Қазақстанның Халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Осыдан 45 жыл бұрын бақилық болған біртуар таланттың өмірде қандай адам болғанын, өнерде қандай із қалдырып, қай тұрғыда ерекшеленгенін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Ал көзкөргендердің әнші, актер, композитор Манарбек Ержанов туралы тебірене айтар әңгімесі қашанда аңызға бергісіз. Соларға сүйене отырып, бір сәтке біз де сахна саңлағы жөнінде сыр шертіп көрмекпіз.
...Ата-анасынан жастай жетім қалып, өмірдің тауқыметін ерте тартқан Манарбек музыкалық арнайы білім түгіл, мектеп есігін де ашып көрмеген. Сөйте тұра, тумысынан зерек, дарынды ол ауыл-аймағына әуелден-ақ «әнші бала» ретінде танылады. Алайда қолының қысқалығынан алысқа ұзап шыға алмай, жасы жиырмадан асқанша бір жағынан мал бағып тамағын асырап, екінші жағынан, өнерді кәсіп етіп күнелтеді. Жаңа заман келіп, уақыт өзгерген тұста өнерге біржола ден қойып, болашақтағы үлкен мәдениет орталығы Алматыны бетке алады. 1928 жылы Қызылордадан Алматыға қоныс аударып келген қазақ драма театрына қабылданғаннан бастап, Манарбектің бірыңғай өсу, өрлеу кезеңі басталады. Алғашқы кездерде театрдың ұйымдастыруымен өткен концерттерге шығып жүреді де, кейіннен әртүрлі рөлдерде ойнай бастайды. Бұл туралы әншінің өзі: «Театр менің өміріме үлкен өзгерістер жасап, қайнаған өмірдің ішіне араластырды. …Өз басым орта немесе жоғары дәрежедегі мектеп бітірген адам емеспін. Маған мектеп болған – осы актерлік өнер», – десе керек. Ал орындаушылығы жөнінде: «Алматыға келіп, Әміремен кездескеннен кейін менің ән айтуымда үлкен өзгерістер болды. Өйткені оның асқан орындаушылық өнері маған ерекше әсер етіп, содан былай әнді Әміренің үлгісімен айтуға талаптандым», – дейді. Сондай-ақ ол «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Сімет», «Келіншек», «Топай көк» сияқты халық әндерін, сонымен қатар Біржанның «Жанботасы», Ақан серінің «Балқадишасы», «Толыбайы», Естайдың «Қорланы», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» сияқты көптеген әндерді Әміренің өз аузынан естіп, үйренгенін айтқан екен.
1934 жылы музыка театры ашылғанда, Манарбек соның негізгі әртістерінің бірі болып, көптеген үлкен рөлдерде ойнайды. «Айман – Шолпанда» – Жарас, «Қыз Жібекте» – Шеге, «Жалбырда» – Елемес, «Ер Тарғында» – Сақан, «Абайда» – Әзім, «Біржан – Сарада» Естай образдарын сәтті кейіптеп, халықтық рухы аңқыған жарқын бейнелер жасайды. Әсіресе «Қыз Жібектегі» Шеге бейнесі Манарбек Ержановтың сомдауында мейлінше сәтті шығады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінде осы операдағы Шегенің ариясын орындаған Манарбек Төлегеннің кім екенін түсіндіріп, байлығын суреттеп, термелетіп жөнелгенде, кеңестік музыкатану ғылымының ең көрнекті өкілдерінің бірі, академик Б.В.Асафьев: «Мына бір әнші қазақтың кең даласын Москваның сахнасына алып келді-ау!» – деп тамсанады. Сосын жанында отырған Ахмет Жұбановтан оның қандай музыка мектебінде оқығанын сұрайды. Ахмет Қуанұлы әншінің ешқандай мектеп бітірмегенін, осыдан 15-20 жыл бұрын жай ғана қойшы болғанын айтқанда, мәскеулік академик сенер-сенбесін білмей, шексіз таңырқайды. Манарбек Ержановтың орындаушылық шеберлігі күні бүгінге дейін жұртқа таңдай қақтырумен келеді. Үнінің әдемілігі өз алдына, оның ең жоғарғы нотада қатты даусымен созып тұрып алатынына сүйсінісін жасырмаған өнердегі әріптестерінің бірі Қанабек Байсейітов те: «Өкпесінің орнында көрік бардай көрінетін», – деген екен. Ол сондай-ақ өзінің «Құштар көңіл» атты кітабында да: «…Алдымен өзі шығарған, белгілі партия қайраткеріне арнаған әнін айтты, сонан соң «Сметті», биске «Ағаш аяқты» айтты. Кең даусы Үлкен театрдың кең залын кернеп, ішін өз даусымен толтырып жібергендей болды. Әр сөзі анық, үні зор, мен көрген әншілердің ішінде де Манарбек – бір төбе. Мәскеуліктер оны айрықша түсініп қарсы алды. Өз халқына ұнау бір басқа да, басқалардан баға есту өзінше дүние ғой. Мәкең одан да кенде болмады, астана жұртшылығы ерекше ілтипат көрсетті», – деп Манарбектің Мәскеудегі онкүндікте ерекше жарқырап көрінгенін меңзеген.
Манарбек Ержановтың сирек дауыс иесі екендігі соншалық, сонау 30-жылдардың басында әндерін күйтабаққа жазарда ең алғашында техника сай келмей, тек бір жылдан кейін ғана мүмкіндік туған көрінеді. Әншілікпен шектеліп қалмай, өзі де ән, күй шығарған Манарбек шебер домбырашы да болған. Жақын туысы болып келетін академик Хайдар Арыстанбековтің сөзімен айтсақ, оның «домбыра шертуде өзіне ғана тән солақай қағыстарынан керемет үн шығатын. Ән салу мәнері, даусы ерекше болатын».
Қанабек әріптесі айтпақшы, «өмірінің соңына дейін өзінің тамаша дарынымен халқын қуантқан» сахна саңлағы соңғы демі таусылғанша қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясында қызмет етіп, ұлт өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Қазақтың ән өнеріндегі дара құбылыс Манарбек Ержановтың сан қырлы таланты, орындаушылық шеберлігі көзін көргендер үшін бүгінде – үлкен сағыныш, көрмеген-білмеген былайғы жұртқа – шексіз арман…
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
Үнінің кереметтігін тілмен айтып жеткізу қиын
– Манарбек – Құдай тағаланың өзі нағыз әнші қылып жаратқан адам. Есі кіргеннен-ақ Ақанның, Біржанның, Жаяу Мұсаның әндерін шырқап, ел аузына іліккен азамат болған. Кейіннен алғашқылардың бірі болып қазақтың драма театрында – қара шаңырақта қызмет істеді. Жаны жайсаң, адал жанды азамат еді. Қазақ театрын құрған, қалыптастырған Манарбек, Жүсіпбек, Құрманбек сияқты басқа да бірқатар адамдар «қазақ өнерін қайтсек жеткіземіз, қайтсек көркейтеміз» деп тынбай еңбек етті, ізденді. Олар өз бастарын ойлаған адамдар емес болатын. Әйтпесе неше түрлі заман болды. Әнді ойламақ түгіл, «өзіміз қалай аман қаламыз?» деп, ел басымен қайғы болып кеткен ашаршылық кезінде де сол Манарбектер кешегі Біржанның, Естайдың, Ғазиздің әндерін қалай халыққа жеткіземіз деп, соның жолында тер төкті. Бұлар болмаса, кешегі халық композиторларының әндерінің барлығын қазіргі жастар қайдан алар еді? Бұларды ұмытуға болмайды. Бірақ Манарбек кейінгі кезде айтылмай қалды. Сол менің жаныма батады.
Манарбек үнінің кереметтігін тілмен айтып жеткізу қиын. Осы арада мен мынадай теңеу айтқым келеді: мысалы, бүтіндей бір құлынның, тіпті тайдың еті сыйып кететін үлкен тайқазанды елестетші. Су құйылған кезде сондай ауыр салмақты ұстап тұратын ошақтың үш бұты болады. Сол сияқты 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне барған жүздеген адамның барлығын ошақтың бұтындай ұстап тұрғандардың бірі – Манарбек, екіншісі – Күләш, үшіншісі – Құрманбек деп айтуға болатын еді. Мысалы, Манарбектің Шегенің ариясын шырқап тұратын жерінде ол Жібектің әкесінің емес, бүкіл қазақ халқының, қазақ даласының дариядай шалқып жатқан байлығын мақтан етіп, дәріптеп тұрғандай болып елестейтін. Шегенің рөліндегі Манарбектің үні мен әртістігінен, жүріс-тұрысынан оның ғажайып адам екендігі көрініп тұратын.
Жүсіпбек екеуі филармонияда бірге істеп жүрді, жақын дос болатын, бірін-бірі қатты сыйлайтын. Бұлардың ақкөңілділігі, аңқаулығы соншалық, бірде көшеде келе жатса, алдында қағаз ақша шашылып жатыр екен. «Мынау ақша ғой, мұны не істейміз? Аламыз ба?» деп, екеуі бір-біріне қарайды. Бір жағынан, «біреу бәле қылайын деп әдейі тастап қойды ма?» деп те ойлайды. Өтіп кете берейін десе, тағы қимайды. Содан Манарбек Жүсіпбекке «ал, ал» дейтін көрінеді. Сөйтсе, Жүсіпбек: «Сен неге алмайсың? Сен ал», – дейді. Соны айтып, өздері ішегі қатып күлісетін, «ақыры алдық» дейтін. Ол уақытта ақшаны жіпке байлап тастап қойып, біреу ала бергенде тартып алып кетіп ойнайтын балалар болатын. Бұлар сол ма деп ойлаған ғой...
Манарбек сондай таза жанды, әннен басқа ештеңе ойламайтын адам еді. Сол қарапайымдылығымен қоса өзі асқан әнші болатын. Жүсекең: «Манарбектің үні мен әнді бітіруі Әміреге ұқсайды», – деп отыратын.
Жәнібек ЕРЖАНОВ, әншінің ұлы:
Сахнаға шыққанда сырқатын ұмытып кететін
– Кейінгі жылдарда әкеміздің жүрегі көбірек сыр бере бастады. Бірақ үйде жүргенде оранып-шымқанып, жөтеліп, қанша ауырып жүргенімен, гастрольға шықса бітті, соның бәрін ұмытып кететін. Қайда барса да, таңға дейін ән айтатын. Былайынша өкпесі сау болған. Бірақ жүрегі ісініп, өкпесін қысатын да, содан қатты жөтелетін. Соған қарап әріптестері «Қалай болар екен? Спектакльді алып шыға ала ма?» деп қорқады екен. Алайда әкем қалай сахнаға шығады, солай түлеп сала беретін. Тіпті ауруының қайда кеткенін білмей қалатын.
Түйін
Сөз басында айтқанымыздай, биыл халық әртісі Манарбек Ержановтың туғанына – 110 жыл. Бірақ айтулы датаға орай лайықты шаралардың ұйымдастырылып жатқаны еш жерден байқалмайды. Марғасқа таланттың өзі өле-өлгенше қызмет еткен Мемлекеттік филармония да, 1942 жылдан бастап мүшелігіне өткен Қазақстан Композиторлар одағы да халқымыздың арда ұлын, жезтаңдай әншісін ұмытқандай сыңайда. Ән әлеміндегі асқақ үнімен туған еліне талмай қызмет еткен Манарбек Ержановтай дара тұлғаны бір сәтке болса да тасада қалдыруға тиіс пе едік?!
Гауһар ЕРЖАНОВА, әншінің қызы:
«Қыз Жібекте» орындалған Шегенің ариясын әкемнің өзі шығарған
– Әкеміз жұрттан біраз өзгеше адам еді. Ақшаның құнын білмейтін. Бәрін анамызға әкеліп беретін де: «Не істесең де өзің біл. Тек мені мазалама», – дейтін. Мен ол кезде кішкентаймын. Гастрольға кетіп бара жатқан кезінде: «Көзін ашып-жұматын, «мама» дейтін қуыршақ әкеліп берші», – деп мазасын алатынмын. «Жарайды, жарайды» дейтін, бірақ ұмытып кететін. Бірдеңе алса да, қасындағы әйел адамдардың: «Мынау жақсы екен, қызыңа осыны алсаңшы» деп айтуымен алатын. Үй шаруашылығына қатысты нәрсенің бәрін анамыз атқаратын. Әкеміз бір жаққа жүретін болса, қай қалтасында орамалы, қай қалтасында ақшасы тұрғанына дейін тәптіштеп айтып, шығарып салатын. Әкемнің жүрегі ауыратын еді. Бірақ оның туа біткен нәрсе екенін біз тек қайтыс болғаннан кейін ғана білдік. Әдетте мұндай диагнозбен адам ол кезде көп өмір сүрмейтін. Өкпесі мықты болғандығының арқасында ғана әкем 65 жыл жасады. Музыкалық театр ең алғашында қазіргі «Алатау» кинотеатрының орнында (Төле би – Д.Қонаев көшелерінің қиылысы), ал әкемнің тұрған жері Райымбек көшесінен әлдеқайда төменгі жақта болған. Жас кезінде тұрмыстың тапшылығын көп көрген әкемнің қыста да жалаң, жұқа киіммен жүрген кездері болса керек. Ол уақытта көлік қатынасы да қазіргідей емес. Сонда қақаған аязда шүберек бәтеңкеден аяғы жаурағаны соншалық, үйден – театрға, театрдан үйге жеткенше жүгіреді екен. Өзі кейіннен: «Сол жүгіріс менің жүрегімді құртты», – деп айтып отыратын.
Біз үйде төрт бала болдық. Әкеміз ешқайсымызды ешқашан ұрысқан емес. Бір нәрсеге көңілі толмаса, ренжісе, онысын анамыз арқылы жеткізетін. Мені жалғыз қызы ретінде, ал Жәнібекті кенжесі ретінде қатты жақсы көрді. Жәнібек есіктің артына тығыла қалатын да, оқыстан шыға келіп қорқытып ойнайтын. Әкеміз жүрегін ұстап, кәдімгідей шошып кететін. Оның жүрегі ауыратынын білмейтін Жәнібек соны қызық көретін.
Әкеміз бен Күләш Байсейітова немерелес туысқан болып келеді. Алматыға ең алғаш келген кездерінде екеуі де Айтбек Бейісов деген жақын ағаларының үйінде жүріпті. Сол кезде ағарту саласында қызмет еткен Айтбек әкемізді де, Күләшті де инженердің оқуына бермек болады. Бірде үйіне қонаққа келген Ораз Жандосов олардың ән айтқанын естіп қалып, қызығып: «Құдай үшін, бұларды өнер жағына бер, көмектессең, сол жағынан көмектес», – деп үгіттейді. Әкеміз бен Күләш осылайша ән айта бастаған көрінеді. Сосын 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ онкүндігі әкемнің әнімен ашылған. Бұл туралы қазір еш жерде айтылмайды. Өйткені ән Сталинге ода түрінде болған. Сондай ойнақы, жігерлі, екпінді осы әнін әкем жеке солист ретінде шығып, хормен бірге орындаған. Сталиннің өзі әнді қатты ұнатып, орнынан тұрып қол соққан. Сосын «Қыз Жібекте» орындалған Шегенің ариясын да әкемнің өзі шығарған. Мұны көп адам біле бермейді, әкеміз де ұсақ-түйектің бәрін тәптіштеп жатуды қажет санамаған. Бірақ шындығы – осы. Бұл туралы «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын жазғаны үшін М.Ержановқа мынадай көлемде қаламақы төленсін» деп көрсетілген құжат сақталған.
Біздің үйде кілең әртістер тұратын еді. Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Мүсілім Абдуллин, Ғарифолла Құрманғалиев, Асқар Тоқпанов – бәрі-бәрі жиналып алып, аулада шахмат ойнап жататын. Бір-бірімен қатты қалжыңдасатын. Әкеміздің шашы жоқ болатын. Соны меңзеген Серке Қожамқұлов ол кісіні көрген бойда: «Тезірек тақияңды киші, көзімізді қарықтырып, соқыр қылатын болдың», – дейтін. Ал әкем оған: «Мұрныңды тартшы, былай өтіп кетейік», – деп қалжыңдайтын.
Әкеміз өте әңгімешіл адам еді. Басымыз қосылып отыра қалсақ немесе үйге қонақ келсе, әртүрлі аңыз-әңгімелерден, тарихи оқиғалардан айта отырғанды ұнататын және өзі көп білетін. Кезінде соған мән беріп тыңдамағанымызға, тіпті жазып алмағанымызға қазір қатты өкінеміз. Менің есімде, негізінен, кейбір шығармаларын қалай жазғаны туралы әңгімелері қалыпты. Мысалы, «Аққу көлі» деген шығармасы жөнінде айта отырып, оны балалық шағында таңның рауандап атып келе жатқанын және аққулардың көлге келіп қонғанын көргендегі әсерлері бойынша жазғанын айтқаны бар.
Анамыз да хорда ән айтқан, талантты адам болған. Бірақ әкеміз оның балаларды тәрбиелеп, үйде отырғанын жөн көріпті. Анамыз ер мінезді, қаталдау адам еді. Өмірі көзіне жас алып көрмеген ол әкеміздің балалық шағы туралы айтқан әңгімелерін естігенде жылайтын. Шынымен де, жастайынан жетімдік көрген әкеміз қатты қиыншылықпен өсіп-жетілген ғой...
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Халық әртісі:
Манарбек ағаның мәнерін жандандырсақ дейміз
– Манарбек ақсақалды өз басым көрген жоқпын. Ол кезде біз жас болдық. Бірақ менің тікелей ұстазым, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің айтуынша, Манарбек аға – өте сирек орындаушы болған, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген адам. Сол Жүсіпбек ағамыз бен Ғарифолла Құрманғалиев: «Шіркін-ай, Күләш өлді – Жібек жоқ, Манарбек өлді – Шеге жоқ», – деп таңдайларын қағып, үнемі қосылып айтып отыратын.
Шынымен де, Манарбек Ержанов – өте сирек кездесетін талант иесі. Ол кісінің даусының тазалығы сондай, тура мөлдір бұлақ секілді. Сол тазалығымен қоса, Манарбек ағаның даусы соншалықты сұлу, әдемі. Ол – ерекше орындаумен қатар, әрбір әннің тарихын қалыптастырып кеткен адам. Біз бүгінде балаларға халық әнін сол Манарбек, Жүсіпбек, Ғарифолла ағаларымыздың салып кеткен жолымен, үлгісімен үйретіп жүрміз. Дәстүрлі әнімізді реттеп, жүйеге келтіріп, бас-аяғын бүтіндеп кеткен шын мәнісінде – сол кісілер.
Бір айта кетерлігі, радиодан бүгінде беріліп жүрген Манарбек әндерінің көпшілігі – үнтаспаға кейінгі жылдарда, яғни ол кісінің денсаулығы онша болыңқырамай жүрген кезінде жазылып алынған шығармалар. Соның өзінде ауырып жүргенін ешқандай байқамайсың. Ең бір кереметтілігі, әнін тыңдап отырғанда, ол кісінің демін қай жерінде алатынын білмей қаласың. Әнді мақамына келтіріп, иін қандыра, секіртіп, жортақтата айтқан кезінде бізге әннің барлығы осылай айтылуы керек сияқты болып көрінетін. Бір анығы, ән өнерінде Манарбек Ержановтың айрықша қолтаңбасы қалды, әндерінің бәрі сондай әсерлі, халықтың жанын жадырататындай сергек, мәнері ерекше. Бүгінде біз Манарбек аға мәнерін жандандырсақ деп ойлаймыз.
Манакеңнің әншілігі, күйшілігі, композиторлығы – өз алдына жеке бір мектеп. Соның бәрі ұштасып келіп, ол кісінің биік талант ретіндегі тұлғасын қалыптастырады. Мысалы, «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясын сахнаның сыртынан айғайлап айтып шығуы керек екен. Өзі шақар болса керек. Соны Мәскеуге барып орындар алдында: «Маған берген уақыттарың аз, бұл жетпейді, демде шолтаң ете қалады», – деп режиссердің әбден қанын ішсе керек. Содан ол да: «Ал керек болса, мен саған онда көрсетейін», – дейді де, уақытын созады. Кремльдің сахнасының өзі атшаптырым жер ғой. Сонда Манакең сахнаның сыртынан айғайлап кіргеннен дирижердің жанына жеткенше созып келіп, дем алмастан әрі қарай әндетіп кетіпті. Демнің осыншама жерге дейін жетуі – өте сирек құбылыс.
Манакең жайлы мұндай әңгімелер, естеліктер өте көп. Ол өзі жаны сондай таза, бірбеткей, мәймөңкелеуді жек көретін адам болыпты. Біреудің қатты қысылып тұрғанын көрсе, ұятты жиып қойып, баратын жерге именбей кіріп барады екен. Баяғыда Әнуарбек Үмбетбаев деген атақты әнші ағамыз болды. Өзі аңқау адам еді. Үйсіз-күйсіз жүрген кезінде сол кісіні жолдастары: «Манарбек Ержановқа барсаң, ол саған өзінің тұрып жатқан үйін бере салады» деп алдап жіберіпті. Содан Әнекең салып ұрып Манарбек ағаның үйіне барса, қонақтар отыр екен дейді. Әлгілермен бірге отырып, тамақ ішіп, асықпай күтеді. Қонақтар кеткеннен кейін Манарбек ағамыз: «Ал, бала, жай келдің бе? Не болды?» – десе, жағдайын айтқан Әнекең: «Үш балам бар еді, сіздің үйіңізді сұрап келіп едім», – депті. Қапелімде сасып қалған Манакең: «Кет, әкең», – деп айдап шығыпты. Сөйтіп, Манарбек ағаны бір ашуландырып, жолдастарына бір мазақ болып, Әнекең ұяттан жерге кірердей болып жүргенде, бір күні оны опера театрына Манакеңнің өзі іздеп барыпты. «Әй, бала, бері келші», – деп шақырып алып: «Сен өзі өткенде не деп кеттің? Мен тіпті дұрыс түсінген де жоқпын», – деп сұрапты. Содан жағдайға қаныққаннан кейін Орталық Комитеттің табалдырығын тоздырып жүріп, кіретін жерге кіріп, ақырында Әнекеңнің үй алуына жәрдемдескен екен. Міне, бұл да – Манарбек ағаның үлкен азаматтығының, адамгершілігінің белгісі.