Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Халықаралық «Алаш», І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы, алаштанушы:
Шыңғыстаудың шежіре қарттары Қабыш Кәрімқұлов, Жұмакүлбай Базарбаев, Шәкір Әбенов айтатын Абайдың өлеңдері мен кітаптағы өлеңдердің арасында сөздік, образдық, ырғақтық айырмашылықтар бар. Енді оны қағазға түсіру мүмкін емес. Жұмакүлбайдың аузынан «Абай айтты» деген үш-төрт ауыз сөз жазып алғам, кезінде «Білім және еңбекке» шыққан да болатын. Артынан қарасам, Абайдікі емес. Абайға лайықталып жазылған Шәкір қудың өлеңі екен. Шәкір: «Мен кезінде Абай сияқты өлең жаздым. Жұмакүлбай сияқты қуларға таратып жібердім. Артынан қарасам, Абайға түк қабыспайды екен. Оларды қойымды сойып шақырып, «енді сендер бұл өлеңді ұмытыңдар, бұл өлеңді жазған мына – мен» деп көздерінше отқа жақтым» дегені бар. Шалдар ақымақ қылғысы келсе, осындай өлеңдерді айтып беретін. Естігендер «Абайдың өлеңін таптым» деп жазып жүреміз. Абай жайлы мәліметтер жинауға бірінші рет Абайға барғанымда, мені де солай мазақ қылып жіберген. Артынан тіл табысқаннан кейін, Қабыш, Шәкір, Жұмакүлбай сынды шалдар «ойбай, Тұрсын келді, бұған шындығымызды айтамыз» дейтін болды. Абайдың жаңа өлеңін таптым дегендер болса, астарына үңілу керек. Егер Шәкір Әбеновтің бір сөзі байқалып қалар болса, ол Абайдікі емес. Бірақ Шәкір ол өлеңдерін «бір-екі-ақ адам айтып жүр, басқа тірі жан білмейді, оны өзім де ұмыттым. Абайша өлең жазбақ болдым. Бірақ Абай бола алмадым» деген еді. Қалжыңның үстіндегі жайлар кейде шындыққа айналып кетеді. 1975-77 жылдарға дейін Абай ауданына барып, аты аталған қарттардан Абай туралы естелік алғанда, жаңағыдай қалжыңдарға ұшырастым. Бұлай әзілдесуінің себебін сұрағанымда, «Абай туралы болмайтын сұрақтарды қойып, мазаны алатын ақымақ зерттеуші, журналистерге ызамыз келеді» дейтін.