Шәмшісіз өткен 20 жыл...

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Төрт жылда  бір келетін 29 ақпан – қазақ халқының Шәмшідей аяулы перзентінен айырылған күні. Биыл, міне, халқымыз Шәмшісіз 20 жылды өткерді. Осыдан дәл 20 жыл бұрын Шәмшідей ән арысы өмірден озғанда «Ән аға» немесе «Шәмшімен сырласу» әні туған еді. Халқын шексіз сүйген Шәмші – өз халқына қандай ән керектігін түйсіне білген,  қазақ өнеріне жаңа леп алып келген реформатор.   Шәкеңнің алғашқы вальс ырғағындағы әндері шыға бастағанда ауыл қариялары композитордың әкесіне «Айналайын, Қалдаяқ-ау, анау сенің балаң Шәмші «бәліс» деген бәлені ойлап тауыпты. Швед дей ме, неміс дей ме, басқа ұлттың өнерін қайтпек, одан да өзіміздің «ахау, сәулем» деп келетін  халық әндерінің желісімен неге ән жазбайды» деп ойларын білдірген екен. Араға бес жылдай уақыт  салып, сол қариялар той-жиындарда Шәмшінің әндерін елге қосылып қалай шырқап кеткендерін өздері де байқамай қалса керек. Демек, Шәмшінің құдіреті – вальс ырғақты халық әндерімен, Сыр бойының көне әндерімен  жымдастыра отырып, халықтың төл шығармасына айналдыра білуінде. Сөйткен Шәмшісін туған халқы бүгінде сағынады. Сағынғанда «Ән-ағаны» әуелетіп шырқасады. 

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Әні ғана емес, өзі де керемет лирик еді
– Үш-төрт жас үлкендігіне қарамастан, мен ол кісіні «Шәмші» деп, атымен ата­й­тынмын. Өзі мені қатты жақсы көрді. Бірақ маған қарағанда жұбайым Майрамен жақсы араласты. Сыйлағаны соншалық – үнемі  «Майроша, Майроша» деп жүретін. Майраға арнап тіпті «Қыз сағынышы» деген ән де жазды. Ол кезде біз Алматының «Тастақ» ықшамауданында Шәмшімен бір жатақханада тұрдық. Ән жазылғанда мен ел жақта болатынмын. Ұзағырақ жүріп қалдым ба екен, әйтеуір, Майраның менен хат күтіп, поштаға қайта-қайта барып жүргенін Шәмші байқап қалыпты. Сөйтіп, алғашқы әндерінің бірін Майраға арнағаны бар. Құлаққа жағымды, майда қоңыр әуенді керемет ән!
Жалпы, Шәмші әнді ешқандай қина­лыссыз, жеңіл-ақ жазып тастайтын. Өйткені Шәмшінің дарыны – туа біткен табиғи да­рын. Әйгілі Моцарт төрт жасында «құла­ғым шулайды да тұрады» деп, екі құлағын алақанымен басып, шыңғырып жылайды екен. Шәмшінің басында да сондай бір оқиға болыпты. Бір күні түн ішінде жа­тақханасында бір нәрсе жазып отырса, тере­зе жақтан құлағына бірдеңенің сылдырлаған даусы естіледі. «Бұл не болды екен?» деп терезені ашса, ешкім жоқ дейді. Қайтып келіп отырса, әлгі дауыс қайта есті­леді. Қайтып барып терезені ашып көреді, еш­теңе жоқ. Сонда Шәмшінің мазасын алған музыканың құдіреті, Алланың берген дарыны екен ғой!  Осыны Шәмші маған өз аузымен айтып беріп еді. Осы оқиғадан кейін Шәмші «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым» сияқты ғажап әндерін жазды.  Көктен құйылып түскендей, нәзік лирикаға толы теңдессіз әуендер содан бастап бірінен кейін бірі ағыла жөнел­ді.
Шындығында, Шәмшінің әні ғана емес, өзі де керемет лирик еді. Оның амандасуы да, қоштасуы да жай ғана басталып, жай ғана аяқталатын. Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмейтін, ешкімге қатты сөз айтпайтын, ұяң мінезді, келісімпаз еді, әрдайым елпілдеп тұратын. Көңілінде бір түйір кірбің болмайтын. Бір нәрсеге қатты риза болса, «молодец», «мошный» дегенді көп айта­тын. Өзі юморға да жақын еді.
Шәмші кісінің пиғылын көзқарасынан-ақ сезе қоятын өте сезімтал жан еді. Өнері жұрттан озық, соншалықты биік бола тұра, тым қарапайым еді. Сол қарапайымды­лы­ғына қарап, «әй, қойшы осыны» дегендер де болды. Соны сезіп тұрса да, ол ешқашан еш­кімді жек көрген емес.

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор:
Шәмші – қаһарман композитор
– Біздің алдыңғы толқын аға-апала­ры­­мыздың бәрі Шәмшінің әндерімен өсті. Ал менің замандастарымды бесікте жатқанда аналары халық әндерімен және Шәмшінің әндерімен тербетіп өсірді. Бүгінде Шәкеңді көзі тірі кезінде ешқандай атаққа ие бола алмады, кон­серваторияны бітіре алмады, Компози­торлар одағының мүшесі бола алмады  деп жүрміз ғой. Егер «Шәкең өмірде өзінің бақытты екенін сезе алды ма?» дейтін сұрақ қоятын болсақ, мен ай­тар едім, Шәмші өзінің аса бақытты екенін сезді.  Себебі ол шығысқа, мейлі батысқа, қазақ жерінің қай қиырына барса да, оны халық өз әнімен қарсы алды. Ал композитор үшін оны өз әнімен қарсы алудан асқан ба­қыт жоқ. Шәмші өле-өлгенше қызғаныш деген­ді білмей кетті.  Ол кез келген қазақтың жақсы әніне өз шығармасындай қуанатын. Шәкеңді танымайтын адам болған жоқ. Әр қазақ Шәкеңді өз жанұясының бір мүшесі ретінде қабылдады.
Осыдан 20 жыл бұрын Шәм­ші Қалдаяқов дүниеден өткенде Шә­кеңе деген сағыныштан, менің ғана сағы­ны­шымнан емес, халқының сағынышынан, іштей күйзелістен «Ән-аға» әні туған бола­тын. Шәмшінің қай жерде қандай кеші өт­се, не осы әнмен ашылады, не жабылады.  Ән­н­ің сөзін көрнекті ақын Ибрагим Исаев аға­мыз жазды. Осы әнді халықтың Шәмші Қал­даяқовқа қойылған ескерткіш деп ба­ға­лауы біз үшін үлкен мәртебе. Шәмші – қа­һарман композитор. Бұған дәлел – 1956 жылы біздің солтүстіктегі аймақта­ры­мызды біріктіріп, «Целиноградский край» деп атап, Ресейге қосамыз деген мәселе көте­ріл­генде 26 жасар Шәмші 25 жасар Жұме­кен­ге сөзін жаздырып, қызыл импе­рия­ға қар­сылығын өзінің «Менің Қазақ­станым» ұран әнімен білдірді. Сөйтіп, 1956 жылы 25 қазанда дүниеге келген ән араға 50 жыл са­лып, 2006 жылы Президентіміз­­дің ше­ші­мі­мен мемлекетіміздің Әнұраны болып бекітіл­ді.  

                                                Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
Өз құпиясын өзі арқалап өткен адам
– Шәкең саясатқа бойсұна қойған жоқ. Бірақ елге, жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармаларды ол кісі өзінің жүрек қалауымен-ақ жазды, қай жерге табан тіресе де сол өңірдің қадір-қасиетін танып-біліп, атын асқақтататындай әдемі әндер туғызды. Мысалы, «Талдықорған», «Теріскей», «Мойынқұмда», «Отырардағы той» деген тәрізді басқа да жігерлі әуендері жетерлік. Осының барлығы – барған жеріндегі табиғатты көріп тебіренгеннен, елдің сүйіспеншілігін көріп толқығаннан келіп шыққан туындылар. 
Шәкеңнің қалжыңы үзілмейтін. Қолын рояльдің бетінде әрлі-берлі жүгіртетін де: «Мен бір тамаша ән шығардым», – деп әзілдейтін. «Қандай ән?» десең, Естайдың «Қорланын» айтатын. Сол әнді өте биік санап, жанындай жақсы көретін. Сөйтіп, «Мен өмір бақи Естайдың «Қорланындай» ән шығара алмай кеттім» дейтін.
Шәкең шығармашылық тұрғыда өзін бақытты сезінгенімен, моральдық жағынан алғанда елеп-ескермеушілікке, немқұрай­ды­лыққа тап болды. Алқалы жиындарда «Шәкең қайда?» деп іздеп-сұрап, құрметтеп жатқан ешкімнің болмауы да, мүмкін, көңіліне қаяу түсірген болар. Әндерінің мұңдылау болып келетін себебі – олардың бәрінің өмірден алынғандығынан ба деп ойлаймын.  Сосын, неге екенін білмеймін, әйтеуір, Алматыда онша тұрақтағысы келмеді. Көбінесе туған жерінде болды. Жастайынан бірге өскен Тұйғынбек деген жолдасы Жамбыл облысында II хатшы болып қызмет істеді. Бір жағынан, соған арқа сүйеп, Жамбыл өңірінде де көп жүрді. Тұйғынбек оған дұнғандардың арасынан жер беріп, үй салдыртып та бастаған. Қысқасы, Шәкеңнің өмірінің көбісі елдің ортасында өтті. Адам баласының арманы көп қой. Оны терең зерттеу өте қиын, оған тұтас бір ғұмыр керек. Жалпы, Шәмші – өз құпиясын өзі арқалап өткен адам. Қанша жақын араласып, қатар жүргенімен, сыр ашып ешкімге ештеңе айтпайтын да...
Бір-ақ рет берілетін өмірде қолыңнан келсе ешкімнен ықпай, бұқпай өту керек. Қолыңнан келмесе әркімнен қаймығып, тырысып, бырысып, өмірге құл болып өтесің. Міне, Шәмші ондай болған жоқ, өмір бақи шалқып, өз еркімен өмір сүрді. Кетер-кеткенше елдің алақанында жүрді. Кездесуден кейін бе, әйтеуір, ел-жұрт сыйлап, Шәкеңе костюм кигізіпті. Содан артын­ша-ақ бұзақылар соқтығысып, үс­тіндегі киімін шешіп алыпты. Сонда Шәкең қабағын да шытпастан: «Халқым өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді» деген болса керек. Қалай дегенмен де, елдің Шәкеңе деген махаббаты қай кезде де өлшеусіз болды.
(«Алаш айнасы», 15 тамыз, 2009 жыл)

Амалбек ТШАНОВ, қоғам қайраткері:
Шын мәніндегі халықтық фестивальға айналды
–  Алғаш Шәмші Қалдаяқов фестивалін қолға алуымызға түрткі болған «Азия да­уысы» фестивалі болатын. Себебі ол бай­қауды көруге соншалық бір ықыласпен кел­ген менің көңілім су сепкендей басылып, қарным ашты. Неге? Өзіміз жаңадан тә­уелсіз ел болдық, қазақ болдық деп қуанып жат­сақ, мына фестивальде қазақтың тіпті иісі де жоқ. Сондықтан менде бір ой туды, «неге біз өз ұлтымызға тән, ұлттық негізі бар, халық сүйіп тыңдайтын әндерді жазған композиторларымызға арнап фестиваль ұйымдастырмасқа» деген. Бұл ойды сол күйінде қалдырмай, іле-шала жүзеге асыру қамына кірістік. Жігіттермен бас қосып, ақыл­дастық, сосын сол тұста мәдениет ми­нистрі Еркеғали Рахмадиев ағамыз бола­тын, сол кісіге қоңырау шалып, ойымды айттым. Соншалық бір жақын араласып жүрмеген де едік, тек Жоғарғы Кеңесте депутат болған соң, министр ағамызды жиі көріп тұратын, хабарласа алатын мүмкіндік бар еді. Әңгіме  барысында  байқауды ұйымдастырудың мән-мақсатын айта келе, министрлік тарапынан қандай көмек бере алатындарын сұрадым.  Байқауды екі аталым бойынша ұйымдастыруды көз­дедік: бірі – Шәмшінің өз әндерін орындай­тын әншілер арасында, екіншісі – ол кісіге ән арнаған композиторларға да. Негізгі көмек облыс-облыстардан байқауға қаты­суға келгендерді бар жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастыруға керек еді. Содан кейін әділқазылыққа кімдер келетінін де ақылдастық. Ал енді қазақта басқа да композиторлар бар ғой, неге Шәмші Қалдаяқовты таңдадық дегенге келсек, бала күннен Шәмші әндерімен туған жер, ауылымызды, ата-анамызды сүйдік, есейе келе Шәмші әнімен қыз сүйдік, Шәмшінің бар тақырыптағы әндері бізді жалпы қазақты сүюге шақырды. Сол бала күннен бергі Шәмшіге деген сүйіспеншілік бар, екінші жағынан, менің Шәмші ағамызды студент кезімде көргенім де бар еді. 1963 жылы Шымкентте «Шалқыма» деген ан­самбль құрылып, соған жетекші болып келген. Сол хабарды ести сала, көргенше, кездескенше асықтық. Қалтамызда ақшамыз болмаса да, вагоннан жүк түсіріп ақша тауып, соған ағамызды мейрамханаға шақырған болатынбыз. Міне, сол тұстағы ол кісінің беделі, біздің ол кісіге деген сый-құрметіміз қандай еді! Соның бәрі есімізде, әрі жоғарыда айтқандай жағдай түрткі болды да, кірістік. Бұл 1992 жыл еді. Сене­сіз бе, 245-тей болуы керек, ұмытпасам, соншалық ұсыным түсті қатысушылардан. Бұрын-соңды байқау өткізуден тәжірибе жоқ қой, сондықтан шақыра бергенбіз. Ал же­ме-жемге келгенде, соншама орындау­шы­ның бәрін қалай тыңдаймыз деп басы­мыз қатты. Сосын не де болса бәріне мүм­кіндік берейік деп, үш күндік байқауда қаты­сушыларға бір шумақтан ғана ән орындатуды шештік. Қиындықтың негізгісі сол болды ғой. Бірақ халықтың ықыласы деген керемет болды. Шәмшінің ағайын-туған жұртының бәрі жиналды, ел-жұрт залға сыймайтын болған соң, Шымкенттегі Жұ­мат Шанин атындағы драма театры ал­дын­да ашық далада өткіздік. Байқаудың ұйым­дастырушысы ретінде әділқазылар алқасының төрағалығын маған берсе, құрамында Роза Бағланова, Рахия Қойшы­баева апаларымыз болды. Шын мәніндегі халықтық фестиваль болды, оның себебі Шәмші ағамыздың нағыз халық сүйген композитор, сондай-ақ ел аялайтын азамат болғандығында деп білемін. Фестивальдің дәмі кетіп қалмасын деп оны екі жылда бір өткізіп тұруға шешім қабылдағанбыз. Бірақ сол 1992 жылы мен орнымнан кеттім де, фес­тиваль ұмытылды. Арадан үш жыл өт­кенде Жамбыл облысына келдім ғой қыз­метке, сол кезде Шәмшінің Жамбылда (қа­зіргі Тараз) жеті жыл тұрғанын, Жамбыл қа­ласы­ның Құрметті азаматы  екенін, қа­ла маңында Дунгановка деген жерде қос қабатты үй бастап, соның әлі күнге бітпей тұрғанын білдім, барып көрдім. Сосын арада үш-төрт жыл өткен соң Шәмші фестивалін осы Жамбылда қайта қолға алдым. Оны халықаралық дәрежеге көтеру үшін елшілік арқылы бүкіл қазақ тұратын мемлекеттерге Шәмші ағамыздың әндерін дискіге, мәтінін қағазға жазып жібердік. Со­ның арқасында шетелден 70-ке жуық орын­даушы келіп, тұңғыш рет халық­аралық фестиваль өткіздік. Бұл 1996 жыл еді. Алайда толыққанды халықаралық фестиваль болуы үшін ол да жеткіліксіз, тағы да әділқазылар құрамында кемінде екі адам шетелден болуы керек екен. Ке­лер жылында Полат Бүлбүлоғлы Жамбыл ата­мыздың 150 жылдығына келгенде ке­ліс­кенбіз, сол кісіні, сондай-ақ Қырғыз­стан­­ның мәдениет министрімен келісіп отыр­ғанда, тағы да қызметтен кеттім де, та­ғы да аяқсыз қалды. Солай-солай жүріп жа­тыр ғой бүгінде. Шымкентте өткізіліп тұрады. Алматыда да Қалдыбек бауырымыз жыл сайын Шәмші әндерінен кеш өткізеді. Алайда Шәмші фестивалін бүкілхалықтық ету үшін бұлар да аз, Мәдениет министрлігі тарапынан үлкен қолдау қажет, үнемі назарда ұстайтын нақты бағдарламаға ар­қау ету керек. Әйтеуір, Шәмшіні біреудің ен­шісіне беріп қоюға жол бермеу керек, се­бебі ол көзі тірісінде елдің перзенті, ха­лық­тың композиторы болды, қайтыс бол­ғаннан кейін халқы оны сол дәрежеде дә­ріп­теуге тиіс.

Ибрагим ИСАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Шәмшінің әніне сөз жазу бағы маған бұйырмады
– Мен Шәкеңнің көзін көрдім, ол кісімен  дастарқандас та болдық, әңгімелестік те. Тұмағаңның қарамағында «Жалын» альманахында істеген кезімде Шәкең одаққа анда-санда келіп тұратын. Ол кезде біз жаспыз. Шәкең көзі тірі кезінде үйінде екі рет болдым. Алғаш ақын ретінде атым шығып, бір-жар композиторлардың әндеріне сөз жазып жүрген кезімде Шәкеңмен кездесіп, ол кісінің әндеріне сөз жазғым келетінін айтқанмын. Сол кезде Шәкеңнің маған айтқаны әлі есімде. «Айналайын, Ибрагимжан, менің жасым болса кеп қалды. Өзіммен қатарлас ақындармен біраз жұмыс істедім, әндер жаздық. Бүгінде болашақтарынан үміт күттіретін композиторлар шығып келеді. Сен де өз қатарластарыңмен жұмыс жасайсың» деген еді. Сөйтіп, маған  Шәкеңнің әніне сөз жазу бағы  бұйырмады.  Ал «Ән-аға, Шәмші аға»  әнін алғаш Қалдыбек Құрманәлиев маған алып келгенде «Шәмшіден асырып ән жазу қайда, сондықтан осы әнді ол кісінің өз стиліне салып, вальс ырғағына келтіріп жаз» деп ағалық кеңесімді бердім. Біраз уақыттан кейін Қалдыбек әннің жобасын қайта әзірлеп алып келді. Мен де әнге мәтінді Шәкеңнің әндерін үлгіге ала отырып жаздым. Алғаш бұл әнді белгілі сазгер Бауыржан Тұрғараев өңдеді. Әннің алғашқы орындаушысы әнші-сазгер Қадырғали Көбентаев болды. Кейіннен белгілі әнші Сәкен Қалымовтың орындауында «Ән-аға» халыққа кеңінен танылды. 

Төлеген МҰХАМЕТЖАНОВ, композитор:
Шәмші әндерін отбасымызбен жиі шырқаймыз
– Шәмшінің әндері, жалпы, қазақ әндерінің биік шыңы десек, артық айт­қан­дық болмас. Әр қазақтың жүрегінде Шәм­шінің әндері өзіне тән ерекше сарынымен, тереңдігімен айрықша орын алады.  Мен өзім сазгер болғандықтан, Шәмшінің әнде­рін­дей ән шығарудың жай адамның қолы­нан келмейтінін білемін. Космостағы ән­дер­ді композитор антенна секілді қа­был­дап, оны жүрегінен өткізіп, халыққа бе­р­еді. Ағамыздың жүрегінің тазалығы сон­шалық – оның әндері мәңгілік. Біз отбасымызбен «Арыс жағасында» әнін жиі орындап тұрамыз. Жарым Нұржамал Арыс­тың қызы ғой. Шәмші ағамыздың әндері – сөнбейтін шырақ. Бұл кісі өмірде өзіне ла­йық мәртебелерге, дәрежелерге жетпе­ген шығар, бірақ өмірден өткеннен кейін жыл­дар өткен сайын  Шәмшінің рухани мәр­тебесі биіктей бермек. Шәмшідей, Мұ­қағалидай қазақтың біртуар ұлдары өз кезін­де қоғамнан да, мемлекеттен де өзінің тиісті орнын ала алмаса да, олардың  дары­ны, ұлылығы халқының жүрегінде мәңгі қал­ды. Адамды тірі кезінде бағалай алмау өмір­дің кездейсоқ бір заңы секілді. Әр шы­ғармашылық адамы үшін өмірде қалдырған ізі ешқашан өшпесе, соның өзі үлкен бақыт деп ойлаймын.   

Бетті дайындағандар Р.РАҚЫМҚЫЗЫ, Мәриям ӘБСАТТАР, А.СЕМБАЕВА, А.ИСӘДІЛ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста