Шәкір Әбеновтің емшілік, көріпкелдік қасиеті жайында жұрт не біледі?

Құндыздыға келген адам Шәкір Әбеновтің мұражай-үйіне соқпай кетпейді. 2003 жылы ашылған бұл мұражай қазір Семейдегі Абай мұражай-қорығының филиалы болып саналады. Өз қолымен 1961 жылы салған бұл үйде Шәкір атамыз 1994 жылы дүниеден қайтқанынша тұрған екен. Мұражай-үйді бізге ақынның «көзінің ағы мен қарасындай» болған жалғыз қызы Сана Шәкерқызының өзі аралатып, таныстырып шықты.

Алғашқы өлеңдері «Айқапта» жарық көріпті
- Бұл үйдің іргетасы 1961 жылдың көктемінде қаланған. Менің әкем тек ақындық жолды ғана қуған жоқ, ол «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерлі жігіт болған. Осы үйді өз қолымен тұрғызған, - деп бастады әңгімесін Сана Шәкерқызы. – Негізі әкем қайтпас, қайсар адам еді. Не болса да, ішіне сақтайтын. Бар болса, бармын деп тасымайтын, жоқ болса, жасымайтын. Әкемнің сол мінезі менің де бойымда бар. Осы үйді мұражай етіп, қайта салар кезде «Семей қаласына апарып салайық, үш бөлмелі үйіңді береміз» деп үгіттегендер көп болды. Бірақ, мен «мұражай өзімнің туған жерімде болады» деп бой бермедім. Бәрінен бұрын туған ауылымның абыройын ойладым.
Міне, енді біз сол мұражай-үйді аралап жүрміз.
Мұражайдың кіре берісіне қосыла алмай арманда кеткен қос ғашық Қозы мен Баянның мүсіндері қойылыпты. Бекер қойылған жоқ, әрине. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының соңғы нұсқасын Байкөкше ақынның өз аузынан естіп, жазып алған осы Шәкір атамыз болатын. Ш.Әбеновтің «Қозы Көрпеш және Баян Сұлу» поэмасы 1938 жылы Алматыда жеке кітап болып жарық та көрді. Сана апай мұражайға қойылған Қозы мен Баянның мүсіні туралы да өз ойын бізден жасырмады.
- Баянымыз қазақтан гөрі татардың ба, әлде, ұйғырдың ба қызына көбірек ұқсайды, - дейді ақынның қызы мүсінге көңілі толмай. – Десе де бұл кемшіліктің орны болашақта түзеле жатар деп ойлаймын.
Осы жырға қатысты Шоқан Уәлиханов бастаған көптеген ғалымдардың зерттеу еңбектерінің қойылуы мұражай жәдігерлерінің салмағын одан әрі арттырып, мазмұнын байыта түскендей.
Шәкір Әбенов 1901 жылдың 1 наурызында осы Құндызды топырағында дүниеге келіпті. Жеті жасында ауылдық молдадан мұсылманша білім алған Шәкір кейін Семейдегі Приходская школаға түседі. Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде де білім алады. Жалпы, ғалымдар Шәкір Әбеновтің шығармашылық қызметінің бастауы деп 1916 жылды атайды. Оның да өзіндік себебі бар. Осы жылы «Айқап» журналының бетінде оның алғашқы өлеңдері жарық көріпті.
Жалпы, ақынның қызы айтқандай, Шәкір ақын сан қырлы. Ең алдымен, Шәкір – айтыскер ақын. Ол Жамбыл Жабаев, Нартай, Шашубай, Иса, Нұрхан, Төлеудің суырыпсалмалық өнерінің жалғастырушысы болып табылады.
Шәкір – сазгер. Ақынның қызы Сананың айтуынша, Шәкір атамыз он беске жуық күй мен жиырма шақты әннің авторы. Небәрі жиырмадан асқан шағында жарық дүниемен қош айтысқан қызы Дауаға арнаған әнін Сана апай бізге нақышына келтіре орындап та берді.
Шәкір – зергер. Жары мен қыздарына арнап сақина, білезіктерді де өзі соғатын болыпты. Сонымен қатар, мұражайдағы ақынның қолынан шыққан сандық, нан салатын ыдыс секілді бірқатар бұйымдар да ерекше бір талғаммен жасалған. Сондай-ақ, Шәкір атамыз «Ер қанаты - аттың» бабын жақсы біліп қана қоймай, өзі де жүйрік ат ұстап, аңға шығуды ұнатыпты.
- Шәкір атаңның емшілігі де бар еді. Көтеріліп ауырғандарды, көзі сырқаттанғандарды емдейтін. Адамның үстіне шыққан бөртпелерді де оңай кетіретін. Мұнымен қатар, көріпкелдігі де болды. Қандай да бір оқиғаны күні бұрын біліп қоятын, - дейді қызы Сана. Оның айтуынша, қызы Дауаның өмірден озатынын күнілгері біліп, сезіп жүріпті. Сөйтсе, түрмеде жүргенінде өзінің әкесі түсіне кіріп: «жиырма бір жыл бойына бір алданышты әкелем, жиырма бір жылдан кейін алып кетем» деп аян берген көрінеді.
- Мен мектепті бітіргеннен соң Семейдегі пединституттың тарих факультетіне оқуға бармақшы болдым. Өзім тарихты сұмдық жақсы көретін едім. Сонда әкем маған: «балам, тарихқа барма, бір есімді бір есім жояды, басқа бір есім келеді. Сен өзің қазақ тілі мен әдебиетіне бар» деп ақыл қосты. Содан біраз жыл өткеннен кейін әкемнің айтқаны айдай келді. Кеңес Одағы құлағаннан соң тарих пәнінің мұғалімдері оқушыларға не сабақ берерін білмей дағдарып қалды ғой, - дейді Сана.
Бірақ бір басына осынша өнерді тоғыстырған таланттың өмір жолы да тақтайдай тегіс болмаған екен.
«Мендей жан өлмей, сірә, тыншыға ма,
Жарыдым тыңшыға да, сыншыға да.
Мен өлгенмен, ақындық, сен өлмессің,
Мазамды алып, жанымды шымшылама», – деп жырлаған ақын талай «тар жол, тайғақ кешулерді» де бастан өткеріпті. 1937 жылдары қаншама қазақ зиялыларын қынадай қырған репрессияның зардабын Шәкір ақын да тартып, түрмеге тоғытылады. Лагерьден тек Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары ғана босайды. Отан алдындағы «күнәсін» жуу үшін штраф батальонға алынып, майданға аттанады. Соғыстың соңғы жылы қатты жараланып, туған жерге оралғанымен, көп ұзамай тағы да сталиндік режимнің тұзағына түсіп, Сібірге айдалып кете барады. Содан елге тек алпысыншы жылдардың басында ғана оралған екен.
«Мұхтар Әуезовтің тізесінде отырып, Ғабит Мүсіреповтің мойнына мінген баламын!
- Біз он екі ағайынды болғанбыз. Он бір қыз, бір ұл. Әкемнің бірінші әйелінен 1917 жылы Кенесары деген ұл туған. Ол кезде Кенесары деген ат қоюдың өзі ерлік қой. Одан кейін Орынтай, Сапарғали. Содан кейін менің шешемнен біраз бала болды, бірақ көбісі шетінеп кетті, - дейді Сана Шәкерқызы. Өзінің айтуынша, Шәкір ақын Сананы ерекше жақсы көріпті. Менен кейін ұл болған екен. Екеуімізге қызылша тиіп ауырып жатқанда, шешем ұл баланы пеш жаққа, жылы жерге қарай жатқызып, мені төменге қарай ысыра берсе керек. Соны байқаған әкем «Ұл баланың маған керегі жоқ» деп, мені кеудесіне тығып, жылытып отырады екен. Содан ұл о дүниелік болып кетіпті де, мен аман қалыппын. Жалпы, мен анама онша жуық болған жоқпын, әкеме жақын болдым,- дейді Сана апай күліп. Содан кейін:
- Мен бақытты қызбын. Мұхтар Әуезовтің тізесінде отырып, ойнаған, Сәбит Мұқановтың іргесінде жатқан, Ғабит Мүсіреповтің мойнына мінген баламын. Әкемнің арқасында талай зиялы адамдарды көрдім. Үйге әкеме амандасуға келген қаншама ақын-жазушыларды қабақ шытпай күтіп, шығарып салатынмын. Тіпті, түн ортасында келсе де, орнымнан ренжімей тұрып, ет асатынмын. Жазушы Тұрсын Жұртбаев, ақын Несіпбек Айтов үйде талай қонақ болған. Кейбір ақын жазушылар әкемнің тілін таба алмай қалса, тігісін жатқызып, шығарып салатынмын, - дейді Сана апай.
Негізі Сана апай да ақындықтан қара жаяу емес. Кішкентай кезінде әкесімен айтысқа да түскені бар екен. Содан бір айтысып отырған кезінде, әкесіне сөзі қатты тисе керек, Шәкір ақын: «Қой, балам, сен ақын болмай-ақ қой. Сенің тілің ащы. Тіліңнің ащылығымен жер-дүниені құртасың» деген екен.
Шәкір ақынның сонау отызыншы жылдары біраз уақыт жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып та жұмыс істегені жұртқа аян. Мұражайда сол кезден сыр шертетін де біраз жәдігер сақталыпты.
Біз Сана Шәкерқызынан ақынның өлеңді қалай жазатыны туралы да сұрадық.
- Әкем өлеңді негізінде түнде жазатын. Шабыт қысып, өлең жазғысы келгенде мені оятатын. Түнімен өлең жазып, таңертең жұмысқа кететінмін, - дейді Сана апай.
Ақынға Семейден көше есімі беріле ме?
Шәкір Әбенов - еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА бата берген ақын. Мұражайда ақынның мемлекет басшысына бата берген сәтінен түсірілген фотосуреттер де қойылыпты.
Бұл жайында да Сана апай бізге біраз әңгімелеп берді.
- Бірде Елбасымыз келді деген соң, аудан орталығы Қарауылға бардық. Ол кезде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қылшылдаған жас кезі, көзі өткір, от шашады. Сонымен қатар, мейірімді, кең пейіл, ғұлама жан екен. Бірақ қасына барып, қолын ұстауға бата алмадым. Өйткені, қарапайым ғана қызбын. Сыртынан ғана көріп, тұлғасына сүйсіндік. Президент отырған үйге әкеммен бірге кіріп кетуіме болушы еді. Бірақ қыз балаға тән ибалық қалпымды сақтадым. Біз басқа жерде отырдық. Содан бір кезде әкемнің саңқылдаған даусын естідім. Үлкен кісі қолдап, қолпаштап, тамсанып отырды. Кейін бізді Алматыға шақырды. Президентіміз «Осындай ақсақалды көрдім. Ұлы Абайдың жерінен бата алғым келеді» деген болса керек. Алматыға бару үшін маған ұшаққа отыруға тура келді. Жалпы, мен ұшақ атаулыға мінуден өлердей қорқатынмын. Осының кесірінен талай ғылыми жұмыстан да қалып қойғаным бар. Ал осы жолы еріксіз отыруға мәжбүр болдым. Ұшаққа мінгеннен көзімді жұмып алдым. Түскенде өне бойым терге малшынып кетіпті. Сөйтіп, әкей Президентке бата берді. Жоғарыда ол кісінің көріпкелдігі де бар дедім ғой. Ол кісі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақ елінің Президенті болып ұзақ отыратынын да білді,- дейді.
P.S. Ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде ұстаздық қызмет еткен Сана апай, құдай қаласа, зейнетке де шықпақ. Ойға алған жоспарлары көп. «Мұражайдың алдына әкемнің кеуде мүсінін тұрғызып, айналасына субұрқақтар орнатсам, жан-жағында келген адам демалып отыратын орындықтар болса деп армандаймын» дейді Сана Шәкерқызы. Сондай-ақ, Семей қаласынан Абай ауданына қарай шығатын бір көшеге арқалы ақынның аты берілсе деген де тілегі бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста