Әдебиеттегі аға буын өкілдерінің аузынан «Кезінде Әуезовтің, Кенжебаевтың дәрістерін тыңдаған едік» деп тамсана еске алатын жылы лепестерді жиі естіп қалып жатамыз. Сол дәрісті тыңдап, көкейіне түйіп өскен ағалардың өзі бүгінгі әдебиетіміздің бір-бір тұлғасына айналды. Қазақ әдебиеті классиктерінің әрбір сөзін, әрбір оқыған дәрісін Алматыдағы қара шаңырақ – ҚазҰУ-дан (сол кездегі атауы) бөлек педагогикалық, ауылшаруашылық, тіпті техника саласының студенттері де ынтыға тыңдаған деседі. Сол үзілген үрдісті жалғамақ ниетпен өткен апта соңында Қазақстан Жазушылар одағы ұлттық әдебиеттің жас буын өкілдеріне корифейлердің мастер-класс өткізіп, өзінің шығармашылық лабораториясының қыр-сырымен таныстыруға мүмкіндік беретін жиын жасады. Отырыстың алғашқы тәлімгері – прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Қалихан Ысқақ болды.
Алғашқы дәріске есімдері елге таныла бастаған, тырнақалды дүниелері баспа бетінде жарияланып, жеке кітап болып шыққан Серік Нұғыман, Қойшыбек Мүбәрәк, Мәди Алжанбай, Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбек, Мирас Мұқаш, Мақсат Рамазан, Жеңісбек Көкенов, Серікбол Хасан, Бауыржан Әлқожа, Әлібек Байбол, Жақсылық Қазымұрат сынды жас ақын-жазушылар қатысты. Дәріс барысында қарт қаламгер әдебиетіміздің өткенінен өнегелі сыр шертіп, өз замандастарының шығармашылығына баға берді. «Әдебиетті сүю – әлемді сүю. Мен Әуезовтің, Кенжебаевтың, Қабдоловтардың дәрісін тыңдадым. Сол үшін де өзімді жолы болған адам деп есептеймін. Бүгінде есімдері аңызға айналған тұлғалармен қатар жүрдім, тәлім алдым. Алаш арыстары ақталмай жатқанда, олардың шығармашылығы туралы там-тұмдаған ақиқатты осы кісілерден естідім. Ағаларымыз қазақтың басынан өткен қанқұйлы тарихты бізге аманаттап отырды. Олардың бізге көрсеткен үлгісі көп болды. 1956 жылы І.Жансүгіровтің «Күй» поэмасын жастығының ішіне сақтап, жан баласына көрсетпей келген ағаларымыз оны баспадан басып шығарды. Бұл – арыстарымызға деген құрмет еді. Сол абзал ағаларымыздың бейнесі әлі күнге көз алдымда», – деді Қалихан Ысқақ өткенді тебірене еске алып.
Еркін әңгіме негізінде өткен жиында жас қаламгерлер де өздерінің ойларымен бөлісіп, бүгінгі әдеби ахуалдың көкейде жүрген сауалдарын жазушыға жолдады. «Борхес, Хемингуэй дейсіңдер, солардың жазған дүниелерінің түпнұсқасын кім оқыды? Ешкім де көрген жоқ, бәріміз тек аударма арқылы таныспыз. Біз «шетел жазушылары не жазып жатыр екен деп емес, қалай жазып жатыр екен, жазу үлгісі, формалық ізденісі қалай екен?» деп оқитынбыз. Олар да өз халқының мұң-мұқтажын жазды. Сол себепті де сендерге айтарым, өз халқыңның уайым-қайғысын, қуанышын көркем сөзбен кестелеуден, тасқа басудан асқан ғанибет жоқ, соны ұғыныңдар, – деді Қалихан Ысқақ әр сұраққа байыппен жауап қатып. – Мен жастарды үнемі газет-журнал бетінен бақылап отырамын. Аяқ алыстары жақсы. Біз де жас кезде жалдап алған орыстың пәтерінде ыдыс-аяқ арасында отырып жаздық. Ағаларымыз қамқорлық танытып, әр жазған дүниеміздің кем-кетігін, жетістігін айтып отырды. Қасиетті қаламды серік еткендерге ешкім «былай жаз» деп үйретпейді. Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, С.Мұратбек, Ә.Тарази бәріміз қатар жүрдік. Өзімізге өзіміз сыншы болдық. Сендер де соны үйренулерің керек. Жас буынның бақыты – әдебиетке Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін келгендіктерінде. Бірақ сендерге артылар сенім, жүктелер жауапкершілік салмағы жеңіл емес. Тәуелсіз сана, егемен қазақтың психологиялық образын ашу — сендердің міндеттерің. Жазушыға әуелі көркем тіл, содан кейін фантазия керек. Біздің әдебиеттің бір қасиеті, бізде қыр қазағының образы жоғалмады. Қыр қазағының образын сендердің қаламдарың суреттемесе, онда ұлттық әдебиеттің тоқырағаны. Өйткені адамгершілік, кісілік қасиеттердің жиынтық бейнесі әлі де қыр қазағының бойында сақталған».
Бейбіт САРЫБАЙ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Балалар әдебиеті мен жастар кеңесінің әдеби кеңесшісі:
– Соңғы уақыттарда баспасөз беттерінде, әдеби басылымдарда көрініп жүрген жас прозашылардың өзі кішігірім бір буын болып қалыптасып үлгерді. Олардың әрқайсысының атын атамасақ та, көзіқарақты оқырмандар мен аға буын өкілдері жақсы біледі. Ал олардың кәсібилігін шыңдау, шеберліктерін арттыру үшін мұндай шеберлік дәрістері бүгінгі таңда өте қажет. Бұл – бұрыннан бар үрдіс. Тек соңғы жылдары ұмытыла бастаған. Біз аға буын мен кейінгі толқынның арасына байланыс орнатудың қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, ескі дәстүрді жандандырып отырмыз. Шеберлік класы әр ай сайын өтіп тұратын болады.