Шашубай тойына шашу
Қошқарбай – әкем аты, Шашубаймын,
Үйде кедей болғанмен, түзде баймын.
Күніне мыңды беріп, жүзді алсам да,
Қалтамның түбі тесік, байымаймын – деп алаш баласының аспанында «Ақ қайың» әнін қалықтатқан, даланың дауылпаз ақыны, әнші-сазгер, дала циркін қалыптастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері – Шашубай Қошқарбайұлының 145 жылдық мерейтойы Шашубай ауылында айрықша аталып өтті.
Ақын тойын Қарағанды облысының, Ақтоғай өңірі ұйымшылдықпен ақ шаңқан киіз үйлерін тігіп, келген қонақтарды күтіп, жарқын қарсы алды. Тек иісі қазаққа емес, көршілес жатқан қырғыз еліне аты мәлім Шашубай ақынның тойы, ақынның өз есімімен аталатын ауылда өтуінде үлкен мән бар. Біріншіден, осы керегесі кең ауыл ақынның есімін асқақтатса, екіншіден, қарт жыраудың табанының ізі қалған жер. Арқаға сауын айтып, жақсы-жайсаңның басы құралған дүбірлі той Шашубай ауылының «Жеңіс» кинотеатрының алдында ұласты. Алдымен артына өлмес жыр қалдырған Шашубай ақынның ескерткішіне тағзым еткен көпшілік гүл шоқтарын қойып, дұға қылды. Бұдан соң тойдың шымылдығы «Ақ қайың» әнімен түріліп, келгендердің жүрегін тебірентті. Бұл арада Ақтоғайдың өнерпаздары той тізгінін қолына алып, ән әуелетіп, дөңгелене би биледі. Тойдың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған Ақтоғай ауданының әкімі Ғабдірахман Омаров:
– Арқаның белі, Ақтоғайдың топырағы – елге – тұтқа, жерге – пана болған Шабанбай би, Қараменде би, Жидебай, Сана би, Шашубай, Әсет, Нарманбет сынды абыз бабаларымызды дүниеге әкелген қасиетті жер. Тәуелсіздік үшін күрескен алаш арыстары Әлихан, Жақып, Әлімхандардың отаны, қазақ өнерін әлемге танытқан Күләш, Манарбек, Мағауиялардың мекені екенін айрықша атап өтті.
Тойдың ресми бөлімінен соң
«Жеңіс» клубында ақындар айтысы көптің делебесін қоздырды. Шашубай ақын жайлы шабыттана жырлаған ақындар жарасымды әзіл айтып, қоғамның кемшін тұстарын жыр арқауына айналдырып, тыңдаушылардан дамылсыз қошемет тауып отырды. Айтыскерлердің сөз барымталарының арасында алаш жұртына белгілі жезтаңдай әншілер де өз өнерлерін ортаға салды.
Осындай өткір тілді ақындардың айтысында бас жүлде 150 мың теңге Мақсат Ахановқа бұйырды. Бірінші орын – 100 мың теңгені Тілеген Әділов, екінші орын – 75 мың теңгені Дидар Хамиев, үшінші орын 50 мың теңгені Ботагөз Мұхитдинқызы қанжығасына байлады. Өзге ақындар алғыс хат пен 20 мың теңге ынталандыру сыйлығына ие болды.
Бұдан соң жиналған жұрт күрес өнерін тамашалады. Күш сынасқан палуандар Шашубай ақынның тойынан бос қайтпай, жүлде алып тарқасты.
Тойдың екінші күні өткен ғылыми-танымдық конференцияда ақын, шашубайтанушы Жанболат Башарұлы баяндама жасап, Шашубай Қошқарбайұлының пайым-парасаты туралы сөз қозғап, өскелең ұрпақтың санасына ақынның тағылымын сіңіре беру керектігі жайлы ой-пікірлерін білдірді:
Кеңес өкіметі де Шашубай Қошқарбаевтың шығармашылығын дер кезінде бағалап, оған 1941 жылы «Қазақ ССР-інің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атағы берілді.
1945 жылы «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тұсындағы «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1949 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.
Өнер – халықтікі, халқы барда асыл өнер арымас, ұрпақтан-ұрпаққа жалғана бермек, – деп сөзін топшылаған баяндамашы ақын жайлы ел естіп білмеген терең мәлімет берді. Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбекұлы, Ақтоғайдың құрметті азаматы, ақын Абзал Бөкен, ҚР мәдениет қайраткері Қайырбек Садуақасов, белгілі қаламгер журналист Қасым Орынбетов, өлкетанушы Күләш Сардарбекова, Шашубайдың немересі Ғалия Тайтөлеуқызы сөз сөйлеп, жүрекжарды сөздерін жеткізді. Талай тағылымды жанға сіңірген конференция межесіне жеткен соң Шашубай ақынға ас беріліп, құран оқылды.
Бірауыз сөз
Рахманқұл БЕРДІБАЕВ:
«ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті мен өнерінің кең айдын тұңғиық тереңдігін, шырқау биігін бойлау үшін ерекше өлшемдер керек. Осы аталған дәуірде қазақ әдебиеті сан ғасырлық дамудағы классикалық белеске көтерілгені мәлім. Нақ осындай жағдайды музыка өнерінен де көреміз. Қазақ сахарасында сұлу әннің туын тіккен: Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жарылғапбердіден бастап, Шашубай, Кенен, Нартайлармен жалғасатын ұлылар шоғырын теңдесі жоқ көркемдік әлемі жаратты дей аламыз».