Кеше М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Бәкей қыз» атты трагедиялық спектакльдiң премьерасы өттi. Пьесаның авторы – белгiлi қаламгер, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерi Тұрлыбек Мәмесейiт, қоюшы режиссерi – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi Әубәкiр Рахимов.
Бәкей қыз – тарихи кейiпкер. Оның есiмi театрдың тұрақты көрермендерiне М.Әуезовтiң «Қилы заман» романы желiсi бойынша қойылған спектакльден таныс. Атақты Ұзақ батырдың «құлыным-ай, обалыңа қалдым-ау» деп аһ ұратын перзентi тап осы – Бәкей қыз. Қойылым оқиғалары мен оқиғаның орны еске «Қилы заманды» түсiргенмен, мұндағы басты идея Бәкей қыздың тағдыры арқылы берiледi.
Қойылымда қазақпен ежелден бiр туған қырғыз ағайындардың арқа-жарқа құдалығына жер дауына байланысты кiрбiң түседi. Екi ел арасындағы кикiлжiңге басты себеп – патшалық Ресейдiң отаршылдық саясаты. 1916 жылғы қазақ тарихында орны ерекше ұлт-азаттық көтерiлiстiң алғышарттары айқын көрiнетiн туындыда Бәкей қыздың тағдыры мәйектi жерiнен, құрақты көлiнен айырыла бастаған халқының тағдырына ұқсас. Қойылымдағы басты рөлдердi театрдың жас актрисасы Зәуре Көпжасарова, Жанар Құлдаровалар сомдайды. Одан басқа Шалқар Үркiмбаев, Берiк Айтжанов, Бауыржан Қаптағай, Саят Мерекенов, Жоламан Әмiров, Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Асылбек Боранбай, т.б актерлер ойнайды.
Сахнада – Бәкей қыз
Последние статьи автора