өткен күнге ой жіберіп. Бәрі де кеше секілді еді. Алдыңғы толқын аға­лар тағы бір көш жерге озың­қырап барып жайғасып жатыр деген сөз – бұл. Сол ойландырады, сол толғандырады. Ағалардың амандығын тілей ойланамын.
Егер де қазақ теле-радио жур­на­лис­ти­ка­сына қатысым бар деп есептейтін бол­сам, менің алдымда тұрған екі ұстазым бар. Оның бірі – Сұлтан Оразалинов те, екін­шісі – Сағат Әшімбаев.
...1975 жыл. Боқырауын түсіп, ай­на­ла­ны бозқырау жапқан күздің қысқа ұласар қытымыр шағында қызметтен қысқарып қалдым. Не басымда баспана жоқ, үйсіз қазақ баласы енді күйсіз халге ұшырадым. Ашпаған есігім жоқ. Жылы шырай бер­ген­дер болды, жұмыс бере алмады бірақ. Та­ны­мал емеспін. Бірді-екілі мақалам жарық көрген. Ол бір қызметтен қысқарсам, екін­ші бір қызметке жетелей жөнелерлік дең­гейде емес. «Соқыр көргенінен жаз­бай­ды» де­ген­дей, кеше ғана алдынан тәлім алып ұшып шыққан ұстаздар еске түсті. Олардан өзге кіміміз бар Алматыда? Салып ұрып профессор Бейсембай Кенжебайұлына кел­дім. Миына қан құйылып, инсульттан тұрғаны жаңа. Бойын да тіктеп ала алмай жүрген, тілі де икемге енді-енді келе бас­та­ған ұстаз қашанғысындай тыңдап алды да, сау қолымен телефонды тере бастады. «Сұлтан! Бұл – Бейсембай Кенжебаев. Са­ған Құлбек Ергөбеков есімді бала барады. Сен соған жұмыс тауып бер...» Ол телефон тұтқасын ұясына тастай салды.Ұстаз сіл­те­ген нобаймен Қазақ телевизиясына қарай сызып келемін.
Тапсырған Сұлтаны – Қазақ теле­ви­зия­сының Әдеби-драмалық хабарлар бағ­дар­ламасының бас редакторы Оразалин екен. Суықтау қарсы алды. Жазған мақа­ла­сымақтарымды көрді. Мұрнын шүйірді. «Кандидат шықса шығар... Тележурналист шығу...  әй-қайдам? Бітіргенің – филология. Бей­секеңдей әулие ұстазымызды әурелеп. Дегенмен сынап көрейік. Назарбек, Әділ­бек, мына балаға тапсырма беріңдер!» Назар­бек Қанафин жаңадан ашылғалы жатқан қолөнер мұражайының ұйым­дас­ты­рушысы Қадыр есімді азаматқа жо­лы­ғуымды, сөйтіп, сценарий жазып әкелуді тап­сырды. Телесценарий емес, мақала жазып әкелдім. Әділбек Тауасаровтың тап­сыруымен Ұзынағашта тұратын Әсімхан Қос­басаров есімді ақынға жолығып, бір­деңе жазып әкелдім. Ол да телесценарий емес, мақала болып шықты. Екеуі де жа­ра­мсыз. Бірақ екі ағам екі «мақаламды» жөндеуге кірісіп кетті. «Сені жұмсамай тұрып телесценарийдің қалай жазы­ла­ты­нымен таныстыруымыз керек еді...» Әділ­бек алдыма экраннан өткен телес­це­на­рий­лердің тігіндісін тастады. Мен үшін бей­мәлім жаңа әлем. Қызметке жарамай­ты­ным­ды бірден білдім.
 Әуелде телесценарий болып тумаған, мақала болып жазылған болбыр дүниенің экраннан өтуі де қиын болды. Студияда хабарды жазып жатқан Сұлтекең: «Тіл жоқ мына балада! Стоп!» – деп айқай салды. Ол режиссердің жанында пультте отырған маған жайсыз естілді. Дағдарып біраз отыр­­ды. Ақырында мәтінді былай сырып қойып, еркінше сөйлеп кетті. Хабар жа­зыл­ды. Бірі «Ел іші – өнер кеніші», келе­сісі «Халық қазынасы» айдары бойынша ха­ба­рым көрсетілді. Мен жазған теле­сце­на­рийден бір сөз жоқ хабарда. Мен қуанудың орнына қорындым. Телевизияны жел­кем­нің шұқыры көрсін! Безіндім. Бұл бір пәле екен! Сұлтекең жұмсаған Әділбек мекен­жайы жоқ мені зорға тапты. Қайтадан жек­ті мені телевизия жұмысына. «Бейсекең тап­сырған соң, мен сенен өлейін-тірілейін телевизионщик шығаруым керек», – деді Сұлтекең бұл жолы. «Мен білсем, сенен Ираклий Андроников шығады», – деді бір күні Әділбек Тауасаров. Штаттан тыс жүріп шираған мені күндердің күнінде Теле-радио комитетінің төрағасы Хамит Хасе­нов­ке алып кірді Сұлтекең. Ол да Бей­се­кеңнен сабақ алған кісі болып шықты. Сұл­текең ортақ ұстазының тапсырғанын айтып, менің мақтауымды жеткізді. Ол кезгі одақ­тық бәленбай тележурналистің аты аталды. Сұлтекеңнің айтуына қарағанда, мен сондай тележурналист болғалы тұрған аса талантты қазақ баласымын... «Аста­пы­рал­ла» деймін іштей. «Сұмдық талантты екен. Кенжебаев өтінген екен. Екі-үш айдан бері қайда жүрсің? Неге бұйрықтан өткізіп, штатқа кіргізіп алмадың? Қабылдай алмай­мын. Штат қысқарту бізге де келді. Редак­цияңнан екі адам қысқартуға бер!» Енді томпақ көз, жуан қара Хамит Хасенов арқа сүйеп келген Сұлтан ағама ұрса бастады. Басшы алдынан Сұлтекеңнің салы суға кетіп шықты. Мен де жетісіп тұрмағаным анық. Сорлы басым қайда барсам, алдым­нан «штат қысқарту» деген пәле қарсы алатын болды. Сұлтекең мені емес, мен енді Сұлтекеңді жұбатуға көштім. «Ештеңе етпейді», «Бәрінен бұрын Бейсекеңдей ұстазымыздан ұят болатын болды ғой. Өзі сырқат кісі. Қайта ауырып қалса мына жай­ды есітіп», «Ештеңе етпейді. Табылар бір жұмыс», «Жоқ, сен Бейсекеңе айтпа. Таптым. Былай келісейік. Сен штаттан тыс істей тұр. Мен саған келісімшартпен клас­сик­терге қоятын қаламақы қойып беріп, айлығыңды шығарып беріп отырайын...»
Екеуміздің келісіміміз осы болды. Мен телевизияда не тындырғанымды білмей­мін. Бірақ Сұлтан Оразалин қашан бір қызметтің құлағын ұстағанға дейін мені осы­лай асырады... Тіпті Республикалық ха­лық шығармашылығы үйіне, Сәбит Мұ­қа­новтың мемориалдық үйіне қыз­мет­ке тұрған соң да мені телевизия қыз­метіне қосалқы түрде жекті де отырды. Бас редак­тор­дың тапсыруымен қазақ әде­биетінің классигі Сәбит Мұқанов туралы хабарлар сериясын жасадым. Бас редак­тор­дың тап­сы­руымен арқалы ақын Әбділда Тәжі­баев­ты телеэкранға алып шықтым. Жаралы жол­барыс секілді ырылдап қарсы алатын Бауыржан Момышұлы туралы «Қаһарман қаламгер» атты телефильмге жетеқабыл хабар жасап, сыйлық алғанымды қай­тер­сің?! Соның бәрі де – Сұлтан Оразалиновтің қамқорлығы. Сұлтекең соның бәріне менің басымды жарып бара жатқан дарыным үшін емес, ұстазы Бейсекеңнің тапсырысын орындау үшін барған еді. Міне, кісілік. С.Оразалинов басқаратын редакцияға жиі қатынасып жүріп, Ә.Тауасаров, Н.Қанапин, К.Наржанов, Ш.Оспанова, Ж.Мұқатаев, К.Қорғанова сынды журналист, режис­сер­лермен танысып, ағайынға айналдым.
Мен сол жылдардың күнделігіне жүгінемін.
4 желтоқсан 1982 ж.
Теледидардан «Жазушы және өмір» («Ботагөз» романының жаратылысы тура­лы) атты хабарым берілді. Бейсекең, Шол­пан апай – бәріміз отырып тыңдадық, кө­ріп та­машаладық. Ағай: «Артықтау мақтап жі­берген жоқсың ба?» – деп қарап қояды. Ол кісі – 1938 жылы романның «Жұмбақ жа­­л­ау» аталған алғашқы нұсқасына өлтіре сын айтқан адам. «Жан жылуы» аталатын тұңғыш кітабым жарық көргенде, өзінің кітапханасынан сол «Жұмбақ жалауды» алып, маған байғазыға автограф жазып бер­ген кісі. «Сәбитті адал, таза зертте!» – деген. Ол кісіні түсінемін. Түсінгендіктен де жерге кірердей болып қысыламын. Жоқ. Хабар жаман болмаған сияқты...
Телевизияға бара қалдым. Әдеби-дра­малық хабарлар редакциясының бас ре­дак­торы Сұлтан Оразалинов кабинетіне ша­қырды.
– Ал, сені дүйім жұртқа таныстырып жатырмыз. Кеше Ғабиден ақсақалдың үйін­де күллі жазушы хабарыңды тама­ша­ла­ды. Көп кісі сыртыңнан мақтады. Мен сен үшін мақтанып қалдым. Бейсекең ұста­зымыз сені маған табыстағанын әлі ұмыт­қан жоқпын. Уақытында орындай ал­ма­ға­ныма, сені қызметке қабылдай алмағаныма әлі өкінемін. Ұстазымыздың алдында қы­сылып жүрмін...
– Рақмет, Сұлтеке!
– Шыныңды айтшы, бізге келесің бе?
– Диссертациям біржақты болсын.
– Күтем. Сен келген күні жігіттердің бірін ауыстырамын да, қызметке сені ала­мын.
– Әзірге ұстай тұрыңыз, жігіттер істей тұр­сын, Сұлтеке!
– Әй, бала, түрің жаман, созып кетесің-ау...
Жылы қоштастық. Сұлтан Бейсекеңе шәкірттік бейілден сәлем айтты. Өздері «за­каз» берген еді. «Жазушы және өмір» өз­де­ріне де ұнаған сияқты ғой...
 Не болса ол болсын, Сәбит Мұқановтай қазақ­тың ірі жазушысын бір аунатып еске ал­дық, жұрт есіне салдық...
23 наурыз 1983 ж.
 Кеше бір телехабарға қатысып, 10 ми­нут сөйлеп бердім.
Бүгін «Бір қолжазбаның тарихы» деп ата­латын 45 минуттық хабар жасадым. Сценарийшісі, жүргізушісі – мен.
 Қатты қиналдық. Еңбекке тұрды. Хабар жақсы шықты. Финалын қайта жаздырайын деген ой болып еді, телеқызметкерлер көнбеді.
 Режиссері – Шырын Оспанова, редак­торы – Әділбек Тауасаров.
 Хабарға Қапан Бадыров, Мәриям Мұ­қанова қатысты. Мәриям апай Қакеңе рен­жу­лі. Ақылды кісі ғой. Білдірмеді бірақ. Қа­кеңнің іштарлығынан бүкіл хабар құлап қала жаздады. Не деген іші тар, парасаты кем кісі...
Сұлтан Оразалиновтің арқасында бір­сы­пыра жыл телевизияның өз қыз­мет­ке­ріндей есігін еркін ашып жүрдім. Тіпті үй­ренісе келе, М.Зощенко, А.Толстой,    В.Шклов­ский, И.Андроников жайында теле­хабар жасайық деп қиғылық салдым. Өйткені А.Толстой соғыс жылдарында Алматыда біраз күн қоналқалап С.Мұқанов үйінде қонақ болған, В.Шкловский Ал­ма­тыда тұрған. Б.Кенжебаевпен дос болған. М.Зощенко жер ауып келген (С.Мұқановқа жазған тамаша хаты бар.) И.Андроников ұлы М.Әуезовпен бірге оқыған... Теле­ди­дардан сөйлету үшін Г.С.Улановаға барып жолықтым. Бәрі де – қазақ жері, қазақ елімен тағдыр табыстырған әйгілі тұлғалар. Сұлтекең жұмсап, мен барып жолығып жүрмін. Бәрі де азды-көпті хабарға айна­лып, Сұлтекең басқаратын редакциядан өтіп жатты. Олар жайында сөйлей отырып, біз шама-шарқымызша оларды Қазақ­стан­ға жер аударған «сталинизмді» сына­дық, Ұлы Отан соғысы аталып жүрген зұлматты шенедік... Даңқы дүбірлеп тұрған Ш.Айтматовты Сұлтекең Қазақ теле­ви­зия­сына ертіп келіп, екі сағат бойы сұхбаттасты бір күні. Қасында болдық. Жақын таны­суы­мызға Сұлтекең себепкер болды.   Ш.Айт­матов, М.Кәрім, Қ.Күлиевті Қазақ теле­визиясына ертіп келіп, тағы да бір әдемі сұхбат жасады. Тағы да Сұлтекеңнің тап­сыруымен Кеңес Одағының әйгілі ақын-жазушыларының қасынан табылдық. Қол­таңба алып, шығармаларын оқы­ға­ны­мыз­ды біз айтып, олардың іші жылып жатты. Жастарды сөйтіп жақсылармен де жа­настырған – Сұлтекең аға! Теледегдар Сұлтан Оразалинов жасаған осы бір хабар­лар кейін даңқты қазақ жазушыларымен жүр­гізілген сұхбатқа ұласып, өз алдына тамаша бір шоғыр құрады. Тек бір Әдеби-драмалық хабарлар редакциясы ғана емес, Сұлтекең жасаған сол хабарлар се­рия­сы күллі Қазақ телевизиясының тамаша табысына айналды. Біз Сұлтекең үшін мақтандық. Расында, С.Оразалин жасаған сол хабарлар арқылы Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұс­та­фин, Т.Ах­та­нов, І.Есенберлин, С.Бегалин секілді жазу­шы­лардың «тірі бейнесі» сақталып, бүгінге жетіп отыр. Тіпті Сұлтекең кезінде жасаған сол телеха­барларына қайта ора­лып, деректі телефильмге айнал­дырып, көрерменге қайыра ұсынып жүр. Бұл да бір білгір теле­дидар маманы дер мерзімінде түсіріп алып қалып, бүгін халық қазынасына айналдырып отырған рухани игілік.
Сол күндердің бірінде Сұлтекең Бейсембай Кенжебайұлына сәлем бере келіп еді. Бейсекең: «Әй, Сұлтан, сен менің Ғабдол досымды кандидаттық диссер­та­цияға айналдырам деген едің, айтқаныңды орындамадың ғой. Салақсып кеттің. Оның жарамайды. Айтылмай жүргені болмаса, Ғабдол Сланов – қазақтың үлкен бір жазу­шысы», – деді шәкіртін сынай қамшылап. Сұлтекең уәде беріп жатты. Телевизия жұмысының оңай емесін білмейді емеспіз. Көзімізбен көріп, басымыздан өткіздік, білеміз. Алайда Сұлтекең ұстазының сөзі қамшы болды ма, әлде ұзақ жыл иленген терінің пісуі ме, әйтеуір, тез арада қазақтың маңдайалды жазушысы болған Ғабдол Сланов шығармашылығы жайында жазыл­ған монографиясын аяқтап, кітап етіп шығарып, ұстазына сыйлағанына куә бол­дым. Сұлтекең – тек телеөнерпаз ғана емес, білімдар әдебиетші де. Тіпті оның теле­ди­дарда аймүйізденіп замандас­та­рынан оқшау тұрғаны алдымен әдеби біліміне байланысты шығар.
 Ойлап отырсам, мейлі қандай қызметте жүрсем де, телевизияға бауыр басып, Әдеби-драмалық хабарлар редакциясына жиі үйірсектеппін. Бір барғанымда Сұл­текең: «Телевизияда қызмет атқар­ған­да­рыңа көп болды. Жазуын жазасыңдар. Бірақ өздерің телеэкранға шықпайсыңдар. Теледидарға шықпаған соң, хабарларың да ойдағыдай болмайды, өздеріңді де көрермен танымайды. Көрмейсіңдер ме, мына Құлбек сырттан келіп хабар жүргізеді. Ал сендер мені жұмсап, қарап отыра­сыңдар», – деп, Әділбек Тауасаров пен Назар­бек Қанапинге «шүйілгені» бар. Назарбек аға телесценарийді әдемі жаза­ды, Әділбек ағаның әрбір сценарийі дербес пьеса секілді. Екеуі де экранға шыққанды ұнатпайды. Табиғаты солай. Кезінде теледидарда жол көрсеткен екі ағам үшін мен қысыламын. Айтқалы отырғаным – Сұлтекеңдей азаматтың май­талман тележурналист қана емес, жастарды ысылдырып, іске жұмылдыра білген Қазақ телевизиясының ірі ұйымдастырушысы бола білгені.
 Тәуелсіздік алған соң Тіл комитетіне С.Оразалиновті бастап келген де – оның білімі, білігі, отаншылдық рухының мық­ты­лығы. Қайда жүрсе де елім, жерім, тілім деп жүрген рухы мықты азамат замана алдында отырғанына күмән жоқ. Өткен заманда ол – ұлттық рухты жоқтаушы, Тәуел­сіздік алған бұл заманда ұлттық рухты ұлықтаушы! Ол бүгін де бізді Тәуелсіздікке жеткізген қазақ ұлықпан тұлғалары жайын­да тамаша деректі телефильм серияларын жасау үстінде. Тақтан түскенімен, аттан түскен жоқ. Олай болса, өзі аттан, қазаны оттан түспесін деп шәкірттік бейілден тілек етеміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста