«Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мақала жазып (1922 жылы), ұлттың атын, елдің атауын қалпына келтіруге ықпал еткен тағдыры талайлы қайраткер, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллиннің бүгінгі Астанадағы мұражайына биыл 25 жыл толды. Сонау қайта құру заманы құрдымға кетіп бара жатқан, жастарды қанға бөктірген 1986 жылдың ызғары әлі қайтпаған кезде, қазағынан өзгесі өктем болып тұрған тың орталығы – Целиноград қаласында 1988 жылы құрылған бұл мұражай талай қиындықтарды еңсерді. Қазір енді ол Сәкеннің тіршіліктегі болмысын, сырбаз бейнесін, қайраткерлік тұлғасын кейінгі ұрпаққа паш ететін жәдігерлер жиынтығымен көз қуантады.
Бір бойына сымбаттылық пен сыршылдықты, кемеңгерлік пен кемелдікті, дарын мен даралықты үйіп бере салғанымен, Сәкендей тұлғаның өмірінің көп жылы азап пен күреске толы болған. Расы керек, оның ұстанған кеңестік жолына бола кейде әртүрлі пікірлер де айтылып қалып жатады. Қалай болғанымен де, Сәкен – ұлтқа, қазаққа қызмет еткен қайраткер. (Сонысы үшін де Алаштың өзге ардақтылары қатарында сталиндік репрессияның тұзағына ілінді). «Күресе жүріп елге, қазақ әдебиетіне адал қызмет етті. Жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалады. Бұл пікірімізге Сәбит Мұқановтың Сәкен ақталғаннан кейін, 1957 жылы Алматыда өткен еске алу кешінде айтқан: «Сендер бұған дейін қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы деп мені атап келдіңдер ғой. Міне, шын иесі қайтып келді, енді бұдан былай қарай Сәкен Сейфуллинді атаңдар», – деген сөзі дәлел, – дейді мұражайдың ширек ғасырлық мерейтойына орай жолыққанымызда Сәкен жайында сөз өрбіткен мұражай директоры Несіпбек Айтұлы. – Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасы», «Кел, жігіттер», «Советстан» секілді саяси лирикалары, жан күйзелісінен сыр білдіретін «Ақсақ киік», «Көкшетау», «Аққудың айырылуы» сынды поэмалары, «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы, «Жер қазғандар», «Біздің тұрмыс» повестері қазақ әдебиетінен ойып орын алған шығармалар».
Олай болса, Сәкеннің жүріп өткен жолын, артына қалдырған рухани мұраларын ешкім тарихтан сызып тастай алмайды. Бүгінгі ұрпақ оны зерттеуге, танып-білуге хақылы. Ал тұлғаны ұрпаққа танытудың көрнекті мысалы – мұражай.
Астананың тарихи тұлғаға арналған, танымдық экспонаттарға бай, қала қонақтары мен мектеп оқушыларының, студенттердің, жалпы, жастардың жиі бас сұғатын бірден-бір беткеұстар мұражайының бірі де қазір осы десек, ақиқаттан алыстай қоймаспыз. Өйткені көршіміз. Көрші отырғандықтан, мұражайдың айналасындағы тіршілікті де көріп жүрміз. Соңғы бір жылда мұражайдың екі үйі де (олар да тарихи жәдігер, ХІХ ғасырда салынған ағаш үй) толық жаңғырып, реставрациядан өтті. Күн қақтап қарайып кеткен ағаштары тегіс сүргіленіп, іші-сырты бірдей сыңғырлаған су жаңа үйге айналды. Сырты қоршалып, төңірегі реттелді. Құдды бір мықты шебер, ұқыпты шаруаның, жанашыр жанның қолына түскендей. Расында да, солай. Өзіне дейін басталған жұмысты іліп әкетіп, мұражайдың бүгінгі көркі мен келбетін, ішкі мазмұнын байыту үшін тынбай еңбектеніп жүрген қазіргі директоры Несіпбек Айтұлының бұл орайдағы еңбегі зор. Бірақ Несіпбек аға өзінен гөрі осы мұражайдың ашылуына, одан кейінгі қалыптасуына ерекше қайрат көрсеткен кісілердің қызметіне көбірек тоқталды. «Кезінде Целиноград облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы кеңесінің төраға орынбасары Молдахмет Досаев деген азамат осы мұражайдың ашылуына мұрындық болып, белсене атсалысқан екен. Сондай-ақ алғашқы директоры Роза Иманғалиқызы Асылбекова деген апамыздың да сіңірген еңбегі ерен», – дейді.
Роза АСЫЛБЕКОВА, С.Сейфуллин мұражайының алғашқы директоры:
– 1985 жылы Целиноград қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істейтінмін. Сол жылы осы жердің бірқатар ақсақалдары, ішінде Молдахмет Досаев бар, мұражай ашайық деген мәселе көтерді. Ол кез өзіңіз білесіз, «перестройка» болып жатқан кез. Қала басшылығы тарапынан бұл ұсыныс мақұлданғасын, М.Досаев мұражайға қажетті ғимарат мәселесімен маған келді. Өйткені менің жауапкершілігіме негізінен мәдени-әлеуметтік сала кіретін. Содан ойлана келе сол кездегі Революционный, қазіргі С.Сейфуллин мен М.Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаш үйді еске алдым. Себебі қасында С.Сейфуллин атындағы кітапхана бар (бұл кітапхана кейін көшіріліп, заң университетінің ғимараты болды, қазір «Жетінші арна» отыр–автор). Ол уақта осы ағаш үй балабақша еді. Сол кезеңдері қалада балабақша мәселесі толық шешімін тапқандықтан, қазіргідей орын тапшылығы деген жоқ болатын. Сондықтан балаларды ата-анасы қалаған кез келген балабақшаға ауыстыруға мүмкіндік бар. Екінші жағынан, бұл үй балабақшаға қолайсыз, ескірген, ыстық суы жоқ еді. Соны алға тартып, қалалық партия комитетінің рұқсатын алып, санэпидтің шешімімен балабақшаны жаптық та, бір апта ішінде босаттық. Облыстық мәдени басқарма 1985 жылдан бастап ғимаратты өз қарамағына алды да, жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Осылайша мұражайдың бастапқы ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан Роза Иманғалиқызына оның алғашқы директоры болу бақыты да бұйырыпты. 1986 жылғы жағдайдан кейін басшылық қызметтегі біраз қазақтар шеттетілгенін білеміз. Бұл үрдіс Целиноградты да шарпып, қалалық атқару комитетіндегі орынбасарлық қызметінен Роза Асылбекова да қызметінен кетеді. Сәкен мұражайы ашылатын 1988 жылы жұмыссыз жүреді. «Маған дейін ұсыныс жасаған біраз ер-азамат бас тартқан екен, мен ұсынысты қабыл алдым. 1988 жылы ақпанда мұражай ашылды, мен сәл кейінірек директорлығына тағайындалып, жұмысқа кірісіп кеттім. Жұмыстың ең үлкені сол кезде «жоқтан бар құрау», яғни қор жинау болды. Әйтеуір, көңілге бір демеу – Сәкеннің көзін көрген кісілер бар. Солармен жүздесіп, Сәкенге қатысты деректер мен мұрағаттарды, жәдігерлерді іздеп, туған жерін, ауылынан бастап, қызмет істеген қалаларға, Мәскеуге дейін бардық. Қазір айтуға оңай, бірақ ол кезде қызметкерлеріміз де аз, қаражат жоқ, қиындық өте көп болды. Жалақы айлап кешігіп, ақшасы төленбегендіктен, телефонсыз да отырдық. Соған қарамастан, 1989-1991 жылдар аралығында біз қазіргі жәдігерлердің біраз бөлігін жинастырып үлгердік», – деп еске алады Р.Асылбекова мұражайдың қалыптасу жылдарын еске алып.
Роза Иманғалиқызы Алматыдағы орталық мұражайда Сәкеннің әлі біраз заттары, мәселен, алтын сағаты секілді дүниелері бар екенін айтады. «Оларды да Несіпбек Айтұлы Сәкеннің өз мұражайына алдыруға талпынып жүр. Жалпы, осы Н.Айтұлы мұражайға жатпай-тұрмай қызмет етіп, біраз еңбек сіңіріп жатыр. Қазір сол мұражай үйіне толық күрделі жөндеу жүргізіп, әп-әдемі айшықты, көз тартар үйге айналдырды», – деп, өзі бастаған істің игі жалғасына ырзалығын да білдіріп қойды.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, мұражай директоры:
– Мұражайға қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, экспонаттарын жаңғырттық. Мұражай қоры тың мәліметтермен толықтырылды. Жалпы, біздің мұражайымызда Сәкеннің өміріне қатысты қызықты деректер мен түрлі жәдігерлер, құнды мұралар мол. Солардың қатарында Л. Мирзоян сыйлаған жазу машинкасы, Сәкеннің үйленер алдында өзі сатып алған кереуеті бар. Бұл кереует туралы жары Гүлбаһрамға жазған хаты да сақтаулы. 1930 жылдары киген костюмі, өзбек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны, тағы сондай көптеген жеке дүниелері мен бұйымдары тұр. Бұлардан басқа, жазған хаттары мен түрлі құжаттары, мақалалары, фотосуреттер баршылық. Осындай құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау үшін алдымен жайлы орын керек. Жөндеу жұмыстарын жүргізгенде ең алдымен осы жағын ескеріп, заттарды сақтайтын бөлмелерге ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен алаңсыз айналысуы үшін қызметкерлердің жұмыс орындарын да жақсылап жайғастырдық.
Дейтұрғанмен Сәкеннің барлық заттары қазір жалғыз үйге сыймай тұр. Мұражай директорын осы мәселе қынжылтады.
Мұражайды кеңітер күн туса...
«Мұражайда Сәкеннің көптеген заттары жиналған. Бірақ соның көпшілігін орын жетіспеушілігінен ел назарына тарта алмай, қоймада сақтауға мәжбүрміз. Сондықтан мұражайдың жанынан қызметкерлерге арнап кеңсе салып, қызметкерлеріміз отырған екінші ағаш үйді де толықтай мұражайға айналдырсақ деген арманымыз бар. Осындай ұсынысымызды Үкімет басшысына арнайы хатпен жолдадық. Үкімет қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді директор.
Иә, расында да, көп мұражайлар қоярға экспонат таппай жатса, Сәкеннің үйіндегі заттар көрмеге тартар орынның жоқтығынан келушілердің назарынан тыс, қараңғы бөлмеде қалып тұр. Мұражайды кеңейту үшін қажетті жер телімі де жоқ емес. Қазіргі тұрған екі ағаш үйдің арасы мен Сәкен ескерткішінің арт жағында бір кеңселік орын бар. Тек Үкімет пен Астана әкімдігі қолдап, құрылыс мәселесін шешсе болғаны.
Роза Иманғалиқызының айтуынша, Сәкен мұражайының экспонаттарын толықтыруға кезінде Өзбекәлі Жәнібековтей ардақты азаматтың көмегі тиген екен. Сәкеннің көптеген дүниелерін сақтаған жары Гүлбаһрам қайтыс болғасын, оның сіңлілері бар затты Алматының Орталық мұражайына өткізіпті. Бірақ көрмеге қойылмай, қоймада жатса да, Орталық мұражай сол заттарды сұратқан Целиноградтағы Сәкен үйіне бермейді. Осы жайтты Роза Иманғалиқызы Өзбекәлі Жәнібековке Сәкен мұражайын келіп көрген кезінде айтады. «Аса ұстамды, мұражай жұмысын жақсы білетін кісі екен. Көп ұзамай министрліктің арнайы шешімін шығартып, Сәкеннің он шақты дүниесін, ішінде әйгілі темір кереуеті де бар, Орталық мұражайдан бізге алдырып берді. Асыл азаматтың бізге де осындай шапағаты тиді», – деп еске алады Роза Асылбекова апамыз.
Р.S.
Мұндай қайраткерлер қазір де бар ғой, солардың назары түсіп жатса, кім біледі, Сәкеннің мұражай үйі де кеңейіп, келушілерін барша сән-салтанатымен қуантатын күн де туып қалар дейміз.