Қарағанды облысының Шахтинск қаласының шебері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзі жасаған ағаш қылышты сатты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Суретші Ермек Кәрім бірнеше жылдан бері ағаш өнімін жасаумен айналысады. Оның хоббиі қазіргі уақытта отбасылық кәсіпке айналған. Оның айтуынша, Мемлекет басшысымен ол Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған жәрмеңкеде кездесіпті.
"Таяуда мен Астанаға жәрмеңкеге қатысу үшін бардым. Ол Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Сол кезде менің өндірген заттарым тұрған жерге Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Ол ағаштан жасалған қылыштар туралы сұрады. Мен оларды сыйлағым келіп еді, бірақ ол сыйлыққа алудан бас тартып, ақша берді", - дейді Кәрім.
Шебердің Қазақстанда тұрып келе жатқанына 10 жыл болыпты. Ол отбасымен бірге Қытайдан көшіп келіпті. Бастап кезде ол Шахтинсктегі жергілікті өнер мектебінде жұмыс істейді, балаларға сурет салуды үйретеді. Бұдан кейін ол өз үйінде ұстахана ашады. Оның шағын шеберханасы бастапқыда жүдеу көрінгенмен, бұл жерде жасалатын өнер туындылары таңдай қақтырмай қоймайды.
Ыдыс-аяқ, құралдар, ескерткіштер - барлығы да қолдан жасалған. Әр затқа қазақтың оюы кескінделген. Шебердің айтуынша, әрбір зат отанға деген сүйіспеншілікпен жасалыпты. Ермек нағыз шебердің өзі. Себебі оның үйінде барлығы да қолдан жасалған. Таяуда суретші үйінің жөндеу жұмыстарын бастады - ол қабырғалар мен төбесін қазақ оюларымен және шаңырақ элементтерімен көмкергісі келеді екен. Оның үстіне шебер ілім-білімін оқушыларға үйретіп жүр. Болашақта бұл өнерді балаларына үйреткісі келеді.
"Бала кезімнен ағамның темірді соғып, есік жасайтынын көретінмін. Ол нағыз зергер еді. Ол маған үлгі бола білді. Айналысып жатқан ісім өзіме ләззат сыйлайды. Әрбір затты жасап болғанда еңбегімнің еш емес екенін көріп, қуанамын. Ескерткіштер мен ыдыс-аяқ халыққа қуаныш сыйлайды", - дейді суретші. Ағашты ол Көкшетаудан арнайы әкеледі екен. Ыдыс-аяқты жасауға ол қайың ағашын қолданады.